Ұлттық тәрбиедегі ауыз әдебиеті мұрасының маңызы

Қазақ әдебиетінің сонау заманнан бері өсіп өркендеп келе жатқандығына еш дау жоқ. Біздің мәдениетіміздің қайнар бұлағы – әдебиет, яғни әдеби жырлар, халық ауыз әдебиеті, сан алуан өлең жыр-дастандар, ақсақалды қарияларымыздың асыл сөздері, сәнді де сазды төгілген күй термелері және тағы да басқалар. Әрбір ұлт мәдениетінің, әдебиетінің өзіндік өсу, қалыптасу жолы және өзіне тән ерекшеліктері бар. Сол секілді қазақ әдебиеті негізінен діни наным-сенімдермен тығыз байланыста болды. Егер екі-үш ғасыр артқа шегініп сол кездегі жырлар мен әдеби шығармаларда діни терминдер немесе діни тұрғыдағы сөздердің табылмауы мүмкін емес еді.

Халқымыздың әдебиетінің діни сеніммен тығыз байланысы халық болып қалыптасқан кезден кеңестік кезеңге дейін жалғасты. Коммунистік партияның идеологиясы негізінде дінн наным-сенімге шектеулер қойылған соң бұрын осы бағытта жазылған шығармалар теріс пиғылды деп танылып, оқырманнан айыруды қолға алды. Дегенмен кеңес халқы сырттай Құдай жоқ дегенімен, іштей тәубесіне келіп жататын. Тәуелсіз дамуымыздың жиырма төртінші жылын өткеріп отырған шақта халқымыздың ұлттық тұтастығы және мемлекетіміздің іргелі бірлігі негізінде орныққан рухани-мәдени үрдістер болашақ ұрпақ тәрбиесінде насихатталатын құндылықтар жүйесін анықтап алу мәселесін туындатып отыр.

Қазақстанның кең байтақ территориясы мен Еуразия аумағын мекендеген түркі ұлыстары ІХ ғасырдың басында ислам дінін қабылдап, кейін осы аймаққа иелік еткен ұлыстардың ұрпақ жалғастырған халықтары өз дүниетанымында ислам құндылықтарын дәстүрлі бағдар етіп біріктірген. Қазақ халық әдебиеті мен ислам дінінің арасында  ешқандай байланыс жоқ сияқты болып көрінуі мүмкін. Дегенмен олай емес, қазақ ауыз әдебиетіне ислам дінінің, яғни Қасиетті Құран кәрім қиссаларының тигізген әсері өте көп.

Көркем сөз туындылары ауызша шығарылуы және жазып шығарылуы мүмкін. Бірақ, қалай, қай жөнмен шығарылса да ол көркем әдебиетке жатады. Ендеше, ауызша шығарылған әдебиет – фольклор . Қазақ халқының ауыз әдебиетінің туындылары жайында сөз еткенде, ең алдымен, ауыздан ауызға ауысып, жатталып, ұрпақтан – ұрпаққа жетіп келе жатқан тамаша эпостық жырларымызды, ұмытылмас ертегілеріміз, нәзік лирикалы өлең әңгімелерімізді еске аламыз. Сонымен бірге діни тұрғыда, Ислам дінін уағыздап, шариғатты насихаттап, Қасиетті Құран Кәрім негізінде жазылған шығармаларды, дін исламды уағыздайтын жыр-дастандарды, діни туындыларды да еске аламыз.

Басқа халықтар секілді, қазақ халқының да ертеден келе жатқан діни ұғымдары, ескі наным-сенімі болған. Мұндай ұғымдар қазақ арасында ертеде, Шоқанның айтуынша, шамандық дәуірде, көп құдайға сиынған кезде туған . Бертін келе, қазақ арасына Ислам діні және оның шарттары тараған кезде ауыз әдебиетінде діни ұғымдарды көрсететін жаңа шығармалар туды. Мұндай шығармалардан бұрынғыдай жаратылыс құбылыстарынан туған көп құдайлар басты орын алмай, жеке құдай, яғни Ислам дінін таратқан құдай (Алла тағала), жайлы айтылады.

Қазақ фольклоры – жанр жағынан да, түр жағынан бай мұра. Оның ғасырлар бойғы тарихы бар. Ол сонау алғашқы қауымның ыдырау кезеңінде туып, күні бүгінге дейін өмір сүруде. Көне заманнан бері ол жәй ғана өмір сүріп қана қоймай, әрбір қоғамға, өмір шындығына сәйкестеніп, өзгеріп отырды. Қазіргі уақытта халқымыздың ғасырлар бойы сақтап келген мұрасын нағыз ғылыми түрде жан-жақты зерттеуге және оның барлық күрделілігі мен қайшылықтарын ашып алу – актуальді мәселе болып тұр. Фольклорлық мұра екі түрде сақталады. Бірі – шығармаларды ауызша сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыратын халық жады. Екіншісі – қолжазба мен кітап және осы күнгі жазып алып, содан соң қайта тарататын әр түрлі техникалық құралдар.

Фольклорлық жазбалардың маңызы ең алдымен ұмытылған, яки ұмыт бола бастаған халықтың ауызекі шығармаларын мәңгілік сақтауында. Тек осы жазбаларды жинау мен бастырудың арқасында ғана қай халықтың фольклоры болса да бүкіл халықтық мәдениеттің бір бөлігіне айналады, ал ең жақсы үлгілері дүниежүзі мәдениетінің қазынасына енеді . Ерекше айта кететін жәйт, ұмытылған немесе ұмытыла бастаған мұралардың бірі ол діни кітаптарда, Қасиетті Құран кітаптарындағы діни қиссалар. Қазақ жеріне жетіп келген көптеген қазақ дастандары негізін сол Қасиетті Құраннан алынған.

Қазақ даласына ислам діні келгенге  дейін де ата-бабаларымыз, яғни көнедегі түркілердің діни дүниетанымы монотейстік (бірқұдайлық) бағытта болды. Тәңір ұғымы сонау Күлтегін жырынан (684-731) бастау алады. «Биікте көк тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, Екеуінің ортасында адам баласы жаралған» деген жолдар түркілердің бір Аллаға сыйынғандығын білдіреді. Ислам дінінің келуімен Аллаға құлшылық ететін мешіттермен қатар бала оқытатын медреселер салына бастады. Одан сауат ашқан шәкірттер арасынан кейіннен елге танымал болған атақты сопы, имам, ишан, ахун, сонымен қатар елге белгілі ақын, шайыр, жырау-термешілер көптеп шықты.

Олар Алланың сөзі – Құран мен пайғамбар хадистерін, шариғаттың амалдарын жырға қосып, халықтың жүрегіне көркем сөзбен жеткізе білді. Мысал келтірсек, Қарахан дәуірінде  өмір сүрген Жүсіп Баласағұн (ХІ ғасыр) 6520 жолдан тұратын «Құтты білік» атты еңбегін: «Алла атымен бастадым сөз әлібін, Жарылқаған жаратқан бір тәңірім», – деп бастайды. Сол кезеңнің ойшыл кемеңгері Махмуд Қашқари болса, өзінің «Диуани-лұғат-ат-Түрк» атты еңбегін: 

«Иә, Алла, көп мінәжат етем саған,
Рахметіңді үміт етіп мен аңсағам.
Дәріптеуге өзіңді тіл жете ме,
Тіл өнерін төгейін, жар бол маған.
Ұшқан құс, жүгірген аң барлығы да,
Паш етер сені «бар» деп жөн бар соған!» – деп бастаған. Тағы бір мысал, Шал ақын (Тілеуке Құлекеұлы) өзінің көптеген жырында тыңдаушысын қанағат пен ынсапқа шақырып, ашкөз болудан сақтандырады:

«Нәпсің бір көкжал бөрідей,
Иманың болған қозыдай.
Егер тыю салмасаң,
Иманыңды жеп кетер». Ал,  Ақтамберді жырау өзінің бір толғауында мұсылман баласы үшін ата-ананы құрметтеу міндеті қасиетті Меккеге бару парызынан да жоғары деп біледі.

«Меккені іздеп нетесің,
Меккеге қашан жетесің,
Әзір Мекке алдыңда –
Ақ пейілмен сыйласаң,
Атаң менен анаңды. Сонымен қатар,шариғатта әрбір ізгі амалды «Бисмилла Рахман Рахим» деп бастаудың сауапты іс екенін Майлықожа Сұлтанқожаұлы бабамыз: Сөздің басы – бісміллә,
Бәсмілләсіз іс қылма.
Мүлік иесі – бір Құдай,
Дүнияның пәнда ышқынында», – деп шебер баяндаған. Бұқар жырау Қалқаманұлы (1668-1781 ж.ж.) ғұмырлық тілек өсиеттер мен ғибадатты қосып былай толғаған:

«Бірінші тілек тілеңіз,
Бір Аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз,
Бір шұғыл пасық залымның,
Тіліне еріп азбасқа.
Үшінші тілек тілеңіз,
Үшкілсіз көйлек кимеске.
Төртінші тілек тілеңіз,
Төрде төсек тартып жатпасқа.

Бесінші тілек тілеңіз,
Бес уақытта бес намаз,
Біреуі қаза қалмасқа» – дейді.
Қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин де: «Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық!» – деп қазақ балаларын білімге шақырған еді. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының да имандылыққа шақырған өсиет өлеңдері ұшан-теңіз.
«Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде бұдан басқа?» – деп көкірегінде сәулесі бар жанға ой тастайды.

Тіпті,  кешегі қылышынан қан тамған, «Құдай жоқ, дін – апиын» деп ұрандатқан  кеңестік дәуірде де Мұқағали атамыз:
Дін – ғылымның атасы,
Ғылым – діннің баласы.
Қол қусырып Құдайға,
Ғылым мен дінге бірге бар» – деп жасқанбай айтып кеткен. Тілі ұқсас – тілегі бір, жүзі ұқсас – жүрегі бір Орта Азия, Қазақстанның ақын, шайырлары кей-кейде бірінің тілінде бірі сөйлеп кете берген. Олар туған халқының замандар мен дәуірлер бойындағы тәжірибесін, білім қорын біріктіріп, оны өзінің ой-қиялымен ұштастырып, ұшан-теңіз түйіндеулер мен баламаларды шебер қолданып отырған.

Өйткені ақын-жыраулардың өскен ортасы, үлгі-өнеге алатын мектебі біреу. Ол – халық мұрасы. Мұндай ақын жыраулар Шығыс ақындарының ізімен (кейде толық сюжеттерін, кейде жеке эпизодтарын алып) жаңа дастан, хикая шерткен. Діни дастандар біздің рухани мұрамыз. Біздің халқымыз түркі тілдес халықтарға жатады. Тыныс тіршілігімізде бір болғандықтан әдебиет, тарихымыз да бірге өркендеген. Біз тіліміз бір-біріне жақын, дініміз бір халықтармыз. Ұстанған дініміз – Ислам. Дініміз Ислам болғандықтан әдебиет тарихымызда ислам дәуірі ерекше орын алады. Елімізге Ислам діні келуімен бірге араб әдебиеті де келді. Осыдан барып біздің әдебиет пен араб әдебиеті бірге өркендеп, дами түсті.

Ислам келген заманнан бірнеше ғасыр аттап Орта ғасырға келсекте араб әдебиетімен байланыспаған шығарма кездестіру кем де кем. Орта ғасырда өткен жырауларда өз жырларында діни стильден алшақтап кетпеді. Араб әдебиетімен байланыстыра жазылған шығармалар, жыр, дастандар 20 ғасырға дейін жалғасып кслді. Тек 20 ғасырдың басында Кеңес өкіметі орнаған соң тоқтады. Кеңес өкіметіне дейін көптеген діни, шығыс, араб үлгісіндегі өлендер жазылды. Алдыңғы қатарда атап өткен Жүсіп Баласағұн, Махмуд Қашқари, Шал ақын,  Майлықожа, Ақтамберді жырау,  Бұқар жыраудың  шығармалары араб әдебиетімен байланыстырыла жазылған.

Рита ИСКАКОВА,
Қазалы аграрлы техникалық колледжінің
оқытушысы, Қызылорда облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий