Тәуелсіздікке 30 жыл: 30 есім, 30 тарихи дерек: Педагог. Ғалым. Академик.
Қараев Жауымбай – танымал ұстаз, әмбебап ғалым, физика-математика ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық педагогикалық білім беру ғылымдары академиясының академигі биыл асқаралы 65 жасқа толып отыр. Жауымбай Амантұрлыұлы 1978 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтын «математика мұғалімі» мамандығы бойынша үздік бітіріп, алғашқы еңбек жолын осы жоғары оқу орнының математикалық анализ кафедрасының оқытушысы қызметінен бастады.
1980 жылы жас маман педагогтық қызметін ғылыми ізденіспен ұштастыру арқылы Ұлттық ғылым академиясының математика және механика институтында ғылыми зерттеушілікпен айналысады. 1982 жылы аспирантураға түсіп, 1985 жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шыққан болатын. 1985 жылдан Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық институтының геометрия және есептеу математикасы кафедрасында оқытушылық қызметін одан әрі жалғастырған ол ғылыми-әдістемелік бағытқа басымдық берді.
Ы.Алтынсарин атындағы педагогика ғылымдарының ғылыми-зерттеу институтының ннформатиканы оқыту әдістемесі зертханасының меңгерушлігіне тағайындалып, 1989 жылдан қазақтың тұңғыш ағартушы ғалымы атындағы осы орталық директорының ғылым жөніндегі орынбасарлығына жоғарлатылды. 1992-1998 жылдар аралығында Алматы қаласындағы педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институтының директоры қызметін атқару жауапкершілігі жүктелді.
Ол ғылыми-педагогикалық және оқу-әдістемелік қызметтерді абыроймен атқара жүріп, мектеп мұғалімдерінің әдістемелік тұрғыдағы маңызды мәселелерін оңтайлы реттеуге белсене араласты. КСРО педагогикалық ғылымдар академиясының ғалымдарымен тізе қосып оқу процесін технологияландыру жұмыстарымен айналысады. Негізгі мақсат оқушылардың оқу әрекетін белсенділендіру, танымдық әрекетті ұйымдастыру, шығармашылықты дамыту арқылы сапалы білім алуын қамтамасыз етуге бағытталған еді.
Осы орайда процесінде компьютерлік технологияларды пайдаланудың мүмкіндіктерін зерттейді. Сонымен бірге, жоғары математикалық ойлау қабілетінің арқасында математикалық құрылымдау негізіндегі оқу процесін технологизациялаудың жолдарын қарастырады. Жауымбай Амантұрлыұлы тынымсыз ғылыми ізденісінің нәтижесінде 1995 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің докторлық диссертациялық кеңесінде «Оқытудың компьютерлік технологиясын пайдалану жағдайында оқушылардың таным белсенділігін арттыру» тақырыбында педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі үшін докторлық диссертацияны қорғап шықты.
Кейіпкеріммен оңтүстік астанадағы педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институтының директоры қызметінде жүргенде таныстым. Ол бірнеше жыл бұрын жабылып қалған іргелі ұжымды қайта қалпына келтіруімен көпшіліктің есінде қалары даусыз. Ол кезде мен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі едім. Сол жылдары педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институтында кафедра меңгерушісі, студент кезімдегі ұстазым профессор Нажман Разақұлы Күнқожаев мені Жауымбай Амантұрлыұлымен жүздестіргенін еш ұмтытпаймын.
Базалық біліміміз де (математика), ғылыми бағытымыз да (педагогика теориясы, дидактика) бір, жасымыз да қатар болғандықтан талқылайтын ортақ тақырыбымыз көп еді. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде мемлекеттің қолдауы бойынша ең алдымен бастауыш мектебіміздің төл оқулықтары жарыққа шықты. Әрі барлық оқу үдерісі осы ұлттық ұстанымның негізінде қайта жаңартылған сол оқулықтарға сай ұйымдастырылады.
Алматы қаласында сол жылдары 180-нен аса мектеп бар болатын. Басты міндет бастауыш сынып мұғалімдерін жаңа оқулықтардың тұжырымдамалық негіздерімен, әдістемелік ерекшеліктерімен, оқу материалының берілу мақсаттарымен, міндеттерімен таныстыру болды. Жауымбай Амантұрлыұлының жеке беделінің арқасында бұл жұмыстар қарқын алып, барлық төл оқулықтарымыздың авторлары ортақ мақсат жолында жұмыла білді. Бірінші сыныптан 4-сыныпқа дейін төрт жыл қатарынан барлық бастауыш сыныптың мұғалімдері әрбір автордың арнайы курсынаа қатысып, біліктіліктерін жетілдірді.
1992-1998 жылдар аралығында миллион тұрғыны бар тұңғыш мегаполистің мектептеріне өте мықты, тәжірибесі мол әрі жоғары деңгейдегі директорлар жетекшілік жасады. Қазақстанның Еңбек Ері Миразова Аягүл Төреқызы Миразова, Назарбетов Қожахмет Тайболатұлы, Квач Николай Дмитриевич, Савиных Владимир Владимирович, Оразалиева Раушан Дүйсебайқызы және тағы да басқа танымал тұлғалар қажырлы қызметтерімен биік белестерді бағындыра білді.
Отандық білім мен ғылым саласының ілгері дамуына сүбелі үлес қосқан нағыз майталман мамандар үздіксіз қозғалыстағы және заман талабына сай өзгерістермен толықтырылатын осы жүйенің маңызды мәселелерінен шет қалған емес. Олардың көбі құрметті еңбек демалысына шықса да ақылшы аға буын өкілдері ретінде түрлі тақырыптарда пайымды пікірін білдіріп, ойларын ортаға салу үшін замандастарымен жиі хабарласып тұрады. Жауымбай Амантұрлыұлы 1998 жылдан кейін қайтадан ғылыми-әдістемелік жұмысқа белсене араласып, Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының бірінші вице-президенті, орта және кәсіптік білім беру институтының директоры қызметтерін абыроймен адал атқарған жігерлі жан.
Осы кездері ұлттық орта білім беру жүйесінің іргетасы қаланып, алғашқы мемлекеттік стандарттарына қоса он екі жылдық білім беруге көшудің тұңғыш тұжырымдамасы мақұлданған еді. Ең алдымен ҚР орта білім беру мемлекеттік стандартының ережесі, жалпы білім беретін мектептерін дамытудың тұжырымдамасы, жалпы орта білім беру мазмұнының тұжырымдамасы, жалпы білім беретін мектептерінің базистік оқу жоспары сияқты маңызды құжаттар дайындалды. Ол осы құжаттарды мемлекеттік мүдде мен ұлттық ұстаным тұрғысында әзірлеудің басы-қасында жүріп, білімі мен біліктілігінің биіктігін тағы бір мәрте байқатты.
Келесі кезектегі үлкен міндет осы ресми құжаттардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету болатын. Бұл жауапкершіліктің жүгін де арқалауды азаматтық парызы санаған ол 1999 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім беру комитеті төрағасының орынбасары, жалпы орта және бастауыш кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары, кейін департамент директоры қызметтерін атқарған жылдарында қомақты үлес қосқаны даусыз. Жауымбай Қараев 2003 жыл Қазақ қыздар педагогикалық институтының оқу ісі жөніндегі проректорлығына тағайындалып, 2007 – 2012 жылдар аралығында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, «Нұр-Отан» партиясының Маңғыстау филиалы төрағасының бірінші орынбасары лауазымдарында тәуелсіз еліміздің өркендеуі жолында жеке қолтаңбасын қалдырды.
Бұл қызметтері туған өңіріне, ата-бабаның әруағына тағзым етіп, тер төккен перзенттік парызы іспеттес болды. Мұнайлы өңірдің сол кездегі әкімі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт жанашыры Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың күрделі әлеуметтік сала бойынша орынбасарлық қызметті Жауымбай Амантұрлыұлына тапсыруы ғибратты ғұмырындағы биік бір белесі әрі абыройлы кезең болды. 2012 жылы ол Қазақстан Республикасындағы Білім және ғылым министрінің кеңесшісі ретінде еліміздегі педагог қызметкерлердің білімін жетілдіру және біліктілігін арттыру жүйесін қайта құру ісіне белсене араласты.
Себебі өңірлердегі мұғалімдер білімін жетілдіру институттарының жағдайы қиын еді. Кейбір аймақтың басшылары бұл орталықтардың атауларын өзгертіп, жұмыс бағыттарын да әркелкілендіріп жіберген еді. Жауымбай Амантұрлыұлының ұсынысымен өңірлердегі мұғалімдер білімін жетілдіру институттарын жергілікті атқару органының басқаруынан алып тікелей министрлікке қарайтын «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығы» акционерлік қоғамын құру арқылы барлық облыстардағы филиалдарды ортақ мақсатқа үйлестіретін біртұтас құрылымға айналдырды.
«Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығы» Басқарма төрағасының бірінші орынбасарлығын он жылға жуық атқарған ол жаңа құрылымның жүйелі жұмысын тұжырымдамалық, бағдарламалық, ғылыми-әдістемелік, оқу-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етуге ерен еңбек сіңіргенімен отандық педагогика саласы мамандарына есімі белгілі. Қараев Жауымбай бүгінгі таңда Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы президентінің кеңесшісі, Ғалымдар кеңесінің мүшесі. Ол білім беру жүйесінің түрлі деңгейінде басқару қызметтерінде жүрсе де ғылыми-шығармашылық жұмысын өнімді жүргізіп келеді.
Қазіргі кезде танымал ғалымның қаламынан 4 ғылыми монография, екі оқулық, 5 оқу-әдістемелік құрал, үш жүзден астам ғылыми мақала жарық көрді. Сонымен бірге кемел кейіпкеріміз «Орта мектепте білім беруді деңгейлік саралаудың педагогикалық технологиясына» зияткерлік меншік объектісін мемлекеттік тіркеу туралы куәлігінің иесі. Жауымбай Амантұрлыұлы бүгінге дейін еліміздің білім саласының дамуына сіңірген еңбегенен алдағы уақытта қосатын үлес көп боларына сенетіндіктен мықты денсаулық пен игі жақсылықтар тілейміз!
Әкімжан Әбдіхалықұлы САЙЛЫБАЕВ,
Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім
академиясының қызметкері, педагогика
ғылымдарының кандидаты