Абайтанудан адамтануға

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ел Үкіметінің биыл ұйымдастырылған кезекті отырысындағы (11. 03. 2021 ж) баяндамасында «…2025 жылға қарай инновациялық бағдарламалардың үлесі 20% құрайды. Жоғары білім беру тиімділігінің көрсеткіштерінің бірі дүниежүзілік рейтингтердегі өкілдігі болып табылады. 2025 жылға қарай QS WUR рейтингіне кіретін қазақстандық жоғары оқу орындарының саны 15-ке дейін артады. 2025 жылға қарай республика аумағында бес жетекші шетелдік жоғары оқу орнының кампустарын ашу жоспарлануда. Жалпы алғанда, бұл дарынды жастардың елден кетуін қысқартуға мүмкіндік береді. Студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету үшін 2020 жылы 20 мың орындық 75 жатақхана пайдалануға берілді. 2025 жылға қарай кемінде 50 мың жаңа орын пайдалануға беріледі. Жоғары білім алуға қолжетімділікті кеңейту үшін 2025 жылға дейін гранттар саны 50%-ға артады. Кадрлар даярлауға арналған гранттар тек сұранысқа ие бағыттарға ғана бөлінетін болады. Гранттардың әртүрлі түрлері енгізіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы оқу жылында стипендиялар мөлшері студенттер үшін 25%-ға, докторанттарға 83%-ға ұлғайтылды.  «Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша инновациялар мен серпінді технологияларды дамыту, озық ғылыми-зерттеу орталықтарын қалыптастыру үшін өсу нүктелері болатын 2 озық жоғары оқу орны құрылатын болады. Біз бұл жұмысты Петропавл және Шымкент қалаларында бастадық», – деген болатын. 

Сондай-ақ еліміздің бәсекеге барынша қабілетті жиырма жоғары оқу орнының базасында «академиялық артықшылық» орталықтары құрылатын болады. Бұл мақсатқа 80 млрд теңге көзделген. Критерийлер бойынша 15 мықты өңірлік жоғары оқу орны және 5 мықты педагогикалық жоғары оқу орны іріктеледі.  Білім беру сапасын жақсарту жөніндегі шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай:  3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100% қамту; 3 ауысымды оқытуды жою;  PISA халықаралық зерттеуінде 15 жастағы оқушылардың нәтижелерін 40 баллға жақсарту;  15 ЖОО-ның QS рейтингіне енуі, – деген болатын министр. 

Бұл айтылған жоспардың орындалуына негіз бар. Өйтпесе қоғам қатыгезденіп барады. Мұны Батыс тәжірибесінен көріп отырмыз. Мейірім, шапхат азайып, материалдық байлық алдыңғы сапқа шығып, бәйге алуда. Мұны тоқтатудың немесе азайтудың бір ғана жолы бар. Ол күш – ішкі және сыртқы бес сезімді қатар ұстауды ұрпақ бойына сіңіру. Мұны хакім Абай айтудай-ақ айтып кеткен. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек. Аса қамқор, ерекше мейірімді Хақ Тағаламыз адам баласын жаратқанда ақыл мен қайратты бәріне бірдей етіп береді екен. Ал уақыт өте, есейе келе адамдар өзгере бастайды. Неге?

Мұны әлем ойшылдарының бәрі әлі күнге  іздеумен келеді. Түйін – рухани азғындықтың басы қарынның тоқтығынан шығады. «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» (Абай). Былтыр қазақтың ұлы ойшылы, ақын, қазақ әдебиетінде «толық адам» ілімін қалыптастырған  Абай Құнанбайұлына 175 жыл толса, биыл Жамбыл Жабайұлының 175 жылдық мерейтойлары атап өтілуде. Унивеоситетімізде осыған байланысты қыруар жұмыстар атқарылды. Қазіргі таңдағы М.О.Әуезов атындағы ОҚУ «Абайтану» ғылыми орталығы ғалымдарының ізденісі қатты көңіл қуантып отыр.

Абайдың әдеби кітапханасы деген мәселені алғаш көтерген, Абайтанудың негізін қалаған Мұхтар Әуезовтің атап көрсеткен «… Абайдың нәр алған үш бұлағы бар. Олар: ұлттық әдеби мұралар (фольклор), Шығыс әдебиетінен енген жәдігерлер, орыс әдебиеті арқылы енген Батыс әдебиетінің мұралары» деген тезистік ойындағы айтқан пікіріне көп ғалымдар да, жазушылар да кезінде түсіне алмады. Не түсінгісі келемеді, патшалы Ресейдің қолмен енгізген,  кеңестік жүйенің әрі қарай тереңдетіп жүргізген құлдық санасынан шыға алмады. Себебі ұлттың рухын көтеретін бұл ой шовинистік, еуроцентристік идеологиямен ұланған ұрпақтың санасына жетпеді. Әлі де жетті деп айту қиындау.

Шындығында Абайды әлемге танытатан ақын мұраларының құнары Шығыстан енгендігін түсінген ғалымдар некен-саяқ. Соның бірегейі – профессор Мекемтас Мырзахметұлы. Мұны ашық мойындайтын кез келді. Дәлел: Оңтүстік Қазақстан университетінде профессор Мекемтас Мырзахметұлы бастаған абайтанушылар еңбектері жарқырап көріне бастады. Білікті ғалым М.Мырзахметұлының «Толық адам ілімі» монографиясы, әрқайсысы 340 беттен тұратын он томдық шығармалар жинағы, доцент Сейдалы Оразалиевтің үш томдық «Абай мұраларына енген шет сөздер» монографиясы,доцент Мақсат Әліпханның «Абайдың адамгершілік ілімі және Хакім Абай» монографиясы, біздің тарапымыздан жарық көрген «Қоқан басқыншылығы дәуіріндегі қазақ әдебиеті» монографиямыз бен «Нұралы ақын» оқу құралымыз, магистр Құралбек Ергөбектің Абайдың «Кітап тасдих» (Аллаға сенімді бекіту кітабының) жеке-жеке 1905, 1907, 1910 жылғы басылымдарын тәржімалап, транскрипциясын жасап, салыстыра отырып, қалың көпшілікке ұсынды.

Мұның барлығы «Абайтану» пәнін оқытуға негізделген. Орталықта тек 2020 жылы 20 кітап, 28 мақала дайындалды. Осының бәрі имандылық пен әділеттің негізделуін, инсанияттың кәмалаттығын түсіндіру бағытындағы ақын ойының тереңдігі адамның ішкі және сыртқы сезімдерінің қалыптасуын (тән мен жанның тазалығы, ата-ана тәрбиесі, ортасы мен жақсы ұстаздан білім алуы), аспан мен жердегі тіршілік иелерінің сана өзгерістерінің қалыптасуы һәм өзгеруінің сырларын толғауы – ойшыл ақынның ғұламалық сипатын түсінуінен туған ой көрінісі. Абайдың ішкі және сыртқы бес сезім (иманигүл) қасиетін тарата талдау арқылы оқырманға және жыл сайын дәріс тыңдайтын екі мыңнан астам студенттердің жүрегіне құя білу біздің ғалымдарымыздың аса ыждаһатты дайындығымен бірге қажырлы еңбегінің жемісі.

Осы талаптарды тереңінен түсінген «Абайтану» ғылыми орталығы ғалымдарының бір жылда атқарған осы еңбектері абайтанудағы ғылыми ізденістің жаңаша сипат алғандығын көрсетеді. Кезінде Мұхтар Әуезовтің айтып кеткен «Абай шығармаларына енген мұралардың Батысынан гөрі Шығысы басымырақ…» деген тезистік ойын түкпірлей түсінген профессор Мекемтас Мырзахметұлының ойын жалғастырып әкеткен шәкірттерінің ізденісі. Орталықтың бекіткен ғылыми тақырыбы Абайдың «толық адам» ілімін тарата талдауы деп қарағанымыз жөн. Міне осы бағытты негізге ала отырып, біздер оқытудың жүйесін жасағанда мына мәселелерді ерекше ескереміз. Абай Құнанбайұлы – қазақтың жазба әдебиеті мен мәдениетінің негізін қалаған ұлы ғұлама. «Абайтану» пәнін оқыту мен зерттеу мәселесінде екі түрлі мәселеге қатты назар аударамыз.

Бірінші, «Абайтану» пәнін 1942 жылы ғылымға ендіріп, оқытуды бастаған Мұхтар Әуезов болатын. «Абайтану» тақырыбында М.Әуезовтен кейін қалам сілтеген ғалымдар, жазушылар көп болды. Күнделікті адам баласының рухани қажеттілігіне аса қажет, әлі күнге созылып келе жатқан өте қызық, өнікті әрі керек тақырып. Сол себепті қазір барлық салада Абайтану пәнін оқыту басталып кетті. Мектептен бастап, колледж, жоғары оқу орындарында оқытылып келеді. Тек бағдарламалық жүйені қатаң сақтау қажет. Екіншіден, қалай оқыту керек деген мәселе. Осы күнге дейінгі оқытылған бағдарлама кешегі кеңестік жүйе қалыптастырған бағытта болды. Мәселен Абайдың нәр алған негізгі арнасы Еуропа және Орыс әдебиеті деген таным сүйретіліп әлі жүр.

Абайдың орыс әдеиетімен, батыс әдебиетімен таныс болғаны да рас. Бірақ бұл бағыт Абайтанудың негізгі бағытын айқындап бере алмайды. Қазір сең бұзылды. Өйткені ғалым Мекемтас Мырзахметұлы негіздеп жүрген Абайдың «Толық адам ілімі» ғылыми тұрғыда дәлелденді. Бұл еңбек биыл «Қазығұрт» баспасынан жарық көрді. Қазіргі студенттер де, ғалымдар мен ізденушілер де осы еңбек аясында оқытылып келеді. Монографияның тұсаукесерін өзі өткізген М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры Дария Пернешқызы «болашақ мамандарымызды рухани жетілдірудің негізгі кілті» деп атап көрсеткен еңбекке республиканың белді ғалымдары Ж.Дәдебайұлы, Т.Тебегенов және тағы да басқалар жоғары баға берді.

Еңбекті ЖОО студенттері мен ізденушілері, докторанттар мен ғылым сүйер қауым пайдалануда. Бұл бағыт еліміздің жоғары оқу орындарында жоқ, тек біздің ОҚУ да ғана бар. Мұны біз ерекше мақтанышпен айтуымыз керек. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауында көтерілген мәселелер жаңа ғасырда білім беру, гуманитарлық ғылым саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық ғылым саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулерге негізделген. Жыл сайын республика бюджетінен арнаулы гранттар бөлініп отыр. Бір өкініштісі, жарияланымы жоғары басылым делінетін шетелдік басылымдарда жариялануы тиіс мақалаларды неге республикада ЖАК та тіркелген басылымдарға ауыстырмасқа?

Орталықтың назар аударып отырған тағы бір бағыты – Абайдың басқа өңірлердегі зиялы, оқымысты қауымына әсер ететін тақырыбының өзектісі – Оңтүстік өлкесінен шыққан ХІХ-ХХ ғасырлардағы ақын-жыраулардың мәдени-әдеби мұралары дер едік. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың енгізген «Мәдени мұра» жобасы қаншама көмулі жатқан мәдени-әдеби мұраларымыздың ашылуына себеп болды. Әлі күнге осы бағыттағы іздестіру, жинастыру жұмыстары толассыз жүргізіліп келеді.

Соның нәтижесінде «Қазыналы Оңтүстік» көптомдығының 311 томы жарияланып, кітапханаларға таратылды. Бір ғана біздің тарапымыздан жүргізілген зерттеулер нәтижесінде әлі күнге белгісіз А.Иасауи мен Майлықожа ақынның шәкірттерінің мұралары (4 том), Сүйіндік Тілегенұлы, Италмас Түңғатарұы, Шәді Жәңгірұлы (Әмір Әмзе дастаны (6 том), Жылқыбай Байшопанұлы, Майкөт Сандыбайұлы, Жүсіпбек Шайхисламұлы, Дәулет Сарыұлы, Қалыбай Мәмбетұлы, молда Бекеш, Күлшат Бейбітқызы, Мәди Меркішұлы, Сауытбек Ұсаұлы, Қозы Оспанұлы, Тұрлыбек Сұлтанбекұлы, Ө.Қалыбаев, Т.Айнабеков  сынды 19 ақынның шығармашылық қызметі анықталып, мұралары жарық көрді.

Ұсақ-түйек еңбектері қалған 11 ақынның да өмірбаяны мен шығармаларын іздеу бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. «Арнаулар, толғаулар, Тарихи жырлардың» да 4 томы жарық көрді. Ұзақ уақыттан бері зерттеусіз қалып келе жатқан «Абайтану – соңғы таным аясында» және «Қазығұрт-Қаратау аймақтық әдебиет мектебі» өкілдерінің еңбектерін жинау, жариялау – кезек күттірмес мақсат деп санаймыз.

Саттар Досалыұлы ӨМІРЗАҚОВ,
М.Әуезов атындағы ОҚУ “Абайтану”
ғылыми орталығының басшысы, ф.ғ.ғ.,
доцент, ҚР Журналистер одағының мүшесі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий