Біліктілік биіктерге бастайды

Жетекші мектеп мамандардың бір орында қалып қоймай білімін тереңдетіп, жетілдіретін және кәсіби дамуына ықпал ететін қызметті жүзеге асырады. Негізгі идеясы – серіктес мектептерге әдістемелік қолдау көрсету. Бастапқыда серіктес мектептерге қандай бағытта қолдау көрсете аламыз? Арадағы ынтымақтастықтан неге қол жеткіземіз? Оларға жетекші мектеп ретінде көшбасшылық функцияларды жүзеге асыруға біздің білім мен біліктілігіміз, тәжірибеміз жете ме? Міне, осы сұрақтар төңірегінде мектеп көшбасшылары арасында талқылап, біраз толғандық.

Серіктес мектептерден деректер жиналып, оларды талдай келе әр мектептің желілік қоғамдастық аясында жүргізілетін жұмыстарының ортақ басымдығы анықталды. Жаңартылған білім беруде пәндерді қалай тиімді оқытамыз, табысқа жету жолдары қандай? Сабақты зерттеу арқылы мұғалімнің кәсіби деңгейін дамытуды мақсат еттік. Серіктес мектеп тренерлері кездесу, дөңгелек үстел, брифингке қатысып, өз ойларымен бөлісіп, мектептерінде бөлінген көшбасшылықты іске асыру үшін мәліметтермен танысып, жоспарлы түрде іске асыруға бағыт алды.

Ортақ анықталған басымдықтың бірі сабақты зерттеу арқылы мұғалімнің кәсіби деңгейін дамыту болды. Серіктес мектептермен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды, кедергілер мен мүмкіндіктер (сауалнамалар, сұхбат) анықталды: жаңартылған білім мазмұны бойынша сабақты тиімді жоспарламауы, үлгерімі төмен оқушылармен жұмыс жүргізу қиындықтары, тиімді әдіс-тәсілдерді таңдай алмауы. Кедергіден шығу жолдарын қарастыра келе, мектеп тренерлері «Мұғалім тәжірибесіндегі зерттеулер» мектепішілік кәсіби даму курсын өткізіп, пән мұғалімдері қатысып, белгіленген сыныптар бойынша зерттеу сабақтарын өткізуде бағыт-бағдар алды.

Серіктес мектеп модераторлары зерттеу сабақтарын қалай сапалы жүргізуге болатыны, ай сайын, әр циклде қандай деректер жинау, нәтижені талдау, алдыңғы іс-шараларды жоспарлау жолдарымен танысты. Бұл орайда алдымен, өз мектебімізде қолға алып, нәтижеге жетіп барып, серіктес мектептермен тәжірибе алмасуды көздедік. Мұғалімдер зерттеу сабақтарын өткізу үдерісінде бір-бірімен ақылдасып, тәжірибе алмасып, сабақ жоспарын құрып, талдау барысында көптеген нәтижеге қол жеткізіп келеді.

Зерттеу сабақтары барысында көз жеткізгеніміз, жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, оқушылардың сабаққа деген белсенділігін арттыруға, өз-өзіне деген сенімін арттыруға болады. Бала жанына тереңірек үңілген сайын, оны жаңа қырынан тани түсесің. Оқушылардың тапсырмаларды жарыса орындауы, әр сабақтан жаңалық күтуі мұғалімге де үлкен жауапкершілік жүктейді. Осындай зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы оқушылардың сабаққа деген көзқарасын өзгертіп, белсенділігін арттыруға болатынын түсіндік.

Біздің жетекші мектеп атанып, үлкен жауапкершілік арқалағанымызға биыл екінші оқу жылы болмақ. Облыстық жетекші мектептер арасында өткізілген «Үздік жетекші мектеп» байқауынан екінші орын алуымыз және екі жыл қатарынан ауданда «Үздік орта мектеп» болуымыз жалпы жұмысымыздың дұрыс бағытта келе жатқаны деп білеміз. Алайда атаның баласы емес, адамның баласы болатын өскелелең ұрпақ тәрбиелеуде мұғалімдеріміздің әлі де дамып, өзге де әріптестерінен үйренері баршылық.

Жанар Асылбекқызы БАЙНАЗАРОВА,
№ 3 жалпы білім беру орта мектебінің директоры,
Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий