Еуразия ұлттық университеті – бірегей білім ордасы

Қашанда тындырымды істер мен тиянақты нәтижелерді басты мақсат етіп ұстаған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұжымы 2021 жылды табысты қарсы алды. Өткен жыл еңселі оқу ордамыз үшін жоғары жетістіктерге қол жеткізген ұйымшыл ұжымның ғылыми ізденістері мен сапалы мамандар дайындаудағы қарқынды еңбек күндеріне толы, берекелі жыл болды: үлкен сындардан өттік, сапалы білім – саналы тәрбие беруде ғалымдарымыз биік белестерден көріне білді.

ҚР Парламент Мəжілісінің депутаты, ЕҰУ профессоры Сауытбек Абдрахманов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, ЕҰУ профессоры Ғарифолла Есім, мемлекет және қоғам қайраткері, түркітанушы ғалым Мырзатай Жолдасбеков Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын иеленді. Сондай-ақ бірқатар профессор-оқытушыларымызға «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалі және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы стипендиясы, «Қазақстанның еңбек cіңіpгeн қайраткері» атағы берілді. Ал кешегі өткен сайлауда университетіміздің ғалымы – Еуразия интеграциялық институтының директоры Ерлан Саировтың ҚР Парламенті Мәжілісіне депутат болып сайлануы мереймімізді асыра түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздік құндылықтарын дамуымыздың жаңа кезеңімен байланыста байыптаған мақаласы 2021 жылдың қанатқақты сәтінде қоғамның барша саласына, соның ішінде білім саласына айрықша ой салды.

Рас, Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!». Мұны елдіктің қадірін білетін, Қазақстанның бүгіні мен болашағына қам жейтін отаншыл азаматтар тереңінен түсінеді деп ойлаймыз.Өйткені, ата-бабамыздың асыл мұраты, жаңғыруымыздың бастамасы болған Тәуелсіздік – өткеннің бағалысын, бүгіннің керектісін, келешектің пайдалысын сезіндіргені үшін қымбат. Бұл – Қазақстан Республикасының айбарлы биігі, тәуекел алаңы, қайрат белесі, еңбек бәсекесі, сындарлы сабақтастығы. Президент осы бағыттағы тұжырымдамасын «Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым», «Қоғам мен құндылық», «Ұлағат пен ұстаным» тараушалары арқылы жүйелі түсіндірді. Байыпты жеткізді.

Түптеп келгенде, мәселенің бәрі білім мен ғылымға тірелетінін атап өтті. Тарихқа да, танымға да, қоғамдық жаңғыруға да, елдік ұстанымға да, жаңашыл бағдарға да білім-ғылым қуаты керек. Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының: «ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс» деген тұжырымы жоғары мектеп саласын жаңа міндеттерге жұмылдырады. Өздеріңізге мәлім, мемлекетіміз білім мен ғылым саласына қашанда жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. ЕҰУ-ға тиесілі мемлекеттік білім беру грант санының көбісі еліміздің ертеңі мен келешегі үшін қызмет ететін мамандықтарға бағытталады. Республика көлемінде салыстырмалы түрде алғанда бұл ең жоғары нәтиже.

Сондай-ақ соңғы жылдары студенттік жастардың сапалық құрамына да ерекше көңіл бөлінуде: құқықтану, халықаралық құқық, халықаралық қатынастар, экономика, қаржы, есеп және аудит, инновациялық менеджмент мамандықтары бойынша өту ұпайы да өткен жылдарға қарағанда әлдеқайда өсті. Ең басты жағымды жаңалық, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жаңадан салынып жатқан спорт-сауықтыру кешені таяу арада, ЕҰУ-дің 25 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілмек. Бұл заманауи кешен оқу-зертханалық ғимараты мен бас әкімшілік ғимараты арасынан бой көтеріп отыр. Қазіргі таңда құрылыстың төбесі толықтай жабылып, ішкі жұмыстары жүріп жатыр. Бұл Елбасының бес әлеуметтік бастамасы негізінде жүзеге асып отырған игілікті іс. Олай дейтініміз, Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында студенттердің жағдайын толықтай шешуді тапсырған болатын. «Біз әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аударуымыз қажет», – деген еді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Сондай-ақ, Еуразия ұлттық университеті студенттер санының артуына байланысты қосымша жаңа жатақханалар салуда. Бес қабатты 2467 орынға арналған үш заманауи Студенттер үйі кешені Ахмет Байтұрсынов және Кенен Әзірбаев көшелерінің қиылысынан бой көтеруде. Әлемді алаңдатқан коронавирустың қауіп-қатері туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен оның елімізге енбеуі мен таралмауына қатысты көптеген іс-шаралар дер кезінде қолға алынды: жаппай мәдени және спорттық шараларға, конференциялар мен көрмелер өткізуге уақытша тыйым салынды. Халық көп шоғырланатын жерлерде, сауда орталықтары мен базарларда, қоғамдық тамақтану орындарында, вокзалдар мен әуежайларда қатаң санитарлық режим енгізіліп, оның кейбірі жағдайға қарай реттеліп отырды.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың тапсырмасына сәйкес университеттер былтырғы наурыз айының 16-ынан бастап қашықтан оқытуға көшті. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті де осы талапты қатаң сақтап, бір жылға жуық студенттер мен магистрант, докторанттарға қашықтықтан білім беріп келеді. Әзірліктен өткен мамандар реттелген оқу кестелеріне сай дәріс берсе, интернет желісі толық жұмыс режимінде. Профессорлық-оқытушылар құрамы білім алушылардың оқу үдерісіне бұрынғыдан да ерекше мән беріп, сабақты қашықтықта оқытуды жалғастыра береді. Коронавирус мәселесіне студенттеріміз, олардың ата-аналары да аса түсіністікпен қарап, уақытша орын алған сын мен қиыншылықты бірге еңсеруде. Өйткені сенім мен бірлік, тәртіп пен жауапкершілік бәрін жеңеді. Ал білім алушы, ертеңнен бастап университетке оралатын бірінші курс студенттері үшін оқу орынында барлық қолайлы жағдай жасалған.

Ең бастысы – білімнің сапасын көтеру үшін әлемдік деңгейдегі стандартқа көшуіміз керек. Ол дегеніміз болашақта білім ордалары «Назарбаев университеті» сияқты болуы тиіс. Ондағы білім беретіндердің дені Қазақстандағы ең білікті ұстаздар. Олардың бәрі шетелден жақсы білім алып келген ғалымдар. Сондықтан бұл білім ордасының тәжірибесі отандық барлық оқу орындарына көшсе, еліміздегі білімнің сапасы да сонда ерекше көтеріледі. Қазіргі таңда еліміздегі білім беру жүйесі толығымен халықаралық стандартқа көшкен. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Болон үдерісі ережелерінің талаптарына сай сапалы білім беруді қамтамасыз ету үшін білікті оқытушы-профессорлар құрамының жинақталуына ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі таңда ЕҰУ-дің оқытушылар құрамы өте білікті, танымал тұлғалармен толыққан.

Бүгінгі күні Еуразия ұлттық университеті ресми деңгейде әлемнің 160 жоғары оқу орындарымен байланыс орнатқан. Күні бүгінге дейін университетімізге әлемнің 45 мемлекетінен бір мыңнан аса шет ел мамандары келіп дәріс оқыды. Президенттің «Болашақ» стипендиясы арқылы 100 шақты студенттер шет елдік ЖОО-да білім алып, үш жүзден аса профессор-оқытушылар құрамы ғылыми тағылымадан өтті. Соңғы бес жылда білім алушылар саны 42%-ға артса, бұл жастардың Еуразия ұлттық университетіне, оның сапалы білімге кәсіби тәсіліне үлкен қызығушылық тудыратынын білдіреді. Көрсетілетін білім қызметтерінің сапасын анықтайтын маңызды көрсеткіш түлектердің жұмысқа орналасуы болып табылады. Университет түлектерді жұмысқа орналастыруға көмектесу бойынша кешенді жұмыс атқарып келеді. Бұл үшін Жұмыс берушілер кеңесі құрылған, біздің серіктестеріміздің 1440 ұйымынан тұратын жұмыс берушілер базасы жүргізіледі. Бір ғана мысал, өтен жылы университет түлектерінің 86,8 пайыз жұмысқа орналасса, бұл мәліметтер ЕҰУ түлектерінің еңбек нарығында сұранысқа ие екенін көрсетеді.

Қазіргі кезеңде халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті жоғары оқу орнына айналу үшін ғылыми-инновациялық даму бағытын алға қойып, университет ғалымдары маңызды жаңалықтар ашуда. Бүгінде университетте 13 факультет бар. Факультеттер мен кафедралардың негізгі міндеті жоғары білімді мамандар даярлау, оқу үдерісі мен ғылымды біріктіре отырып, ғылыми мектептер мен инновациялық инфрақұрылымдардың жұмысын жолға қою болып табылады. ЕҰУ профессор-оқытушылар құрамы білім берудің ең жаңа технологияларын игеруіне айрықша маңыз беріп отыр. Бұл ретте қазіргі таңдағы қазақстандық жоғары оқу орындарына үлгі болып отырған «Назарбаев Университетіндегі» оқытудың жаңа технологиясы мен инновациялық жобалардың өзіндік үлгісінен үйренеріміз көп. Ғылыми қызметкерлердің біліктілігін жетілдіру, тәжірибе алмасу, қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды меңгеруде аталмыш оқу орыны бізге бағыт-бағдар боларына сенімдеміз.

Бүгінде білім ордамыз жаһан елдерінің жоғары оқу орнындарымен жасасқан ынтымақтастық туралы келісімшарт аясында қызмет аясын жылдан жылға кеңейтіп келеді. Соның нәтижесінде Ph.D докторлары мен магистрлар және студенттеріміз шетелдік жоғары оқу орындарында мобильдік жүйе бойынша білім алуға, профессор-оқытушыларымыз тәжірибе алмасуға, бірлесіп ғылыми-зерттеу жобаларын құруға мүмкіндік алуда. Бұл әлемдегі соңғы ғылыми жетістіктерді Қазақстан ғылымына енгізіп, әріқарай бірлесіп қызмет жасауға жағдай жасалынып отыр деген сөз. Университет дамуының негізгі қағидаты – тәлімгерлерімізді жоғары сапалы біліммен қамтамасыз ету, қоғамның көкейкесті сұранысына сай білікті маман даярлау, интеллектуалды, отаншыл орта қалыптастыру. Жыл сайын ЕҰУ-ге мектеп бітіруші «Алтын белгі» иегерлерінің басым көпшілігі оқуға түседі. Бұл жөнінен және мемлекеттік білім грантын жеңіп алған студентеріміздің саны бойынша біз Қазақстанда алдыңғы орындамыз.

Бұдан түйетін қорытынды, ЕҰУ-да білім сапасын арттырудың бір кілті сапалы талапкерлерді оқуға қабылдаумен байланысты. Профессор-оқытушылар құрамының тәлімгерлер мен ата-аналардың жоғары талапқа сай сұранысын қанағаттандыру мақсатында барынша құлшыныспен қызмет етуі– білім сапасына оң ықпал ететін екінші бір тетік. Тәуелсіз мемлекетімізде туған жас ұрпақтың білімге деген махаббатын бәсеңдетіп алмас үшін әлемнің кез-келген түкпіріне терезе ашып, байланыс құрып, дамыған елдердің жастарымен терезесі тең түлектер ұшыруды алдына мақсат етіп ұстаған оқу ордамыз бір сәт те қарқынын баяулатпақ емес. Еліміздің әлемдік бәсекелестікте жеңіске жетуі үшін жоғары технологияларды игерген, инновациялық жобаларды іске асыруға қабілетті отаншыл да білікті мамандар қажет. Жоғары технологиялар, инновациялар негізінде жүзеге асырылатын жаңа ойлардың салалануы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму дәрежесін және азаматтардың әл-ауқат деңгейін айқындайды. Бұл ретте дамыған елдердің білім жүйесінен үйренеріміз көп. Елімізде осы бағытта атқарылған жұмыстар жетерлік.

Нақты айтсақ, ЕҰУ көп жылдан бері Еуропалық Одақтың білім мен тәжірибені жетілдіруді мақсат ететін Эразмус Мундус бағдарламасының академиялық алмасу жобасына қатысып келеді. Бұл бағдарламаның грантын жеңіп алу бойынша да ЕҰУ Орталық Азия университитеттері арасында алдыңғы шепке шығып, отандық ЖОО арасында оқ бойы озық тұр. Оған шетелдік бағдарламаларға қатысушылар тапсыратын ағылшын тілі сынақтарын шетелге шығын шығарып бармай-ақ, аз шығынмен университетімізде тапсыруына жағдай жасау мүмкіндігін туғызуымыз оң ықпалын тигізуде. Олар ғылыми зерттеу бағыты мен білім алу мақсатында Италия, Польша, Германия, Португалия,Түркия, Испания, Литва сияқты елдерде тәжірибе жинақтап, біліктіліктерін жетілдіруге мүмкіндік алды. Сонымен қатар бұл жоба бойынша біздің оқу орынымыздан тағылымадан өтуге шетелдік азаматтар да қызығушылық танытуда.

Университетіміздің халықаралық бағдарламалар және магистратура бөлімдері Болгария, Литва, Румыния, Словакия, Оңтүстік Корея, Малайзия, Түркия және ТМД елдерімен академиялық алмасулар жүйесі шеңберінде жұмыс істеп келеді. Осы жүйе бойынша бүгінгі таңда магистрлеріміз білімдерін шетелдерде жалғастыруда. Бұл жұмыстардың барлығы Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына арналған студенттер мобильдігі тұжырымдамасына сәйкес іске асырылуда. Алдымыздағы басты мақсат – еліміздегі қолға алып отырған жаңа реформаларға байланысты университетіміздегі білім беру мен ғылыми жұмыстарды әлемдік стандарттарға сай жетілдіру, оқу-әдістемелік бағдарламаларды жаңарту, жақсарту. Қазіргі инновациялық талаптарға сай сапалы мамандар дайындау жұмыстары жан-жақты жалғасын табады. Факультеттер мен кафедралардың материалдық-техникалық базасын нығайтып, елімізге қажетті сапалы мамандар дайындап беру үшін білім берудің тереңдетілген оқу-әдістемелік жүйелері мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының жаңа бағдарламаларын қалыптастыру басты стратегиялық бағыт-бағдарымыз болып қала бермек.

Мақсат – әлемнің ең озық мемлекеттер қатарына кіру және ұлттық университетті халықаралық екі жүз озық жоғары оқу орындарының қатарына қосу. Мемлекет пен басшылықтың бүгінде білім беру саласына көңіл бөліп отырғаны қазақстандық ЖОО-ларды халықаралдық деңгейге шығаруға әбден мүмкіндік береді. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы негізін қалаған Еуразия ұлттық университеті соңғы жылдары қарқынды жұмыс істеу арқылы халықаралық білім беру кеңістігінде нық бекіп алды. Қорыта айтқанда, еліміздің бірінші ұлттық жоғары оқу орнының білім беру қызметі сапаны қамтамасыз ету бойынша Тәуелсіз қазақстандық агенттігінің рейтингімен бағаланады, ЕҰУ тағы да көш басынан көрінеді деген сенімдеміз.

Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің
ректоры, ҚР ҰҒА академигі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий