Жетекші мектеп: Жүйелі жұмыстың жемісі

Кез келген білім ұясы жетекші мектеп мәртебесіне ие бола алмайды. Ол басқа мектептерге қарағанда кадр мен білім сапасы жағынан, оқуға барлық мүмкіндігі қамтылған мектеп базасы тұрғысынан да көш ілгері болу керек. Басты мәселе кадрға байланысты болғандықтан, бірінші және екінші деңгейдің көшбасшы мұғалімдері көбірек дайындалған мектептерді сараптамадан өткізіп, ұсыныс беру арқылы ұжымның көшбасшылық мәртебесін дәлелдеп, педагогтердің желілік қоғамдастықтарында көшбасшылық қызметті жүргізе алады.

Біздің білім ордамыз да осы міндеттерді алға тартып, жетекші мектеп фукнциясын атқарып отыр. Жалпы біздің мектептің ашылуына, әрі қарай қарқынды жұмыс істеуіне Бақтығұл Тасмағамбетов, Досымғали Қабдешов, Роза Акишева сынды кәсіби шеберлігі жоғары, энтузиаст және облыс көлемінде танымал математика пәнінің оқытушылары көп үлес қосты. Олар мектепте оқушылардың жоғары жетістіктерге қол жеткізуіне қолайлы орта жасауға атсалысты. Нәтижесінде оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруда креативті, дивергентті және сын тұрғысынан ойлай алатын орта қалыптасты.

Оқыту процесінде кездескен әр мәселеге жаңаша көзқарас білдіріп, ерекше тәсілдер арқылы шешім табуға тырыстық. Оқушылардың мектепке деген қызығушылығы арта түсіп, бұрын-соңды күрделі болып көрінген есептердің шешімін тапты. Бір жылдың ішінде шәкірттеріміз математикалық регатада орын алып, кейін облыстық олимпиадада оза шауып, республикалық деңгейдегі ғылыми жобаларға қатыса бастады. Интернет жүйесіне шығу, қашықтан оқыту сол жылдары аудан бойынша біздің гимназияда жүзеге асты. Оқушыларды өзгеше (критериалды) бағалау жүйесі (гимназиялық баға) енгізіліп, жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандармен педагогикалық құрам да жаңара түсті.

Бүгінде жетекші мектептің талап үдесіне сай мұғалімдер бір-бірімен ауызбіршілікте байланыс жасайды және өзгерістерге бейім. «Жақсы нәтижелерге қалай жету керек?» деген сұрақ барлық мұғалімді толғандыратыны анық. Тек өз ісінің маманы, шебері ғана нәтижеге бағытталған тиімді жұмыс атқарады. Міне, біздің мұғалімдер дәл осы сипаттамаларға әбден лайықты. Басты міндеттеріміздің бірі – серіктес мектептерге қолдау көрсету. Бұл қағидатты басшылыққа алып, жұмыс істеуде мектебіміздің бекітілген мақсат, міндеттері бар. Мәселен мұғалімдердің кәсіптік дайындықтарының әртүрлі болуы білім беру мекемесінің әдістемелік әрекеттеріне әсер етпеуі мүмкін емес.

Сондықтан да ғылымның жан-жақты мүмкіншіліктерін педагогтің оқыту әдістері, кәсіби шеберлігі мен тұлғалық өсуі үшін пайдалану аса маңызды іс. Әдістемелік қызметінің моделі ұстаздардың өз әрекетін жобалауға, шығармашылық деңгейлерінің әртүрлі болуына байланысты жоспарланады. Білім дәрежесіне, кәсіби деңгейіне қарамастан, кім болмасын өзінің үздік нәтижесін үнемі ұстап тұра алмайды, білімді үнемі жетілдіріп отыру керек. Біз мұғалімнің жұмыс істеу сапасына баса назар аударамыз, себебі тек осы фактор білім сапасына әсер етеді.

Мектеп жүйесін жан-жақты дамыту үшін тәлімгерлік үдерісін енгізуді қарастырдық. Тек жас мамандарға емес, еңбек өтілі көп мұғалімдерге де тәлімгер жүктеледі. Ментор мұғалімдер сабақтарға қатысып, өздерінің пікірлерін білдіреді, бірге оқыту барысын жоспарлайды, көмек көрсетеді және бірге сабақ беріп, зерттеу жүргізеді. Нәтижесінде оқушыларды жетістікке жетелейді әрі өзіне деген сенімділігі артады. Мұндай жұмыс, әрине, мұғалімдер мен оқушылардың дамуына ықпал етері анық.

Аққаным Талапқызы БИСАЛИЕВА,
Сәулет” мектеп-лицейі директорының
орынбасары, 
Батыс Қазақстан
облысының Тасқала ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий