Ойталқы: Сабақты зерттеу тәсілінің берері көп

Жапонияға бару көптен бергі арманым еді. 2019 жылы шілде айында сәті түсіп, қазақстандық 12 білім беруші (мұғалім) Күншығыс еліне сапар шектік. Сапарды ұйымдастырушы – Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымы педагогикалық шеберлік орталығы. Білім турының басты мақсаты – жапондық білім беру жүйесіндегі Lesson Study (Сабақты зерттеу) тәсілін ұйымдастыру және өткізу тәжірибесін зерделеу.

Ең алдымен, елордаға жетіп, халықаралық әуежайда еліміздің әр түкпірінен білім қуып келген әріптестермен таныстық. Бұдан соң Алматы шаһарына аялдап, Алматы-Гонконг бағытына бет түзеп, ұштық. Ал Гонконг арқылы жапон елінің астанасы Токио қаласына келіп қондық. Әр елдің өз заңы бар, бірнеше мәрте бақылаудан өттік. Бізді әуежайдан қазаққа ұқсастығы бар жылы шырайлы жапондық өкіл күтіп алды. Өзін таныстырды. Бұл – халықаралық сарапшы Тошия Чичибу деген ғалым екен. Қонақ үйге орналасқаннан кейін, семинардың жоспарымен таныстық.

Семинардың бірінші күні Тошия мырза бізді Жапония білім беру министрлігінің базасына алып келіп, ұлттық білім беру жүйесі жайлы жан-жақты мәлімет берді. Семинар аясында Lesson Study сабақты зерттеу тәсілін тәжірибе жүзінде іске асыру нәтижелерімен кеңінен таныстық. Әрине, Жапон елінде сабақты зерттеу тетігі мығым қалыптасқан, ұстаздар мен шәкірттер арасында орнаған өзара сенім мен сыйластыққа негізделген қарым-қатынас бірден байқалады. Білім беру жүйесінде білім алушыны ынталандыру және оқу мен зерттеу дағдыларын дамыту зор мәнге ие. Lesson Study жүйесі – мұғалімдерді оқытудағы және олардың оқыту мен оқу практикасын дамытудағы коллаборативті тәсіл.

Сонымен қоса Токио сапарында Акацука Ни орта мектебінің 6-сынып  оқушыларының география пәні бойынша зерттеу сабағына қатыстық. Әр алуан сауалдар мен тапсырмалар арқылы жапондар өскелең ұрпағын өз елін сүюге баулитындығын көруге болады. Оқушылармен жеке, жұптық жұмыстар жүргізіліп, білім алушыларды зерттеуге жұмылдырады. Сегізінші сыныпта жапон тілі сабағын көрдік. Сабақ оқушылардың қажеттілігін ескеріп, кітапханада өткізіп жатыр екен. Топтық жұмыста әрбір топқа белгілі бір тақырыппен эссе жазу тапсырмасы берілді. Оқушылар бірден планшетке жазып отыр. Зерттеу сабағынан кейін мұғалімдер арасында талқылау ұзақ уақытқа созылып, өте жоғары деңгейде жүргізілді. Сабақты өткізген мұғалімдерге ұсыныстар берілді.

Талқылау жұмысын сыртқы сарапшы (супервайзер) жүргізіп отырды. Lesson Study-ге жоспарлау, оқыту, қадағалау, оқыту мен оқуды талдау, өз қорытындыларын тұжырымдап, бірлесіп жүзеге асыратын мұғалімдер тобы қатысады. Инаридаи бастауыш мектебінде жапон тілі зерттеу сабақтарына қатысып, инклюзивті сыныпта сабақ қалай жүргізілетінін көрдік. Сабақ әдеттегідей тақта мен түрлі түсті борлармен өтті. Білім алушылардың бойына тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларын қалыптастыру жақыс жолға қойылған. Lesson Study-дің циклін өткізген соң мұғалімдер педагогикалық тәсілдерді түрлендіріп немесе жетілдіріп, кейіннен ашық  Lesson Study таныстырылым өткізіп, баспасөз беттеріне жариялау арқылы әріптестеріне таратады.

Жапон мектептерінде 6-10 рет зерттеу сабағы жүргізіледі. Мұғалім 1 ай бойы 1 сабақты жоспарлайды. Сабақ жоспарын ұстаздар қауымы қызу талқылайды. Бір-біріне ақыл-кеңес беріп, ұсыныс-пікірлер қаперге алынады. Нәтижесінде сабақ жоспары сыртқы экспертке (сарапшы) жолданады. Сарапшы тексерістен өткізіп, түзетулер енгізеді. Сабақты зерттеу барысында сыныптағы барлық оқушылар бақылауға алынады. Топтағы мұғалімдер оқушыларды назардан тыс қалдырмау үшін өзара бөліп алады. Зерттеу сабағын мектеп директоры, дәрігер, психолог, сыртқы бақылаушылар (фасализаторлар, супервайзерлер) мен мұғалімдер бақылайды. Олар оқушыларға бағыт-бағдар береді. Зерттеу сабағы өткізіліп болған соң талқылау болады. Талқылауға түскен мұғалімге белгілі бір уақыт беріледі. (Тайм менеджмент қатаң сақталады).

Бізге халықаралық сарапшылар Тошия Чичибу мен Масатсуа Мурасе екі шеберлік сыныбын өткізді. Өз басым сабақты зерттеудің мұғалімдерге тиімділігі ретінде кәсіби біліктілікті арттыру, жұмыс сапасын көтеру, зерттеу дағдыларын дамыту, сыни ойлау қабілетін жетілдіру деп білемін. Сондай-ақ мұндай сабақтар оқушылардың сапалы білім алуына мүмкіндік тудырады, оқушының өзіндік көзқарасы мен пікірін еркін білдіруге, ой қорытуына, сыни ойлау, тиімді ұсыныс жасауына мүмкіндік тудырады. Токио қаласында 675 мектеп бар. Бұл елде сабақ 50 минутты құрайды, сыныптағы оқушы саны – 36. Ұстаздары өте еңбекқор жандар екен. Сыныптың іші оқушы қолынан шыққан дүниелермен жабдықталған. Олар әр апта сайын ауыстырылып тұрады.

Ағылшын тілі 5-сыныптан бастап оқытылады. Жоғары буын оқушылары не бары 2 пайызды құрайды, себебі көптеген оқушылар орта буыннан кейін оқуға кетеді немесе жұмыс жасайды. Күн шығыс елінің халқы өте мәдениетті. Мәдени демалыс орындары халыққа лық толы. Баланың танымын арттыру, ой-санасына сәуле шашу, ұлттық мәдениет, білім-ғылымға ерте жастан баулу елдік дағдыға айналған.  Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды.

Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» деген еді. Мақала маған үлкен ой салды. Адам баласы әр кез жақсы жаққа өзгеруге, өзін-өзі жетілдіруге, кәсіби шыңдалуға ұмтылуы тиіс. Әсіресе ұстаздар қауымы ізденімпаздығы мен шығармашылығын дамыта білгені жөн.

Санбибі Сабырбайқызы КОПБЕРГЕНОВА,
Педагогикалық шеберлік орталығының
Ақтау қаласындағы филиалындағы менеджер
әдіскер, Маңғыстау облысы          

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий