Тарихи сана – бұл бүгінгі ұрпақтың әлеуметтік жады

Әлеуметтік жады формасы жағынан әмбебап және мазмұны жағынан нақты болып келеді. Сондықтан да тарихи сана қашанда нақтытарихи, әлеуметтік, ұлттық және индивидуалдық мазмұнмен толтырылады. Қазіргі кезеңде әлеуметтік жадының үш деңгейінде де – жаhандық деңгейінде, ұлттық деңгейде және жеке тұлғалық дәрежеде түбірлі өзгерістер болып жатыр: адамдық индивидуалдық деңгейде антропологиялық төңкеріс орын алды, әлеуметтік немесе этностық деңгейде ұлттық сана-сезімнің бұрын-соңды болмаған дүмпуі байқалды.

Қазіргі кезде жалпы адамзаттық деңгейде ақпараттық жаhандану үдерісін бастан кешіп отырмыз. Бұл өзгерістер, өз кезегінде тарихи сана мәселесін күн тәртібінің алдыңғы қатарына шығарып отыр. Әлеуметтік-мәдени еспен сипатталатын тарихи жады немесе тарихи сана неғұрлым терең болған сайын адам да, тұтастай алғанда қоғам да рухани бай болады. Бүгінгіні түсіну мен болашақты болжау үшін өткенді білу тарихи білімнің негізгі арқалайтын жүгі екендігі рас. Ал тарихи білім берудің мақсаты жан-жақты дамыған тұлғаның ойлау мәдениетінің қажетті компоненті ретіндегі тарихи сананың элементтерін адам бойында қалыптастырумен ұштасып жатады.

Ұлттық архив қорын насихаттау, тарихи деректер негізінде еліміздің тарихына бұқара халықтын назарын аудара отырып, қоғамды тәрбиелеу, азаматтық жауапкершілік арқылы мемлекеттіліктің іргетасын нығайту – отандық архивтердің жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға қосқан үлесі болып табылады. Біздің ойымызша, ұлт дегеніміз — өзінің қазақ (орыс, неміс, жапон) екенін тарих тереңінен бастау алған төл санасымен ұғатын және басқалардан тілдік, рухани, геосаяси және тағы да басқа өзгешелігін айыра алатын адамның үлкен қауымдастығы.

Тарихи сананы зерттеудің бұл бағыттарының жетістіктерін атап өте келе, ондағы көптеген мәселелердің басы ашылмағанын айта кету керек. Тарихи сананың жалпы табиғатына, оның құрылымдық элементтері мен ұйымдасу деңгейлеріне қатысты, тарихтың теориясы мен әдіснамасына, оның әлеуметтік философиялық қырларына байланысты мәселелер, біздің пікірімізше, одан әрі зерттеуді талап етеді. Тарихи санаға қатысты арнаулы ғылыми әдебиетте де, бұқара көпшілік әдебиетте де өте көп айтылғанымен, қазіргі зерттеушілік ахуал осы тарихи сана мазмұнының айқын, нақты түсінігін бере алмауымен сипатталып отыр.

«Тарихи сана» ұғымының бұлыңғырлығы мен көпқырлылығы оны талдауға біршама қиындықтар тудырады. Бұл қиыншылықтар осы мәселені шешудің жалпы тұжырымдамалық негізінің болмауымен, бұл рухани феноменнің мазмұнын, «шектерін», уақыттық сипаттамаларын анықтаудың күрделілігімен сипатталады. Бірақ дегенмен тарихта түп-түзу сызықпен дамыған немесе рухани мәдениеті бір векторда ғана өрбіген ешқандай ел жоқ, барлық халықтар тарихтың соқпақты жолдарында адасулар мен жол табуларды кешті.

Тарихи процестің күрделілігі-де, маңыздылығы да осында болып табылады. Сондықтан тәуелсіз еліміздің өз алдына мемлекеттік құрылысын жүзеге асыруда қазіргі заманға сәйкес қоғамды бір арнаға бағыттайтын құдіретті идеяны тауып, сол арқылы әлемдік дамыған мемлекеттердің қатарын толықтыруы сөзсіз.

Гүлбану Іздібайқызы ЕСБОЛАЙ,
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар
және инжиниринг университетінің аға
оқытушысы, магистр, Ақтау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий