Білім бастауы – ұлттық тәрбие

Халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Дүниеде ,  тарихта ер елден артық ел бар ма?! Ер жолымен өткен елдердің тарихынан сұлу тарих бар ма?», – деген екен. Пейілі кең халқымыздың   туған елін мақтаныш еткен, өр тұлғалы асыл ерлері жетерлік. Осы орайда Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрмені күшті, тәрбиелік мәні зор  «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан халық арасынан суырылып шыққан, талантымен талайды таңқалдырған ұлы тұлғаларды дәуірдің қай кезеңінде болмасын пір тұтып,  құрметтеудің  маңызы зор екенін аңғаруға болады. Ол: «Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады.

Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр.  Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді», – дей отырып осындай дана да дара ұлдарды дүниеге әкелген, ұлылардың алтын бесігі қазақ даласының  дархандығы мен құдыреттілігіне көз жеткізді. Сонымен қатар жастарды руханилыққа, адами ізгі қасиеттерге баулуда ұлы дала құндылықтарына негізделген  тәрбие  жұмыстарының бағыттарын да айшықтап берді.

Бұл орайда еліміздегі  білім беру  салаларында ауқымды жұмыстар  жүргізілгені баршаға мәлім. Атап айтар болсам, ұлы тұлғалар есімдерін жаңғырту мақсатында жалпы республикалық адалдық сағаттары өткізілген болатын. Мұнда  білімге  құштар,  жаңашыл жастарға Төле би, Абай, Шоқан және тағы да басқа ойшыл ғұламалардың ұлылығы мен олардың теңдесі жоқ шығармашылығын қазіргі қоғам үрдісімен байланыстыра отырып таныстырды. Бұл үлкен іс-шарадан біздің арнаулы оқу орны да қалыс қалған жоқ.

Еліміздегі карантиндік жағдайға қарамастан білім ордасында ұды даланың ұлы тұлғаларын ұлықтау мақсатында тәрбиелік іс-шаралар жоспарға сай ұйымдастырылды. Олардың бірқатары колледж есімін иеленген, көрнекті педагог, тұңғыш ағартушы Ы.Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойына арналды. Колледж қабырғасында білім алушылар кәсіби теорияны меңгеріп қана қоймай, елжандылық пен отансүйгіштік пен рухани тәрбиенің асыл құндылықтарын бойға сіңіреді. Осы орайда адамзаттың асыл ұстазы  Әбу Насыр әл Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес,  тәрбие керек.

Тәрбиесіз берілген  білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген  сөздері еріксіз еске түседі. Шындығында да білікті маман тек білімді ғана емес, ең бастысы  ұлттық тәрбиені бойға сіңіруі тиіс. Сонда ғана бүгінгі білім алушы,  ертеңгі елдің   жарқын болашағына жанашыр, намысты қолдан бермес рухты маман әрі қуатты қоғамның бір кірпіші болып мықтап қаланбақ.

Жомарт Қоңырбайұлы ҚҰСАЙЫН,
Ы. Алтынсарин атындағы Рудный
әлеуметтік гуманитарлық колледжінің
директоры, Қостанай облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий