Онлайн оқыту: Жаңа үрдіске көшу оңай болған жоқ

2020 жылдың наурыз айында коронавирус індетінің таралуына байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланды. Мемлекеттік деңгейде індеттің алдын алу мақсатында бірқатар шұғыл шаралар қолға алынды. Соның бірі – жалпы білім беретін мектептер, колледждер, жоғары оқу орындарының онлайн білім беру түріне көшуі.

Онлайн оқыту – білім беру жүйесінің ғаламдық жаңа беталысы, форматы болғандықтан, алғашында мұғалімдер, ата-аналар арасында үлкен қобалжу болғаны да рас. Себебі интернет желісі еліміздің барлық аймағына біркелкі деңгейде таралмаған, мұғалімдер қауымы мен білім алушылар техникалық жабдықтаумен, онлайн оқу-әдістемелік ресурстармен толық қамтылмаған. Сондай-ақ, мұғалімдердің цифрлық сауаттылығы, даярлығы да үлкен рөл ойнады.

Жалпы карантиндік жағдай біз үшін сынақтан өтудің де, әрі осы бағыттағы жетістіктерді көрсетудің де жақсы мүмкіндігі болды, мықты жақтарымыз бен осал тұстарымыз айқындалды. Дегенмен, жоғары атқарушы биліктің тарапынан қабылданған шешімдер, жасалған әрекеттер тығырықтан шығу жолдарын тез тапты. Телеарналардан бейнесабақтар жүріп отырды, оқулықтардың электронды нұсқалары, білім беру платформалары баршаға қол жетімді болды.

Мұғалімдер қауымы алдында осы дайын ресурстарды тиімді пайдаланып, ақпараттық-коммуникациялық  құзырлылығы, кәсіби шеберлігі арқасында онлайн оқытуды нәтижелі ұйымдастыру міндеті тұрды. Сол кезде баламыз Кәрібай Айния білім алып жатқан елордасындағы №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің бастауыш буыны онлайн оқыту түріне көшу үрдісіне дайындығы ата-ана ретінде бізді де мазалады. Алайда лицей әкімшілігі аз уақыт ішінде онлайн оқыту үрдісін ұйымдастырып, техникалық  қамтылмаған, интернет байланысы жоқ оқушыларды анықтады.

Қажетті құралдармен қамтамасыз етіп, ата-аналар үшін онлайн психологиялық, ақпараттық тренингтер өткізіп, мұғалімдер құрамын біліктілік арттыру курстарынан өткізіп, онлайн оқытуға оқушының да, ата-ананың да оңай төселуіне жағдай жасады.  Осы тұста 4 «а» сыныбының  жетекшісі Ахметқалиева Қаламқастің жұмысын ерекше атап айтқанымыз абзал. Қаламқас Қабдрашитқызы үнемі ізденіс үстінде жүретін, жаңалыққа жаны жақын ұстаз болғандықтан қашықтан оқытуға көшу ол үшін жаңалық болмады.

Онлайн оқыту Zoom, Ms Teams жүйелері арқылы жүзеге асты. Bilimland.kz ресурсын және Daryn.online,  Kundelik.kz т.б. ақпараттық жүйелерін тиімді пайдалана білді. Бұл цифрлық жүйелер оқушыларға өткен сабақты немесе бұрын талқыланған тақырыпты қайта қарауға, сондай-ақ онлайн-сабақ өткізуге, кері байланыс орнатуға, тестілеу жұмыстарын өткізуге және алған білімдерін бағалауға зор мүмкіндік берді.

Ұстазымыздың кәсіби құзыреттілігі, жауапкершілігі, өзіне де, оқушыға да талапшылдығы арқасында балаларымыздың білім деңгейінің көрсеткіші еш ақсамады. Оны БЖБ, ТЖБ көрсеткіштері, бір жыл ішінде қала, республика көлемінде өткен пәндік олимпиадалардың жеңімпаздарының санынан анық көруге болады. Ойымды қорытындылай келе, кез келген оқыту түрі біржақты бола бермейді, яғни, оның өз артықшылықтары мен кемшіліктері де болады дегім келеді.

Онлайн оқыту түрінің еркіндігі мен икемділігі, географиялық жағдайға қарамайтын, өз бетінше ізденуге, оқуға үйрететін, кез-келген тұлғаның білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік тудыратын артықшылығы бар болғанымен, онлайн оқыту кезінде коммуникабельділік, сенімділік, ұжымда жұмыс істеу дағдыларын дамыту үшін қолайсыз екенін атап өту керек. Дегенмен, карантин аяқталып, балаларымыз мектепке оралған жағдайда дәстүрлі оқыту түрімен қатар онлайн оқыту түрін де бірге ала жүреміз деген ойдамыз. Оқимын, дамимын, ізденемін деген балаға онлайн оқыту кедергі емес! 

Саягүл Елтайқызы КӘРІБАЕВА,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің доценті, ф.ғ.к.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий