Тәуелсіздікке 30 жыл: 30 есім, 30 тарихи дерек: Ұстаздық жол – ұлы қызмет
Оңтүстік өңірінің білім беру тарихында еңбегін асыра айтпай-ақ мақтануға болатын көптеген даңқты есімдер бар. Солардың бірі – ұзақ жылдар бойы еліміздің білім беру саласын дамытуға үлес қосып келе жатқан ардақты ұстаз, 75 жылдан астам тарихы бар педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институтында 1988 жылдан кабинет меңгерушісі, проректор, 1999-2008 жылдар аралығында директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Бектенғалиева Сәния.
Актөбе облысы, Темір қаласында педагог отбасында дүниеге келген ол өзінің еңбек жолында білім беру саласының барлық сатыларында жоғары кәсіби шеберлігімен, еңбекқорлығымен, жауапкершілігімен танылған маман, оның ғылыми, педагогикалық және оқу-әдістемелік қызметі республикаға белгілі. Осы уақытқа дейін 80-нен астам ғылыми-әдістемелік еңбектері жарық көрді. Оның ішінде, шетелдік және отандық білім беру саласы қызметкерлерінің сұраныстары мен қажеттіліктеріне сай ақпарат көзіне айналған әдістемеліктері мен бағдарламалары қаншама десеңізші…
«Ұстаз болу үшін өмір бойы оқу қажет» деген қағиданы ұстанатын Сәния Хайруллақызының оңтүстік өлкедегі облыстық үздіксіз білім беру институтының директоры қызметін атқарған жылдары институт жоғары шығармашылық пен кәсіби шеберліктерге ерекше қол жеткізді. «Тәуелсіздік заманның басты қағидасы ынтымақтастықта», – деп білетін жаңашыл басшының Англия мұғалімдер мектебімен, Франция елшілігімен, Германия Федеративтік Республикасының Гете институтымен, шетелдік және отандық жоғары оқу орындарымен іскерлік ынтымақтастық орнатып, ББЖҚБАРИ-мен бірге халықаралық дәрежеде тағылымдамалар ұйымдастырып, ғылыми практикалық конференциялар, семинарлар өткізгенін ерекше айтып өткен жөн.
Осы жылдар ішінде институт өзінің тарихын өнегелі бастамалармен, өміршең істермен жасай білді, мемлекеттік тілді қолдау аясында «Мемлекеттік тіл» кабинеті, дарынды балаларды анықтау және дамыту мақсатында «Дарын» кабинеті, оңтүстіктің халық ағарту саласының қалыптасуы мен даму тарихын баяндайтын облыстық педагогикалық мұражай, компьютер сыныбы, лингвистикалық орталық, баспа кабинеті ашылды. Республика деңгейінде біліктілікті арттыру институттары арасында алғашқылардың қатарында қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне арналған лингафон кабинеті ашылып, физика, химия, биология кабинеттері талапқа сай толық жабдықталды.
Экологиялық, биологиялық бұрыштар ашылып, курс барысында география пәні мұғалімдерінің практикалық жұмыстарды жүргізуі үшін географиялық алаң жасақталды. 250 орынды акт залы, 80 орынды кіші мәжіліс залы жаңартылып, күрделі жөндеуден өтті. АӘД мұғалімдеріне әскери алаң және дене тәрбиесі мұғалімдеріне волейбол, баскетбол ойындары үшін спорт алаңдары, «Тоғыз құмалақ», «Бестас» халықтық ойын бөлмелері, жаттығу залы ашылды. Институт ғимараты алдындағы демалуға арналған табиғат тауы макеті мен ұжымның күшімен отырғызылған түрлі ағаштар мен гүлдер көздің жауын алатын көгалға айналды.
Іскер басшы, шебер ұйымдастырушы, бастамашыл ғалым-ұстаз ретінде оңтүстік өңірі ұстаздарының біліктілігін арттыру жүйесін білім мен ғылым кеңістігіне алып шығуға белсенді араласып, ең тиімді әрі озық технологиялардың облысымызға келуіне жол ашты. Осы жылдары ауқымды халықаралық деңгейде инновациялық педагогикалық технологияларды енгізу аясында атақты ғалымдар, педагогигалық технологиялардың авторлары Ш.Амонашвили, Н. Зайцев, М.Жанпеисова, Ә.Жүнісбеков, Т.Галиев, Ж.Кобдикова, Ф. Вассермандардың қатысуымен ғылыми және практикалық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Басқару менеджментінің қыр-сырын терең меңгерген тәжірибелі көшбасшы институтта таңдаулы профессорлық- оқытушы құрамның жұмыс істеуіне, қызметкерлердің біліктілігін әлемдік тәжірибе негізінде және ұлттық дәстүр мен құндылықтарды ескере отырып жетілдіруге көп күш жұмсады. Осы мақсатта институт қызметкерлері мен облыс мұғалімдері үшін арнайы дәрістер ұйымдастырылып, онда республикалық ғылыми-практикалық зерттеу орталығының директоры, п.ғ.к. Ү.Жексенбаева; Москва қаласындағы Мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, педагогика және психология ғылымдарының докторы А.Савенков.
Ресей Федерациясы жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері, психология ғылымдарының докторы, профессор Р. Овчарова; Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының академигі, педагогика ғылымының докторы, профессор Ш.Таубаева; қазақ этнопедагогикасының ғылыми-теориялық, әдіснамалық негіздерін қалаушылардың бірі ғалым С.Ұзақбаева; Халықаралық педагогикалық білім беру ғылымдары академиясының толық мүшесі, профессор К.Қожахметовалар дәріс оқып, тәжірибелерімен бөліскен болатын.
Қазақстандағы білім беруді әлемдік стандарттар деңгейіне жеткізу және бәсекелестікке қабілетті тұлғаны тәрбиелеуді мақсат еткен ұстаздардың ұстазы жас мамандарға кәсіби бағдар беріп, әдістемелік сүйемелдеуден жалыққан емес. Мұғалімнің өз қызметін нәтижелі атқаруы және олардың кәсіби деңгейін көтеру мақсатында елімізге белгілі ғалымдарды, педагог-зерттеушілерді, жаңа буын оқулықтары мен 12 жылдық білім беру оқулықтарының авторларын арнайы шақыртып, курс тыңдаушылары үшін дәрістер, семинарлар, кездесулер ұйымдастыру дәстүрге айналған еді.
Педагогтерді кәсіби даму іс-шараларына қатыстыруға, педагогке қажетті пәндік, психологиялық-педагогикалық, әлеуметтік және басқа да құзыреттерді кеңейту, тереңдету және жетілдіруге баса назар аударылды. 2002 жылы он екі жылдық білім беру моделіне көшу тұжырымдамасының жобасын дайындау тобына Оңтүстік Қазақстан облысынан Бектенғалиева Сәния Хайруллақызы бастаған жұмыс тобы қатысып, он екі жылдық мектепте және мектепке дейінгі, арнаулы, жалпы қосымша және кәсіптік білім беру ұйымдарында жұмыс жасау үшін педагог мамандарды қайта даярлау тұжырымдамасын дайындады.
Ол осы құжаттарды әзірлеу кезінде білімі мен біліктілігінің биіктігін тағы бір мәрте байқатты. Ортақ игілікті іске ұжым қызметкерлерінің кәсіби шеберліктерін, күш жігерлерін біріктіре білетін басшы жұмыстың жүйесін таба білетін білікті маман кадрларымен, атап айтсақ, қазіргі ардагерлеріміз Н.Едиханова, Р. Кудияровалармен бірге облыстың білім беру жүйесі мен біліктілікті арттыру жүйесінің құрылуы мен өркендеп дамуы тарихынан сыр шертетін педагогикалық мұражайды ашуға үлкен мән берді. Мұражай экспозициясы кейінгі ұрпаққа үлгі болатын білім беру жүйесіндегі ірі тұлғалар мен тарихи мазмұны тереӊ мәліметтер мен нақты құжаттардыӊ көшірмелері топтастырылған екі мыңға жуық жәдігерлерді қамтыды.
Мұражай базасында маңызды талай кездесулер, көптеген іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылатын. Сол жылдары кейіпкеріміздің қарым-қабілетінің арқасында білім кеңістігінде лайықты орынды иеленген институттың тағы бір жетістігі- оқу үдерісі мен ғылыми- әдістемелік қызметті ақпараттық-әдістемелік сүйемелдейтін, қажетті әдебиеттермен және ақпараттармен қамтамасыз ететін институт құрылымының жетекші бөлімі кітапхана. Кітапхана негізінде облыстық ғылыми-педагогикалық кітапхана құру жоспарланды, осы мақсатта отандық және Ресейлік баспалардың тақырыптық каталогтары зерделеніп, қор құрамы бірінші кезекте педагогика теориясы мен практикасы, тәрбие, дидактика, психология, әдістемелік жаңа әдебиеттермен толықтырылды.
Осы жылдары кітапхана республикалық және ресейлік педагогика саласындағы мерзімді басылымдарды түгелдей дерлік жаздырып алатын. Кітапхананың ядросы болып саналатын педагогика саласындағы әдебиеттер облыстың мектеп ұстаздарымен қатар, педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттері, аспиранттары мен оқытушы-профессорлық құрамының үлкен сұранысына ие болатын. «Қолыңнан келсе, кісіге жақсылық жаса» деген ана өсиетін бойына дарытқан Сәния Хайруллақызы мұғалімдердің өз біліктіліктерін арттыруда курста алаңсыз оқулары үшін институт жатақханасының заман талабына сай жабдықталуын, барлық жағдайдың жасалуын үнемі назарда ұстады.
Мұғалімдердің тәжірибе алмасу алаңына айналған жатақханаға әр ағында келетін төрт жүзге жуық курс тыңдаушыларымен қатар, облыстық деңгейдегі байқау, олимпиада сынды бағы да басқа түрлі іс-шаралардың қатысушылары да орналасатын. Түрлі мәселелермен алдына кірген мұғалім болсын, институт қызметкері болсын, шаруасын шешіп, жақсылық жасаудан таңған емес. Ең бастысы, айналасына жайлы атмосфера қалыптастырып, алаңсыз жұмыс істеуге мүмкіндік тудыратын.
Ұжымды өзінің салихалы саясатымен, ұстамдылығымен ауызбіршілік пен ынтымақтастықта нәтижеге бағыттап, жұмысты үйлестіре білді. Еліміздің білімі мен ғылымының дамуына қосқан ерен еңбегі еленіп «ҚР білім беру ісінің үздігі», «Ы.Алтынсарин» төс белгісінің иегері, 2005 жылы ОҚО Әкімдігі өткізген байқау жеңімпазы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, «Лучшее предприятие, возглавляемое женщиной», «Құрмет грамоталарымен» марапатталған.
Білім саласының белді ұйымдастырушысы атанған ол 2011 жылдан бүгінгі күнге дейін, 1925 жылдан бері үздіксіз шығып келе жатқан еліміздегі бірден-бір басылым «Құрмет белгісі» орденді республикалық ғылыми-педагогикалық және әдістемелік «Қазақстан мектебі» журналының Бас редакторы қызметін атқаруда. Білім мен біліктің, таным мен тағылымның, талап пен таланттың қолдауымен биік сатыларды бағындырған Сәния Хайруллақызы еліміздің білім беру саласындағы танымал тұлға.
Лаура Тұрлыбекқызы ИСКАКОВА,
“Өрлеу” БАҰО” АҚФ Түркістан облысы
және Шымкент қаласы бойынша ПҚБАИ
директоры, п.ғ.д., профессор