Тәуелсіздік тұғырым

Биыл ел тарихындағы айтулы мереке  «Тәуелсіздікке – 30 жыл». Бұл әр қазақтың жүрегіне қуаныш сыйлайтыны, мақтаныш сезімін оятып, болашаққа нық сеніммен қарауға шыңдайды. Тәуелсіздік бізге ата – бабаларымыздың ерен еңбегімен, арман мақсатымен келді. Ендеше, мен осы педагогикалық еңбек жолымда алдымда отырған әрбір бүлдіршінге, педагог – әріптестеріме осы құдіретті тарихтың мәнін түсіндіруге, оның мағынасын ашуға ешқашан жалықпаймын.

Сол сияқты үйдегі балаларыма, немерелеріме әрбір нәрсенің еңбекпен келетінін жеткізіп отырамын. Тарих – бұл дастан, келешек ұрпақ парақтап ашатын кітап. Қазіргі жаңа ғасырда жастардың болашағы бағытталған түрлі технологияларды көргенде қайран қалатыным рас. Олай, дейтін себебім – мектепке дейінгі ұйымдар арасында, орта мектептерде жоғары оқу орындарымен теңесетін ақпараттар желісі күн санап артуда. Осының бәрін меңгеру педагог – маманға, әсіресе балабақша тәрбиешілеріне, яғни, маған баланың үнін тыңдау, ата – ананың көңілін табу, өзімнің тәрбие саласындағы еңбегімді шығармашыл тұрғыда шыңдау үлкен мәртебе.

Мәртебе демекші, еліміздегі 2020 жылы қолға алынған «Педагог – мәртебесі» заңы педагог пен баланың, педагогпен ата – ананың көзқарасын жақсартатын, шынайы сыйластыққа бастау болар тұжырымдама ретінде қабылдаймын. Мен жиырма жеті жол бойы педагог қызметін атқарудамын. Соңғы жеті жылда осы ұйымшыл ұжымда тәрбиешімін. Мен күнделікті өмірде атына заты сай маман болу үшін күн сайын ізденуден жалыққан емеспін.

«Білім  – инемен құдық қазғандай» – демекші, осы білімді алдымда отырған бүлдіршіндерге түсінікті етіп, қызықты жеткізу мақсатында жыл сайын балабақша басшылығының қолдауымен білімімді жетілдіруге бағытталған курстарға бардым. 2019 жылы  облыс орталығындағы жаңартылған білім беру бойынша курстан өтіп, ол жақта алған білімімді балабақшада күнделікті жоспарымда қолданып, оқу қызметтерімді өткіземін. Соның бірі, «Тәуелсіздіктің  – 30 жылдығына»  арналған туған өлкенің  табиғатын қорғау  мақсатында балалармен «Ғажайып табиғат әлемі»  тақырыбында ашық оқу қызметін ұйымдастырдым.

Оқу қызметімнің мақсаты балаларға жыл мезгілдерінің өзгерістеріне байланысты табиғат құбылыстарының ерекшеліктерін түсіндіру, түстерді ажырата білуге үйрету және шығармашылықтарын шыңдау. Сурет салудың әдіс – тәсілдерін үйрену арқылы саусақ моторикасын дамытуға бағытталған су бояуларымен жұмыс және де еліміздегі  пандемиялық жағдайды  ескере отырып, өкпеге арналған тыныс алу жаттығуы «Жөңкіген бұлттар» ойыны, баланың денсаулығын нығайтып, өкпе жұмысын жақсарту мақсатында  ойнатылды.

Балалардың бүгінгі оқу қызметімнен көптеген  ақпараттар алуға бағытталған жаңартылған білім беру талаптарын ескере отырып, педагогтың жетекшілігімен «Тәжірибе жасап, үйренейік!» ойынында табиғат құбылыстары бұлт, жаңбыр қалай пайда болатынын  зерттеп, тәжірибе жүргізіліп нәтижесінде көз жеткізді. Балалар үшін осы кезең өте қызықты болды. Барлығы алжапқыштарын тағып, іске кірісіп, мәре-сәре болды.

Ал, тәжірибеден кейін осы көрген табиғат құбылыстарын құрылымдалған «Табиғат құбылыстары» ойынында баланың қызығушылығына, қажеттілігіне қарай ресурстарды пайдаланып, «Дымқылдау», «Бастыру», «Саусақпен сурет салу» әдістерімен суреттер салды. Нәтижесінде, оқу қызметімді тәжірибе алмасу мақсатында  келген әріптестерім менің еңбегімді жоғары бағалап, басшыларым  болса, менің жан – жақтылығымды жас мамандардарға үлгі- өнеге беретін маман деп, бір қуантып тастады.

Сол сияқты мен балалармен «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» мерекесі қарсаңында қазақтың ұлттық ойыны  «Ханталапай» ойынын дәріптеп, видео- ролик дайындадым. Әсіресе балалар үшін қазақтың ұмытылып бара жатқан «Атпақыл (көтеріспек)», «Қыз қуу», «Асық ату» ойындары қызықты болды. Жалпы, қазақ халқының ұлттық ойындары балаларды ептілікке, жинақылыққа, сенімділікке шақырады. Бұл ата – баба дәстүрін ұрпақтан ұрпаққа дәріптеу сіз бен біздің парызымыз. Қорытындылай келе айтқанда, халық даналығында «Бұлақ көрсең, көзін аш», –  демекші, мен әрқашанда ізімнен ерген сіңілдеріме жол көрсетуден жалықпаймын және «Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміздің еңсесі биік болсын», – дегім келеді.

Ақмарал Ахметқызы САЛЫҚОВА,
“Күншуақ” бөбекжай –
балабақшасының
тәрбиешісі, Алматы облысының Іле ауданындағы
Мұхамеджан Түймебаев ауылы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий