Студенттік күндерімді ұмытпаймын

2012 жылы Еуразия ұлттық университетіне тарих факультетіне, ол кезде әлеуметтік ғылымдар факультеті болған, археология және этнология мамандығына бірінші курсқа қабылдандым. 2016 жылы бакалавриатты бітіріп, сол жылы магистратураға түстім. Магистратураны 2018 жылы тәмамдаған болатынмын. Мектептен тарихты жақсы көрдім, сол себепті тарихтан әртүрлі олимпиадаларға қатыстым. Армандарымның бірі елордамыздағы Еуразия ұлттық университетінің тарих факультетіне түсу болды.

Бала күнгі арманыма сол кезде қол жеткізіп, қазір тәмамдап, қызмет атқарудамын. Еуразия ұлттық университетінде алған білімім мансап жолымдағы жұмысыммен сәйкес келді. Осы жерде алған білімнің жұмыс барысындағы тигізіп жатқан көмегі өте зор. Тарих факультетінде білім беріп жатқан Тлеген Садыкович, Жамбыл Омарович, Марал Ғалымжановна секілді үлкен ұстаздардан алған тәрбиеміз, тек білім емес, ол кісілердің өмірлік тәжірибелері  жұмысымызға өте көп септігін тигізуде. 

Мен қазіргі кезде Қазақстан халқы ассамблеясында қызмет атқарамын. Басты міндет – этностармен жұмыс жасау. Еуразия ұлттық университетіне түсетіндерге айтарым, осы университетті таңдаңыз. Университетті бітіретін түлектерге айтарым – білімді жақсы алыңыз.  Университ адамға тек білім беріп қоймайды. Жастар арасындағы жұмыс жақсы қойылған бұл университетте. Жастар арасында ұйымдар бар. Олармен бірігіп отырып жұмыс жасасаңыздар, тек білім ғана алып шықпайсыздар, сонымен бірге өмірлік басқару жүйесін немесе өмірдегі ғылыми ортада, басқа да ортада өмірлік тәжірибені көп жинауға болады.

Сол себепті түлектерге айтарым Еуразия ұлттық университетін бітіргеннен кейін міндетті түрде сіздерді барлық орталық мемлекеттік аппараттық қызметке қабылдайды деп ойлаймын. Себебі Еуразия ұлттық университетінің беделі өте жоғары және бұл жерде өте сапалы білім береді. Студенттерге сәттілік тілеймін. Білімді әрқашан хоббиларыңызбен бірге алып жүрген жақсы. Кітапты оқи беруге де болады, бірақ одан ешқандай нәтиже шығармау да мүмкін.  Кітапты оқып, оны тоқу деген бөлек.

Еуразия ұлттық университетінде оқығанда, археологиялық экспедицияларға барып жүріп, ғылыми мақалаларды жазып үйрендім. Магистратурада ғалымдармен бірге кітабымыз шықты. Бұл жерде білім жағына ғана емес, ғылым жағына да қатты назар аударады. Сол себепті, ғылымды да қатар алып жүру керек. Жастарға айтарым, кітапты оқи беру бір бөлек. Оны жүзеге асыру екінші шаруа. Алған білімдеріңді тоқи біліп, алдағы жұмыстарыңызды жүзеге асыруыңызға тілектеспін.

Студенттік кезден кеше ғана шықтық, әлі ол кезді сағынамыз. Уақытты артқа шегіндірсе, студент болып жүре бергім келеді. Бұл университетте оқыған өте жақсы. Көптеген достар, көптеген ғалымдардың ортасы. Осы университетті жақсы көретін себебім, келген кезде маған Италияның ғалымдары сабақ береді, Францияның, Полша, басқа да елдердің ғалымдарымен бірге жұмыс жасаймыз деп, олар бізге дәріс оқиды деп ойламаппын. Осы армандарымның барлығын жүзеге асырған осы университет.

Сол уақыттарды әлі күнге дейін сағынамын. Оны жасыру мүмкін емес. Еуразия ұлттық университетінде көптеген студенттердің сұрақтары шешілуде.  Университетке тағы бір алғыс айтатын себебім шетелдік конференцияларға қолдау білдіріп, сол жаққа барып қайту шығындарымызды университет көтереді. Басқа университеттердегі құрбылармен ақылдасқанда, ол оқу орындарында ондай көмек көрсетілмейтінін білдік. Өзімізде ондай мәселе де туындамады.

Еуразия ұлттық университетін ойлап, еске алғанда біріншіден ұстаздық еткен ғалымдар ойға түседі. Экспедицияға бірге барып жүрген студент жастар есіме түседі. Еуразия ұлттық университетіне тек тілейтінім  ̶ әлемдік рейтингте алғашқы ондыққа кірсін. Университет түлектері, студенттері әрқашан жоғары, мәртебелі қызметте жүре берсін, көптеген ғылыми жаңалықтарды аша берсін.

Нүркен ӘБДІҒАЛИ,
тарих факультетінің түлегі, «Қоғамдық
келісім» басшысының орынбасары  

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий