Білім саласында қайталанбас қолтаңбасы бар

Ұстаз болу – адам бойындағы ұлы қасиеттердің бірі. Осынау үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы  ғұмырын білім саласына арнаған, ғылым көшін жылжытып, бәсекеге қабілетті қоғам қалыптастыруда өлшеусіз еңбек еткендердің бірі — Найман Исмурзина, – деп хабарлайды Ақтөбе облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

1959 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесін, кейін тарих мамандығы бойынша Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтын тәмәмдап, еңбек жолын Ақтөбе қаласы № 16 орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі ретінде бастаған ол білім беру саласында елу тоғыз жыл үздіксіз еңбек еткен ардагер ұстаз. 1967 жылы Ақтөбе облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында кабинет меңгерушісі ретінде еңбек етіп, мұғалімдерге дәріс оқыды. Сондай-ақ осы жылдары Ақтөбе облыстық атқару комитетінің халыққа білім беру бөлімінің инспекторы болып қызмет атқарды.

Нағыз азаматтық қасиеттерге ие Найман Адайқызы өзінің еңбексүйгіштігі мен қоғамдық белсенділігімен ерекшеленіп, 1968 жылы қатал іріктеуден өтіп, Ақтөбе облыстық оқу бөлімінің мектеп инспекторы қызметіне тағайындалды. Алты жылдық еңбек жолында ағарту ісінің озық қызметі үшін Қазақ ССР-ның төсбелгісімен марапатталды. Өз ісіне адал, сауатты, шыншыл асыл азаматша жігерлігімен көзге түсіп, облыстық оқу бөлімінің  үлкен сенімімен, 1974 жылы Ақтөбе облысы Октябрь ауданына оқу бөлімінің меңгерушісі қызметіне жіберіледі.

Мұнда ол аудан мәртебесін өсіру мақсатында бірқатар нақты жұмыстар атқарды. Осы қызметтегі екі жыл ішінде оқушылардың музыка мектебін ашып, совхозаралық пионер лагерін ұйымдастырды. 1974-1976 жылдары Октябрь аудандық партия комитеті жанындағы партия мектебінде оқып, 1974 жылы Октябрь ауданы №22 Восточно-Знаменский округынан аудандық Советінің  депутаты болып сайланды.  Сол тұстағы ерен еңбегі үшін Найман Адайқызы «Победитель социалистического соревнования 1975 года» төсбелгісімен марапатталды.

Ақтөбе облысы, Октябрь ауданында оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарған ол 1976-1978 жылдары Ақтөбе қаласына оралып, Педагогикалық училищеде педагогика мен психология пәні мұғалімі болды. Сонымен қатар, Халық депутаттарының Ақтөбе облыстық советі атқару комитетінде ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы болып еңбек етті. Сегіз жыл облыстық Қурайлы мектеп-интернатының директоры қызметін атқарған тұста да Найман Адайқызы қыруар іс тындырды. Мектепке көгілдір отын жүргізіп, ұлы педагог Макаренконың әдісімен түрлі жастағы балалар отрядын құрды.  

Ұстаздың бұл еңбегі де елеусіз қалмады,  сол тұстағы облыс әкімінің өзі Найман Адайқызына «Ударник девятой пятилетки» төсбелгісін таққан еді.  Ал 1986 жылдан бастап  Найман Адайқызы Ақтөбе облысының білім басқармасы басшысының орынбасары   қызметін атқарды. 11 жыл қатарынан Республикалық шағын комплектілі мектептер орталығының мүшесі болды. Алғаш рет осы тақырыпта облыстық конференция ұйымдастырған да өзі болатын.  Ырғыз, Ойыл аудандарында алғашқы эксперименталдық бастауыш мектеп-бақшалардың және 1993 жылы Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық қазақ-түрік лицейінің ашылуына да өзіндік үлесін қосты.

Сондай-ақ орта мектепті аттестациядан өткізу туралы әдістемелік нұсқаулықты құрастырып, білім беру ұйымдарының жұмысын жүйелендірді. Облыстың білім саласындағы жемісті де адал еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалін иеленді. Тәуелсіздік алып, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымыз енді танылып жатқан тұста да ұлттың, елдің болашағы үшін қажырлы қызмет атқарды. Өңірдегі дарынды оқушыларды, әсіресе ауыл балаларын анықтау, дамыту ісіне, зияткерлік әлеуетті көркейтуде үлкен үлес қосып, 2000-2005 жылдары облыстықмұғалімдердің білімін жетілдіру институтында алғашқы ашылған «Дарын» бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

Сол жылдары Ақтөбе, Атырау, Қызылорда облыстарының педагогтеріне нағыз дарынды анықтап, дамытуда бағыт-бағдар беру үшін, республикалық конференция ұйымдастырды. 2005-2015 жылдар аралығында ол елордасындағы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығында интеллектуалдық дамыту лабораториясының әдіскері болып абыройлы жұмыс атқарды. Елімізде халықаралық математика, физика, Менделеев олимпиадаларының және республикалық деңгейдегі пәндік олимпиадалардың ұйымдастырылуы мен өткізілуіне, оқушылардың нәтижелі қатысуына зор үлес қосты.

2006 жылы аймағымызға қайта оралып, «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығын ашып, орталықта бір жыл директор орынбасары қызметін атқарды. «Дарын» орталығында қоғамдық және жемісті еңбегінің нағыз кемеліне келген кезеңі болды. Ол «Білім беру ісінің үздігі», «Білім беру ісінде таланттарды тәрбиелеудегі еңбегі үшін» және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгілерімен,  «Олимп шыңына жетелеуші ұстаз», «Олимпиада қозғалысына адалдығы үшін» атақтарымен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды.

Тәуелсіз мемлекетіміздің ширек ғасырлық мерейтойына орай облыстық білім басқармасы тарапынан аға буын өкілінің елеулі еңбегі бағаланып «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» төсбелгісі табысталды. Исмурзина Найман Адайқызы — туған елге деген сүйіспеншілік арқылы парасатты да рухы биік ізбасарларды тәрбиелеу жолында дарынды ұйымдастырушы қырынан көрінді. Ұлағатты ұстаздың сол кезде берген өнегелі өсиетін, бағытын ұстанып, қазіргі таңда «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы 14 жыл бойы нәтижелі жұмыс атқаруда.  

Бүгінгі күні ол еңбек демалысына шыққан құрметті зейнеткер, аяулы ана, шөбересінің қолынан су ішіп отырған ақ жаулықты әже. Дегенмен ол әлі де жанымен, жүрегімен «Дарынмен» бірге. Ұлағатты ұстаздың елге етер еңбегі, жастарға, келер ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі жалғасын табуда. Найман Адайқызының білім саласындағы қайталанбас қызметі мен тағылымды тәжірибесі жастарға үздік үлгі өнеге. Найман Исмурзина Сіз — ақыл-парасатыңыз толысқан, күш – қуатыңыз кемелденген, кейінгі толқынның үлгісіне айналған тұлғасыз!

Өзіңіздің табандылығыңыздың, отансүйгіштігіңіздің, сауатыңыз бен жігеріңіздің арқасында талай жасты жарқын болашаққа ұмтылдырып, туған өлкеміздің өсіп-өркендеуіне зор үлес қостыңыз! Бүгінгі таңда сіздің ұстаздық жолыңызды таңдап,  тәлім алған мыңдаған маман, кезінде өзіңіз салған сара жолмен жүріп келеді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий