Саяси жазалаудың құрбаны болған парасатты педагог

Бүгінгі таңда еліміздің тарихында ең бір өткір тұрған мәселенің бірі өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы саяси қуғын-сүргінді шындық тұрғысынан, архив құжаттарының негізінде зерттеу болып табылады. Расында да тоталитарлық жүйенің негізсіз саяси жазалауларының құрбанына айналған жазықсыз жандардың, ұлт тұлғаларының талайлы тағдырлары әлі де кеңінен қарастыруды қажет етеді. Солардың ішінде жылдар бойы «халық жауы» ретінде атаусыз қалып, рухани мұралары жарыққа шықпай, елге есімдері жеткізілмей, тиісінше насихатталмай келе жатқандарын анықтау тарих ғылымының алдында тұрған басты  міндеттердің бірі екені даусыз. Кешегі  шерлі тарихымыздың  шежіресіне зер сала қарай отырып, әсіресе, тасада қалған тұлғаларды танып білуде, мұрағат қорларындағы оларға қатысты  «құпия құжаттарды» жарыққа шығаруда жаңа бір оң бетбұрыс, тың серпін байқалғаны да анық.

Белгілі бір өңірде туып-өсіп, бірақ басқа аймақтарда қызмет істеп, сол жерде жүріп қуғын-сүргінге ұшырағандардың бірқатары әлі де болса  белгісіз күй кешуде. Солардың ішінде күні бүгінге дейін өзінің лайықты тарихи бағасын ала-алмай келе жатқан ірі тұлғаның бірі – Сұлтанбек Бекұлы Садықбеков. (Сұлтанбек Садықбековті көпшілік көрнекті комсомол қайраткері, еліміздің бірқатар облыстарын 1937 жылдың қараша айына дейін, яғни «халық жауы» деген жалған жаламен ұсталып кеткенше басқарған Қызылорда облысының тумасы Садықбек Сапарбековпен шатастырып жатады).

Сұлтанбек Садықбеков 1904 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, сол кездегі Шәуілдір ауданы, «Сырдария» елді мекенінде дүниеге келген. Алты жасынан он жасқа дейін ескі ауылдың дала мектебінде білім алған. Сол аралықта қой да бағып әкесінің шаруашылығына да қолғабысын тигізген. Алғаш сауатын ашқан табанды баланың білімге деген құштарлығын арттыру үшін әкесі Бек 11 жастағы Сұлтанбекті 1915 жылы Шымкенттегі екі кластық қазақ-орыс мектебіне оқуға береді. Ол жерде бір жылдан астам уақыт ғана оқып, Қазан төңкерісі орын алуына байланысты мектебі жабылып, ол үйіне қайтуына мәжбүр болады. Дегенмен сол сабақ берген ұстаздарының арқасында зерделі шәкірт ретінде орыс тілін жақсы меңгеріп шығады. С.Садықбеков Сырдария губерниясында қызметте жүргенде 1925 жылы өз өмірбаяны жөнінде былай деп жазады:

«Әкемнің басқа да балалары болғандықтан, маған оқуымды жалғастыруға немесе басқа жаққа қызметке тұруға толық мүмкіндік болды. 1918 жылы Арыс қалалық жұмысшы-шаруа депутаттарының кеңесінде күзетші-таратушы (сторож-рассыльный) болып үш ай көлемінде жұмыс істедім. Содан тағы бір ай көлемінде мұсылмандар азық-түлік комитетінде қызмет атқардым. Сол жылы күз айында Ташкент қаласына барып, педагогикалық мұғалімдік курсқа түсіп, оны 1919 жылы көктемде бітіріп шықтым. Одан соң, Шымкентке келіп, уезд мұғалімі болып жарты жыл және де Арыста бір жыл жұмыс істедім». Ал ардагер басшы, Социалистік Еңбек Ері Боранбек Шүкірбеков текті әулеті турасындағы «Мен жүрген жол»  кітабында:

«…Әкемнің әкесі Әліпбек атам, Садықбек байдың баласы. Мыңға жақын қой, түйе, жылқы біткен бес ағайынды болыпты. Ескіше оқыған, оразасы мен намазы үзілмеген дінге берік атамыз 1904-1905 жылдары 40 жасында қасына 20 шақты адам ертіп, Меккеге қажылыққа барып келген. Әліпбек әжі атанып, ел арасында өте сыйлы кісі болған атамыздан бес ұл, төрт қыз туған. Бес ұлынан өрбіген ұрпақтары бүгінде жүз шаңырақатан әлдеқашан асып кетті. Мен – осы Әліпбек-әжінің немересімін. Әліпбек әжінің ағасы Бек дәулетті бай болған. Патша үкіметі тұсында екі баласын орыс оқуына берген. Садықбеков Сұлтанбек деген ұлы Қазақстандағы алғашқы оқу орындарының бірі Шымкент педагогикалық оқу орнының директоры, Сырдария губерниясында ГУБОНО бастығы, Қарағанды облысы кеңес атқару комитетінің хатшысы, Кеңестік Қазақстан білім беру министірлігінде жауапты қызметтерін атқарған.

Сәкен Сейфуллинмен дос болып, отбасымен араласқан ағамыз – өзі ақын, әрі рең-басы келісті, көрген кісі қызығып қарайтындай айырықша келбетті жан болған»,-деп  Сұлтанбектей дара тұлғаның шыққан тегі, өскен ортасы  жайлы бірқатар мәлімет бере кетіпті. Сол жылдары білім жолында жүрген жас азамат айналасындағы аумалы-төкпелі заманды өз көзімен көреді. Халқының ауыр жағдайы, елінің тағдыры оны қатты ойға қалдырып, толғандырады. 1920 жылы Шымкентте өңірлік үш айлық мұғалімдік курсына түсіп, оны жақсы аяқтап, сол жерде 2-3 ай мұғалім болып қызмет атқарады.

Осылайша білімін көтере жүріп, жаңа өмір жолына түсе бастайды. Сол жылдың күз айының аяғында жас алғыр жігіттің қабілетін байқаған Түркістан Халық ағарту Комиссариаты Сұлтанбекті Самарқанд қаласына аттандырып, сонда қазақ мектептерін  ашу үшін ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуді тапсырады. Ол жұмыстарды ойдағыдай атқарып, қазақ мектебін ашып, 1920-1921 оқу жылының аяғына дейін сонда қызмет атқарады. Садықбеков өмірінің осы кезеңдері жайлы мәліметтерді Кеңестік Қазақстандағы ең беделді басылым санатындағы «Ақ жол» газетінен де кездестірдік. Жалпы Сұлтанбектің  шығармашылығы туралы сөз қозғағанда  оның осы газеттің белді тілшісі болғанын да айта кеткен дұрыс. Себебі біздіңше «Ақ жолдың»  ұлттық мүддеден айнымай, жұрт жоқшысына, шындық шырақшысына айналуына оның да қосқан үлесін байқауға болады.

Бұған қайраткердің «Ақ жол» беттеріндегі маңызы әлі де жоғалмаған мақалаларын бір сүзіп шыққансын-ақ көз жеткізіп отырмыз. Әсілі қиырдағы Самарқанда жүріп-ақ, ел хабарын бұрмаламай, бұлтаққа салмай шынайы жеткізе білу Садықбековке тән бе дейміз. Өйткені стилі бөлек, ерекше. Кейде тауып, бәзбірде қауып айтатын қаламгердің көбінде мәселенің тігісін жатқыза жұқалап жеткізіп отырғанын оқығанда ризашылдық сезімде боласыз. Қалам құдыреті деген осы болса керек. Көлемі шағын мақаласымен-ақ көлдей бетте көсілуге болатын мәселені шашауын шығармай жұп-жұмыр күйінде оқырманға ұсына қояды. Ащы сарказмының, өткір әжуасының астарынан жергілікті биліктің қара халықтан қатты алшақтап кеткенін аңғару да ойлы оқырманға қиынға соқпайды.

Қараңыз. «Самарқандта қазақ мектебі» мақаласында ол Самарханд облысындағы Достонов деген станцияда облыстық халық ағарту бөлімі қазақ, орыс балалары үшін жүз балалық ортақшылдық мектебін ашқанын қуана құптай отырып,  орыс балалары бұзықтық қылып, білім ордасынан басы бүтін шығарылғасын   50-ге тарта  қазақ балалары  қалған таза қазақ мектебінің жай-күйін  ашық айтып,  он сайманынан бір сайманы жоқ, әрі қызметшілері де аз, оқу құралдары дегенді атымен көрмеген мектептің болашағына алаңдайды. «11 майда Самарқаннан халық ағарту бөлімінің бастығы Рахманбердиев шықты. Бұлар мектепті көргеннен кейін «онда сарт пен қазақтың баласын қосып оқытуы керек», – деді. Біз «қосып оқытуға болмайды, өйткені арада тіл айырмасы бар», – дедік.

Ақырында айтқанымызды тыңдамай тілінің арасында айырма жоқ деп өзі білмей, білгеннің тілін алмай, мектептеріңді Самарханд қаласының ішіне апарып өзбек мектебіне қосамыз яки осы жерге өзбек баласын әкеп қосамыз һәм мектептерінің қызметшілері аз екен. Мынау оқушыларыңның ішінде ересек балалар бар екен. Бұлар үлкейіп кетіпті. Енді бұлар оқушылықтан шығады. Мектепке жұмыскер болады деді. Сөйтіп 16-ға жетер жетпес баланы жазып алып кетті»,-деп  Самарханд үйезінің халық ағарту бөліміне елдің наласын қаз-қалпында жеткізіп, қазаққа рахымы жоқ Рахманбердиев секілділердің көппен кеңеспей, өзімбілермендікке салынуының салдары ауыр болатындығын ескертумен бірге, мұндай  жергілікті халықтың жағдайынан бейхабар  басшының халықты ағартпақ түгіл қарайтып жіберуі де мүмкін екендігін алға тарта отырып, тиісті шара қолдануды талап етеді.

Сонымен қатар бұлтарпас фактілерді де жайып салады. Шындығында сол кезде Самарханд облысында бірнеше болыс қазақ  тіршілік кеше тұра  бір  қазақ мектебі  ашылмаған болатын. «Қазақ мұғалімдері жоқ» деген жалтарма жауапқа да өз уәжін дәлелді түрде жеткізген қайраткер  ат төбеліндей жалғыз қазақ мектебін көп көріп,  өзбек мектебіне қосып, аралас мектепке айналдыруға шама-шарқынша қарсы шығады. Халық ағарту мекемелерінің мәселені басты назарда ұстауын сұрайды. Жалпы қашанда жұрт қамын ойлап, ел тұрмысын түзеуде туралығынан танып көрмеген Сұлтанбектің Самарханд халқының «жанайқайын» жоғары органдарға «төртінші биліктің» атынан еш боямасыз жеткізе білуі де оның беделді басылымның белді тілшісіне айналуына септігін тигізген басты фактор деуге болатын сияқты.

Ал кейіннен Шымкент қаласына қайта оралып, Сырдария губерниялық педагогикалық техникумында тәрбиеші болып бір жыл қызмет істейді. 1923 жылы «Ахмет» атындағы (қазіргі Қ.Сыпатаев мектебі) мектепті ұйымдастыру жұмысына атсалысып, сол мектепте оқытушы болады. Өзіне тапсырылған жауапты жұмыстарды тиянақты орындай жүріп 1924-1925 жылдары Шымкент уездік білім беру бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарса, 1925 жылы Сырдария губерниялық оқу бөлімін басқарады. 1925 жылы маусым айынан жоғарыда аталған «Ахмет» атындағы мектепте мұғалімдік қызметпен бірге Сырдария губкомының педагогикалық қайталау курстарының меңгерушісі болады.

Осы жылдарда оның жолы Оңтүстіктің белгілі тұлғалары қатарында білім саласын өрге сүйреуде өлшеусіз үлес қосқан Сейілбек Үсеновпен, Тәңірберген Отарбаевпен, Жүсіпбек Аймауытовпен, Мұса Мылтықбевпен түйісті әрі рухани байланыста болды деп нық сеніммен айта аламыз. Тарқата айтсақ, жиырмасыншы жылдардың орта шенінде С.Садықбековтың ұйымдастырушылық, басшылық қабілеті танылып, қызмет сатысымен  бірте-бірте жоғарылай бастайды. 1926 жылы Шымкент педтехникумын басқара отырып, әдебиетіміздің алыптарының бірі Ж.Аймауытовпен қызметтес болады. Қазақстандық бірқатар ғалымдар Жүсіпбек Аймауытов Шымкент педтехникумын сол жылдары басқарған дейді.

Бір айта кетерлігі, ұстаздық міндетін мінсіз атқарған Жүсіпбек Сейілбек және Сұлтанбек сияқты «Ақ жол» басылымының редколлегия мүшелігіне де еніп, қаламгерлігін де қатар ала жүріп, көптеген конференцияларда баяндама жасап отырған. Ал қызмет бабымен Шымкент қаласына ауыстырылғанда да ең алдымен Аймауытовтың кәсібилілігі мен тәжірибесі, ұйымдастырушылық қабілеті мен аса зор қаламгерлік қуатты қатты ескерілгенге ұқсайды. Әйткенмен ол, біздің пайымдауымызша, 1926 жылы Шымкент педтехникумын басқармаған.

Бұлай деуімізге Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатынан табылған тың дерек-дәйектер негіз болып отыр. Өйткені осы педтехникумдағы Жүсіпбектің қызметкер ретіндегі жеке іс парағында оның мұғалім болғандығы анық көрсетілсе, осы педтехникум директоры С.Садықбековтың қолы қойылған ұжымның жалпы тізімінде Руснак, Жиенбаев, Байдюк, Исаев, Афанасьев. Абрамов секілді 14 педагогтың ішінде педагогика пәнінің мұғалімі ретінде Жүсіпбектің де аты аталады. Олай болса әдепкіде Аймауытов пән мұғалімі болып қызмет істеп, іскерлігінің арқасында бір-екі жылдың бедерінде басшылық қызметке қол жеткізген деген пікірдің жаны бар сияқты.

Өйткені осы мұрағаттан алынған 1926 жылдың шілдесі көрсетілген тағы бір құжатта педтехникум директоры ретінде Сейілбек Үсеновтің қолы тұр. Осы жылы С.Үсенов Шымкент қаласындағы Ахмет атындағы жеті жылдық мектептің (қазіргі Қ.Спатаев атындағы мектеп) директоры болып ауысып кеткеннен кейін педтехникумды Сұлтанбек Садықбеков басқарған көрінеді. 1926 жылдың 26 қазанында толтырылған мұрағаттық деректе Ж.Аймауытов тағы да мұғалім ретінде көрсетілген. Алайда Сырдария губерниясының халыққа білім беру бөлімі 1927 жылдың қыркүйегінде С.Садықбековты ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды өз бақылауында ұстай алмағандығы және бюджет қаржысын тиімді жұмсауда елеулі кемшіліктерге жол беріп алғаны үшін қызметіне лайықсыз деп табады.

Оның орынбасары Шеменевтің де қызметтік лауазымы қатардағы мұғалімдік деңгейіне төмендетіледі. Өз әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орната алмаған Шеменев губерниялық халық ағарту бөлімінен сан мәрте ескерту алып, нәтижесінде қызметінен шеттетіледі. Ол тіпті кезінде осы халық ағарту бөлімінде жұмыс жүргізген жылдарында да оқытушылар арасындағы кикілжіңдерге жиі араласып, методист қызметімен де хош айтысқан болатын. Осы кезеңде Шемелевтің сойылын соғушылардың бірі болды деп келінген Байдюк бұл жалған ақпараттың негізсіздігі дәлелденген соң өз жұмыс орнында қалса, Жиембетов педтехникумнан өз өтініші бойынша қол үзеді.

Алайда бұл құжатта Ж.Аймауытов жайында тек дұрыс пікірлер айтылып, оның ұстаздық қызметіне оң бағалар беріліпті. Осы дерекке қарап отырып-ақ Ж.Аймауытовтың С. Садықбековпен де, С. Үсеновпен де әріптестік тығыз қарым-қатынаста болғанын, шығармашылық байланысын да үзбегенін аңғару қиын емес. Ал 1927 жылы 23 жасар қайратты да жігерлі азамат бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партиясының мүшесі болып қабылданады да, одан кейінгі қызметтері біріңғай партиялық – кеңестік қызметтер жүйесімен тікелей байланысты болады.  Яғни 1928-1929 жылдары Сырдария облыстық партия комитетінің техникалық хатшысы, 1930 жылы Шуда Мойынқұм аудандық атқару комитетінің төрағасы,  1931-1932 жылдары сол кездегі Қарағанды облысы Еңбекшілдер аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1933 жылы Шучьеде «ҚазАлтын» трестінің басқарушысының көмекшісі, 1934-1935 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің хатшысы, ал 1936 жылдың наурыз айынан 1937 жылдың маусым айына дейін ҚазАССР Оқу-ағарту Халық комиссариатында үлкендерге арналған мектеп  басқармасының басшысы қызметінде болады.

Оқу-ағарту саласымен жақсы  таныс  С.Садықбеков жағдайды өз көзімен көріп, үлкендерге арналған мектеп жүйесін дамыту, оқуға қажетті құралдармен қамтамасыз ету, мұғалімдердің білімін жетілдіру мәселелеріне үлкен көңіл бөледі. Жоғарыда айтылған »Ақ жолда» бірқатар мақалалар жариялады. Солардың бірі «Ақ жолдың» 1925 жылғы  18 наурызда жарық көрген «Халық ағарту ісі туралы» мақаласы.  Осы елеулі еңбегінде ол сала маманы ретінде ұзын саны 23-сауалға жауап қатып, біріншіден, отырықшылыққа бейімделмеген елдің ыңғайына жығылып уақытша болса да жұртпен бірге көшіп қонып жүре беретін көшпелі мектеп ашуды; сол мектептерде тәжірибелі білікті мұғалімдер жоқтықтан, әзірше комплекті оқытуды қоя тұруды; ел арасынан ашылған әрбір мектепті мәдениет ордасына айналдыруды; қолда бар институт, педагогика техникумдары жанынан жылдық тез мұғалім даярлайтын өзгеше курс ашуды;  қазақ университетін құруды ұсына отырып, оқытушы атаулының тұрмысы оңалмай отырғанын тілге тиек етіп, өз ойын былайша түйіндейді:

«…Оқытушылар қызмет ақысы былай еткенде оңалады: Хүкіметтің де һәм жергілікті бюдьжеттің де түсімінен пайдалану керек. Жыл басында хүкіметтен берілетін ақша санын біліп, бірсыпыра мектепті соған шақтап қаратып оны жергілікті бюдьжеттен бүтіндей шығарып қою керек. Бір жылға есептеп бөлгенде бұл екі бюдьжеттен де сыбаға тимей, ақша жетпей қалатын мектептерді жыл басынан қамданып ел мойнына арнап болса да өлтірмес әрекетін істеп қою керек. Қаржысыз оқытушы ілгері баспайды. Бұған дәлел керексіз. Мектеп үйлерін осы күндері жерге орналастыру жұмысы бітіп, қыстақ болуға бет берген ел жиі жерлерден салу керек. Ел күшімен болмаса әзір хүкімет күшімен мектеп салуға үміт жоқ-ау.

Былайша айтқанда, ол тұрмысқа қажеттінің бәрі қат болып,  оқудың да екінің бірінің маңдайына жазылмай, табысынан  гөрі  шығысы, жетістігінен гөрі жеңілісі көп болып тұрған саланың басына есті басшы келмей саланың сауықпайтынын ұқтырып,  білім саласына бейсауат жандарды жақындатпау керектігін  де астарлап айта келе оқытушылар жағдайын жақсартпай зерделі ұрпақ тәрбиелеп шығарудың қиынға соғатынын  айтады. Одан бөлек жас тілші «Жылыбұлақ болысында партияшылық ісінің күшеюі», «Азық жиюшылардың қиянаты», «Баспасөз ісіне өзгеше зер салу керек», «Складшының қиянаты», «Шолақ арық» мақалаларында да өзекті мәселелерді көтеріп, қоғам талқысына салады.

Анығы сол, Садықбеков те сол кеңестік солақай саясаттың қырына ілініп, саяси қуғын-сүргін құрбанына айналды. Бүгінде, осы уақытқа дейін жарыққа шықпай, белгісіз жатқан құжаттар мен архив деректерін пайдалану арқылы сонау 30-жылдардың ащы шындығына барынша көз жеткізе түскендей боламыз. 1937-1938 жылдардағы Үлкен террор тек  Кеңес одағын ғана шарпыған жоқ, бүкіл қазақ халқына жасалған нағыз қасірет болды. Белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеу Көлбаев осы зобалаң жөнінде былай дейді: «Басында 1935 жылы партия мүшелерінің есебін дұрыстау, сонымен партияны жат элементтерден тазарту мақсатымен басталған жұмыс қыза-қыза келе 1936-1938 жылдары қып-қызыл қырғынға айналды.

… Жаппай ату,  репрессиялау 1938 жылы ақпанның ортасынан наурыздың ортасына дейінгі бір ай ішінде жүрді. Он күннің ішінде бүтіндей Қазақстанның үкіметін атып тастады, сол кезде Жоғары Кеңестің төрағасы болып сайланған Ұ.Құлымбетовті, Орталық партия комитетінің бес хатшысын, төрт меңгерушісін, бюро мүшелері түгел, Жоғары Кеңес төрағасының орынбасарларын, Госпланның төрағасын, бірқатар министрлерді атып тастап, олардың 19-ының ғана аты-жөнін жариялады».  

1938 жылы 25 ақпанда Қазақ Республикасының белді қайраткерлері Т.Жүргенов, Ж.Садуақасов, С.Мендешов, С.Есқараев, Қ.Жұбанов, І.Құрамысов, Қ.Сарымолдаев, С.Сейфуллин, Ғ.Тоғжанов, Қ.Таштитов бар, барлығы 39 қайраткер атылған болатын. Солардың ішінде Сұлтанбек Садықбеков те бар еді. Сол кезеңнің шынайы шындығын, бет-бейнесіне архив деректері арқылы тағы бір шолып шығатын болсақ, Сұлтанбек Садықбековтің тағдыр-талайы аласапыран кезеңнің жазықсыз құрбанына айналған басқа да ұлы зиялыларының тағдырымен ұқсас болғанына, тіпті өзара байланысып жатқанына көз жеткізу қиын емес. Сол баяғы «Контререволюциялық қызметтері үшін», «Кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасаушылар» және тағы да басқа айыптаулар.

Жалпы С.Садықбековтың өмір жолы, қоғамдық мемлекеттік қызметтері сол Қазақстандағы орын алған қоғамдық-саяси үдерістермен тығыз байланысты болды. Алғашқыда байдың баласы, қоғамға жат элемент, партия қатарына қабылданғанда шығу тегін жасырды. «Алашордашылармен байланыста болып, оларды идеялық жағынан қолдау көрсеткен деген айыптауларға» ұшырады. Мәселен, 1935 жылы қараша айында Петропавл қалалық партия комитетіне әулетінің шығу тегі жөніндегі берген түсініктемесінде былай дейді:

«Менің әкемнің әкесі Садықбек, естуімше 1880 жылға дейін ірі байлардың қатарында болған. Оның 1000 жуық ұсақ малдары және 200 бас ірі қара малы болған. Әкем Бек 1916 жылға дейін ауқатты болғаны рас, бір жалдамалы жұмыскері (оның өзі туысы болған және бірге тұрған), төрт отбасынан барлығы 24 жан болған. Олардың 600-ге дейін ұсақ малы (қой, ешкі) және де 30 бас ірі қара (жылқы, түйе) болған. 1916 жылы «жұт» кезінде барлық малынан айырылып, бірден кедейге айналып, 20 шақты бас ұсақ мал және бір түйе, бір аты ғана қалды. Сол кезден бастап біздің отбасымыздағы жұмысқа жарамды мүшелері: ағайынды Әлтай, Пазылбек, Омарбек, Зиябек, Байжан, Асанбек, Қойбағар – барлығы әйелдерімен жұмысқа жегілген болатын.

Олар жазда уақытша астық жинаумен, қыс айларында Қызылқұмда сексеуіл дайындаумен айналысып жан бақты. Әкемнің жасы 85-те болғандықтан, жұмысқа жарамсыз болды, ортаншы ағам Зиябек шаңырақ иесі болып қалды. Менің анам бұрыннан кедей қызы еді. Ата-анам және бауырларымның ешқайсысы сайлау құқығынан айырылған емес, еңбекші шаруа қатарында болды. 1931 жылы асыра сілтеу кезінде рушылдықтың кесірінен, жеке бас араздық орын алып, колхозда бір-бірімен есеп айырысудан кейін ағам Пазылбек және әкем Бек колхоздан заңсыз шығарылған болатын. Артынша бай-қулақ деп жер аударылды. Біршама уақыттан соң ҚазАСР ОАК-тың арнайы келген тексеруінен кейін бұл әрекеттер дұрыс емес деп табылып, Пазылбек және Бек Садықбековтердің құқықтары қалпына келтіріліп, қайта колхоз мүшелігіне қабылданды.

1933 жылы өмірбаянымды толтыру кезінде қателікке жол бергенім рас, әкемді орташа шаруа деп жазғанымды мойындаймын. Бірақ шындықты әдейі жасырайын деген ой менде мүлде болған жоқ. Жалпы мен шыққан тегімді жасырған емеспін. Партия қатарына өтер кезде де, тексеру кезінде де шындық жағында болдым. Ол жөнінде жауапты қызметтерде жүрген кезімде Крайкомды да, Қаз ОАК-ті де ескертіп отырдым». Дегенмен 1937 жылы сталиндік «қанды құйын» шамадан тыс өршіп, өзінің ең сорақы шарықтау шегіне жетіп, Сұлтанбек Садықбековтей ірі азаматты да қанды құрығына іліп әкетті. 1937 жылы 25 маусымда ол тұтқынға алынып, 1938 жылы 25 ақпанда Алматы қаласында атылды.

Оған  «1925 жылдан бастап Қазақстанда әрекет еткен буржуазияшыл -ұлтшыл, террористік және контререволюциялық ұйымның белсенді мүшесі болды, ұйым басшылары С.Қожановпен, Т.Рысқұловпен, Н.Нұрмақовпен, С.Есқараевпен, Т.Жүргеновпен және И.Тоқтыбаевпен бірігіп, байланыс жасай отырып, кеңес билігін құлатып, Қазақстанды КСРО-дан бөліп алуды көздеді және буржуазиялық қазақ мемлекетін құруға әрекет жасады» деген айыптар қойылды. Сонымен бірге «1929-1930 жылдары Сарысу, Созақ, Қызылқұм, Шу аудандарында орын алған көтерілістерді тікелей ұйымдастыруға атсалысты» деген де айып тағылды.

Тек 1958 жылы 14 мамырда КСРО Жоғарғы Сотының Әскери Коллегиясының шешімімен қылмыстық іс тоқтатылып, С.Садықбековтің біржолата ақталғаны жөнінде мәлімет берілген. Сұлтанбек Садықбековтің аз жасаған ғұмырында (бар-жоғы 34 жас) атқарған қызметі ұшан-теңіз, елімізді түлетуге келгенде  де еш аянып қалмаған, өңірді дамытуға өз үлесін қосқан қайраткердің өнегеге толы өмір жолын бүгінгі ұрпақтың да білгені жөн. Себебі әлі күнге дейін оның есімі мүлдем аталмай келеді. Оның өмірі мен елі үшін атқарған қызметі тіптен ескерусіз қалған. Біздің мақсатымыз – ұмыт бола бастаған осындай тұлғаларымызды дәріптеп, кейінгі жастарға жеткізу. Оның Алаш зиялыларымен тығыз қарым-қатынасын зерттеу болашақтағы мәселелердің бірі болар деген ойдамыз.

Сейдехан Нұрмаханұлы ӘЛІБЕК,
М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжінің
директоры,
тарих ғылымдарының докторы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий