Күй ұлт рухын өрлетеді

Рухани жаңғыру бағдарында айтылғандай, ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса ешқандай жаңғыру да болмайды. Қазақ қуанса да, қапаланса да домбыраға қол созған, күймен жұбанған, қуанышын білдірген. Кеңес қыспағындағы қапас кездерде Мұхтар Әуезовтің «қазақтың ұяты күйінде ғана қалды» деп күңіренуінде үлкен астарлы мән жатыр.

Бүгінгі күні Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының мектеп қоңырауларын «күймен» ауыстырсақ деген ұсынысының қоғамда үлкен талқыға түсіп жатқанын оқып өз ойымды айта кетсем деп отырмын. Осыған дейін айтып жүргенімдей, қоғамымызда әлі де орыстілділер, қазақтілділер деген сөз бар. Қазақ тілін ауылдық жерде білім алатын балаларымыз жақсы біледі, ал қаланың балалары қазақ тілін толық біле ме, бұл әлі де өзекті мәселе болып қалуда.

Десек те, қазір құдайға шүкір қазақ тілінің өз өрісі бар, дамып келеді. Бірақ, қазақтың тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сол ауылдан шыққан балаларымыз қаланың балаларынан басым білетіні сөзсіз. Өзгеріс үнемі болатын нәрсе, тоқтамайды. Өзгермейтін бір Алла, қалғанының бәрі өзгерісте. Заман талабына сай мектептерде арпалысып, қазақ тілін жетік меңгертпей жатып ағылшын тілін оқытып жатырмыз, орыс тілін оқытып жатырмыз.

Ал, қазақ елінде мектептердегі қоңырау үнін күймен ауыстырса қандай кері әсерін туғызуы мүмкін? Мен бұл ұсынысты естіп, қатты қуандым. Өйткені, күй – біздің ең ардақты, ең әлеуетті, ең сәулетті ұлттық құндылығымыз, ұлттық кодымыз, ұлттық мәдениетіміздің төресі. Күй өнері салт-дәстүр мен қоғамдық өмірді реттеп отырады десек те артық болмайды. Күй – халқымыздың тұрмысын, тарихын, тағдырын жеткізе біледі. Тәңірім домбыраға әу бастан-ақ қазақтың тілі болуды, қазақтың үні болуды еншілеп сыйлаған екен.

Ендеше, күй өнері қазаққа Тәңірдің тартқан ерекше пешенелі сыйы екендігі де еш шүбәсіз. Атақты жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов «Сөз айта алмайтын заман болғанда, айтатын ойдың бәрі барып аспаптың көмейіне тығылады» деген. Ал «Ақаң» деген әзиз атқа лайықты тағы бір абзалымыз, «Күй шежіре», «Қазақтың күй өнері» атты іргелі еңбектер тудырған Ақселеу Сейдімбек бұл айғақты болжамды одан әрі түбірлеп тексеріп, байыпты тұжырым жасайды.

Күй деп басталатын қай сөзіңіз де сезіммен астасып жатады дейді. Сол сөз көшпенділердің ең киелі сезімі – тәңірлік наным-сеніммен ұштасып жатады. Демек, «күй» деген Тәңірлік құбылысты білдірген. Тәңірдің дыбысы деген мағынамен шендес болғаны аңғарылады» деп күйдің қасиет-киесін шығанға шығара, шынайы болмыс-бітімін айғақтай көрсетіп асқақтатады. Қанымыздағы бабалардан мирас ізгі қасиеттерді қайта түлетуде күйден асқан катализатор да жоқ болар.

Ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілері қатарындағы күйлеріміз мұхитқа құяр дариялардай айдынды. Қазіргі жақсы мен жаманды ажырата алмай қалған заманда, жастарымызға мектеп табалдырығын аттағаннан бастап қазағымыздың әсем әуендерін тыңдатсақ, ұлтжандылыққа тәрбиелеп, қазақтың тарихын айғақтайтын күйлерін тыңдатсақ, жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениеттің де көш басында жауһар күйлеріміз тұрса артық болмас деп ойлаймын. Осындай тәрбиелік мәні бар ұсыныстар алдымызда өткізілетін тамыз кеңесінде көпшіліктің қолдауын табатынына және ұлт рухын арттыруға септігін тигізетініне сенімдімін.

Ғарифолла ЕСІМ,
ҚР ҰҒА академигі, Л.Гумилев атындағы
ЕҰУ, философия ғылымдарының докторы,
профессор

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий