Эмоционалдық интеллект: Дамытудың психологиялық аспектілері

Пандемия жағдайында бүкіл әлемнің білім беру экожүйесінде көптеген мәселелер туындады. COVID-19 дағдарысы білім беруге, отбасыларға және экономикаға қалай әсер етеді? Бірақ ең маңызды мәселе – COVID-19 пандемиясынан туындаған қиын кезеңдерде өзіңізді және оқушыларыңызды қолдау үшін не істеу керек?

Бұл өзгеріске бейімделу қиындық туғызған адамдардың төзімділігі сынға түскен сәт келіп жетті. Бұл кезеңнің қанша уақытқа созылатынын білмеу адамдардың сабырлы, қалыпты деңгейді сақтау оңай болмай тұрғаны белгілі. Бұл сынақтан қалыпты өту үшін эмоционалды реакцияларыңызды бақылау және оларды басқаруды үйрену маңызды. Өзіңіздің ішкі «қозғаушы күш» – мотивтерді түсіну қажет. Эмоционалдық құзыреттілік ешқашан өзімізге, айналамыздағы адамдарға және бүкіл әлемге қазіргідей маңызды болған емес. Біз коронавирус пандемиясын басқара алмаймыз, бірақ «эмоционалды вирустардың» таралуын тоқтатуға күшіміз жетеді.

Дәл осы сәтте әлеуметтік-эмоционалды оқыту бірінші орынға шығады. Эмоцияны тану және эмоционалды интеллект күшін пайдалану бұрынғыдан да маңызды. Әлем төңкеріліп жатқанда, көңіл -күйді басқаруға, сізді үмітсіздіктен құтқаруға және мазасыздық пен стресстің жойқын көріністерге айналуына жол бермейтін «құралдарды» қолдануға мүмкіндік бар. Жазушы Чарльз Свиндолл: «Өмір – бұл сенің басыңнан өтетін жағдайдың 10% -ы, ал 90% сенің оны қалай қалай қабылдайтының», – деп жазған. Ал біз және біздің балаларымыз өмірде не болып жатқанын қалай қабылдайтынымыз эмоционалды интеллектінің дамуына байланысты.

Осылайша, бір ғана болған жағдайды біреулер табысқа жету ретінде, екіншілері маңызды жолдың нәтижесі ретінде, ал үшіншілері сәтсіздік ретінде қабылдайды. Соңғы жылдардағы зерттеулер статистикасы бізді қуантпай отыр: қазіргі ұрпақтың интеллектуалдық деңгейі жоғарылайды, ал эмоционалдылық деңгейі төмендейді. Балалар ақылды бола бастайды, бірақ олар өз ақылын басқара алмайды. Олар «миына қанша күш салса да», өз кезегінде ерте ме, кеш пе кәсіби салада және тұлғалық салада жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін миды «басқарып, бейімдеп және тежеуді» білмейді.

Өз эмоцияларыңыз туралы сезіну және басқалардың эмоцияларын түсіну, стресс пен прокрастинацияны жеңу, өз бойынан мотивация, даму және өзін-өзі бағалаудың ресурстарын табу – бағалы тұлғалық құндылық. Көбінесе бұл эмоцияларды түсіну және басқара алмау, бұл жаңа мақсаттар мен жетістіктерге жетуге кедергі келтіретін мәселеге айналады. Ғылымның заманауи даму кезеңінде эмоционалды интеллект туралы зерттеулерге қызығушылық артуда. Дегенмен, эмоция мен интеллект арасындағы байланыс әлі де кеңінен талқыланатын мәселе. Эмоционалдық интеллект негізі әлеуметтік интеллект (Э. Торндайк,   Дж. Гилдфорд, Г. Эйзенк), сонымен қатар тұлғаішілік және тұлғааралық интеллект (Х. Гарднер) құрайды.

Әлеуметтік интеллект – бұл әлеуметтік өзара әрекеттестіктің сәттілігін анықтайтын қабілеттер жиынтығы. Басқа адамның мінез – құлқын, өзінің мінез -құлқын және жағдайға сәйкес әрекет ету қабілетін түсінуді қамтиды. Тұлғаішілік интеллект көбінесе рефлексияға, өзін-өзі талдауға, өзін-өзі тануға қабілетіне, ал тұлғааралық интеллект – кейбір кездері тұлғаішілікке қайшы келеді.

Ғылыми қолдануға «эмоционалдық интеллект» терминін енгізудің алдында эмоционалды және танымдық процестердің өзара байланысы туралы көзқарастың біртіндеп өзгеруі жүрді. 1990 жылы Дж.Мейер мен П.Сэловей өзінің сезімдері мен айналасындағы адамдардың сезімдерін бақылау, олардың арасындағы айырмашылықтарды көру және алынған ақпаратты ойлау мен әрекеттерді бақылауда пайдалану үшін «эмоционалдық интеллект» терминін әлеуметтік интеллект құрамдас бөлігі ретінде бірінші болып қолданды.

Д. Гоулман эмоционалдық интеллект – бұл тұлғаның сезінуге, өзін -өзі ынталандыруға, көңіл -күйді реттеуге, импульсивті көріністерді басқаруға, фрустрациядан аулақ болуға және осылайша күнделікті өмірде табысқа жетуге мүмкіндік беретін факторлардың жиынтығы деп есептейді. Эмоционалды интеллектінің дамуы бес компоненттен құралады: Өзіндік сана – адамның эмоциясы мен мотивациясын дұрыс түсіну, оның күшті және әлсіз жақтарын бағалау, мақсаттары мен өмірлік құндылықтарын анықтау қабілеті. Өзін-өзі реттеу – өзінің эмоцияларын басқара білу және импульстарыңызды бақылау қабілеті.

Мотивация – мақсатқа қол жеткізе алатынын дәлелдеуге ұмтылу қабілеті. Эмпатия – басқалардың эмоцияларын түсіну, шешім қабылдауда басқалардың сезімдерін ескеру және басқа адамдардың жағдайын түсіне алу қабілеті. Әлеуметтік дағдылар – адамдармен қарым-қатынас орнату және олардың мінез -құлқын қажетті бағытқа бұра алу қабілеті. Өзіндік сана мен өзін-өзі бақылау тұлғаның өз-өзімен жұмыс жасауға, ал әлеуметтік құзыреттілік пен қарым-қатынасты басқару басқалармен берік қарым-қатынас орнатуға көмектеседі.

Егер біз балалардың эмоционалдық интеллектісін дамытқымыз келсе, біз өзімізден бастауымыз керек. Адам қайда бағытқа қозғалу керектігін анық көріп, айналада не болып жатқанын түсінгенде ғана мақсатқа жетеді. Білім беру процесінде эмоционалдық интеллекті дамыту жолдары. Сезімдермен бөлісу. Мұғалімдер – ең жақсы эмоционалдық реттеуші тұлғалар. Сабақтан алған сезімдеріңмен, эмоцияларыңмен бөлісіңіздер – бұл оқушыларға сезім мен мінез-құлықтың байланысын түсінуге көмектесетін сенімді әдіс. Сабаққа жағымды ырғақ қосу.

Оқу күнін оқушыларды мазалайтын нәрселер туралы сұраудан бастаңыз. Үй тапсырмасы, олар таңғы асқа не жеді және тағы да басқалар туралы сұраңыз бұндағы мақсат балалардың сезімдері мен эмоцияларын тудыруы мүмкін кез келген оқиғаны талқылау. Ол сабақты жақсы бастауға ырғақ береді, сонымен қатар балалардың қайсысы бүгін қиын күнді бастан өткеруі мүмкін екендігі туралы мағлұмат алуға болады. Эмоцияларды байқау және сезінуді үйрету.

Эмоционалды тұрақтылықты дамыту үшін тек позитивті ойлап қана қоймай, жасөспірімді өзіне және оның көңіл-күйіне әсер ететін ситуацияларды қабылдауға және талдауға үйрету қажет. Мектеп оқушылары өздерін күні бойы не сезінетінін түсіне бастағанда, олар өздері үшін көптеген қырлары ашылады. Рефлексия өз эмоцияларын түсіну үшін өте жақсы, олар арқылы балалар өздері бүгін не сезінгенін, не ұнағанын не ұнатпағанын және неге бұлай жасағанын қорытындылайды. Шын мәнінде «Неге» деген сұрақ, басты мәселе, өйткені дәл осы сұрақты қою арқылы бала өзінің: «мен ренжігендіктен…», «ашуланғандықтан…» немесе «мен мұңайып тұрмын, себебі мен сағындым… » және басқа да эмоцияларын түсіне бастайды.

Шындығында рефлексия-өзіндік рефлексияны дамытудың ең тиімді құралы. Эмоционалдық бақылаудың маңызы. Жалпы эмоционалдық бақылау – бұл басқаруға болатын нәрсеге әсер ету мүмкіндігі. Мысалы, біз дөрекі әріптестің мінез-құлқын шынымен басқара алмаймыз, бірақ бұл жағдайда біз өзімізді сабырға шақыра аламыз. Бұл түсінікпен эмоцияларды басқаруға және стресстік деңгейімізді төмендетуге көмектесетін арнайы жаттығуларды қолдануға болады. Эмоцияны «дене арқылы» бақылау секілді көптеген әдістер бар.

Адамның денесі мен ақыл-ойы бір жүйенің бөлігі, сондықтан физикалық және эмоционалдық күй бір -бірімен тығыз байланысты. Бұл қызықты және ең бастысы, біз балаларымызға үйрете алатын кез келген жағдайда қолданылатын әдіс. Эмоционалдық интеллектіні басқаруға арналған әдістер. «Эмоциялар мен дене» әдісі. Балаларға төмендегідей әрекеттерді орындау ұсынылады. Басыңды төмен түсіріп, иығыңды салбыратып, еденге қарап, мұңды дауыспен: «Мен табысты адаммын, мен үшін бәрі ойдағыдай…» деп айтыңыз.

Содан кейін қолыңызды жоғары көтеріңіз, басыңызбен аспанға қарап, арқаңызды түзетіңіз және сенімді дауыспен: «Мен жеңілдім, менің жолым болмайды, қолымнан ештеңе келмейді…» деп айтыңыз. Өзіңді қалай сезіндің? Ми сөздерді түсінбейді екен! Бірақ мимика мен қимылдар ми қабатына сигналдар жібереді (ежелгі лимбикалық жүйе), біз денеміздің қалай әрекет еткенін сезіне бастаймыз. Бұл жаттығуды жасай отырып, балалар айырмашылықты сезінгенде, оларға екі апта бойы күніне кемінде бірнеше минут бойы «Көшбасшы бейнесін» қабылдауға кеңес беріңіз, үшінші аптасында олар қоршаған әлемнің қалай өзгергенін көреді!

«Менің мотивтерім» әдісі. Оқушыға «Неге?» деген сұрақты өзіне 5 рет қойып және ары қарай осыған жауап беру ұсынылады. Мысалы: Мен неге мектепке барамын? – Өйткені бұл менде….. дамытады. Неге мен үшін даму маңызды? – Өз-өзіме…..дәлелдеу үшін. Неге маған өз-өзімді дәлелдеу керек? – Маған….лайықты болу маңызды. Неге маған лайықты болу маңызды? – Мен өзіме …. мүмкіндік бере аламын. Неге маған өз-өзіме мүмкіндік бере аламын? – Өзімді еркін сезіну және өзім жақсы көретін нәрсені жасау үшін. Осы бес қарапайым сұрақ балаға өзінің әрекетке деген ішкі терең мотивтерін көруге мүмкіндік береді.

Қорыта келе, эмоционалдық интеллектіні қалыптастыру мен дамытуда әлеуметтік қолдаудың рөлін атап өту керек. Ол тұлғаның жаңа әлеуметтік жағдайларға бейімделуін жеңілдетеді және оның жеке және эмоционалдық дамуына көмектеседі. Сонымен, бүгінгі күні ғылымда эмоционалдық интеллектінің жалпы қабылданған моделі жоқ. Эмоционалдық интеллектіні зерттеудің маңыздылығы ғылымның қазіргі даму кезеңінде ешкімге күмән туғызбайды. Дегенмен, біз білім беруде эмоционалдық интеллектіні дамыту ресурстарын көрсетуіміз және мұғалімдер оларды қолдану үшін жан-жақты және өзгерістерге дайын болуы қажет.

Балабек САҚТАҒАНОВ,
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық
білім академиясы, РhD доктор

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий