Ұлы дала ақындары ізімен…

Адамдық борышың,
Халқыңа еңбек қыл, – дейді Шәкәрім Құдайбердіұлы. Тәрбие құндылықтарының тамырын жас жеткіншек санасына жеткізуде ұлтымыздың руханият дарабоздарының төл туындыларын насихаттау, олардың ішкі кемел ойларын бүгінгі заманмен байланыстыра ұқтыру –  бүгінгі күннің басты міндеті. Назарбаев Зияткерлік мектептерінде жүзеге асырылып жатқан «Ұлы дала ақындары» жобасы жас зияткерлердің  өз ұлтының тарихи, әдеби мұрасын білуі арқылы қазіргі заманға лайықты көзқарасын, Отаншылдық сезімін нығайта түсу секілді мұрат-мүдделерді  көздейді.

Екінші жыл қатарынан барлық мектепте әдеби-шығармашылық конкурстар, поэзиялық кештер, эссе жазу, әдеби пікірталас алаңдары, иллюстрациялық көрмелер, отбасылық сайыстар, ғылыми конференциялар, тақырыптық эстафеталар мен челлендждер, жоба кейіпкерлерінің шығармашылығына арналған Youtube каналдар контентін дайындау секілді мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Оқушылар Шәкәрім Құдайбердіұлынан бастап Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленов, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Фариза Оңғарсынова және тағы да басқа ірі тұлғалардың шығармаларын қазіргі заманмен үндестігін зерттеп, адамзатқа қажетті құндылықтардың сырын түсінеді.

Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары руханияттың шыңын бағындырған Шәкәрім Құдайбердіұлының рухани ізденісін оқыды, саралады. Ең бастысы, оқушылар ақынның өлеңдерінің, поэмаларының мазмұны мен қазіргі уақытты салыстыру арқылы өздерінің зерттеушілік дағдыларын шыңдай алды. – Шәкәрім ақынның «Адамдық борышың» өлеңіндегі идеялар маған ерекше әсер етті. «Адамдық парыз» деген сөздің ішкі сырын, бүгінгі күннің тынысымен сабақтастыра өміріме азық ете алдым»,  – дейді 10-сынып оқушысы Сәнімай Ұзақбай.

«Ұлы дала ақындары» жобасы аясында Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары қазақтың ақын қызы – Фариза Оңғарсынованың туындыларымен танысып, ақын шығармашылығына арналған шара ұйымдастырды. – 2011 жылдың сәуір айында біздің мектебімізге көрнекті  қазақ ақыны, халық жазушысы Фариза Оңғарсынова келген екен. Атақты ақынмен кездесуге өлеңсүйген оқушылар мен мұғалімдерден бастап техникалық қызметкерлерге дейін жиналыпты. Ақиық ақынмен  жақын сұхбаттасып,  түрлі сұрақтарға жауап алған кездесу туралы бізге қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Толқын Сәтбекова айтып берген еді.

Ол тарихи кездесу жайлы қазір мектеп кітапханасында арнайы бұрыш та ұйымдастырылған. Өз шығармашылығы жайлы сұрақтарға жауап берген ақын  сонда «Поэзиядан жанына ләззат алатын, өлеңнiң әр жолына үңiлiп, жүрегiне ұнаған тiркес-шумақтарды рахаттана астын сызып тұрып оқитындарға өлеңiм ұнайды деп сенемiн. Ондайлар сан жағынан көп болмауы мүмкiн. Бiрақ, сол аз ғана топтың көңiлiнен шықсам өкiнбеймiн», – деп жауап беріпті сол кезде. Жүрегімен жыр жазған Фариза апаның өлеңдері бүкіл сана-сезіміңді баурап алатын құдіретті қасиетке ие. Сондықтан да мен оларды оқығанды жақсы көремін, – елордадағы физика-математика бағытындағы NIS-тің 10-сынып оқушысы Шұғыла Серғали.

Аталған жобаның жалғасы ретінде тәуелсіздік жылдарында шыққан республикаға танымал немесе жергілікті ақындардың шығармаларын зерделеу негізінде «Замандастар жырлары» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында Нұр-Сұлтан қаласындағы Зияткерлік мектепте алғаш рет ақындарға арналған клуб ашылып, оқушылар бастамасымен бүкіл дүние жүзі бойынша жас қаламгерлердің өлеңдері жарияланатын әлеуметтік желіде арнайы парақша ашылды.

«Замандастар жырлары» тәрбиелік жобасы аясында Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары белгілі жыршы-термеші, Қызылорда облыстық филармониясының  өнерпазы Марат Сүгірбаймен кездесті. Қашықтан ұйымдастырылған шарада жас зияткерлер қара қобызбен жыраулық өнерді кеңінен дәріптеп жүрген, республикалық байқаулардың жеңімпазы Марат Сүгірбайдың өмірі және шығармашылығымен танысты. Сондай-ақ, қазақ халқының төл өнері жайында тарихи деректерге толы тағылымды  әңгімелерін тыңдап, білім көкжиегін кеңейтті. 

– Аталмыш жоба тәуелсіздіктен бергі, әр өлкенің белді ақын-жазушылары мен өнерлі тұлғаларын танып-білуге және жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында өткізіледі», – дейді Қызылорда қаласындағы NIS-тің педагог-ұйымдастырушы-кураторы Әділжан Абажанов. «Мен – қазақпын» атты дәстүрлі әнші-термешілер мен күйшілер телебайқауында тұңғыш қобызшы ретінде танылған Сыр мақтанышы оқушылармен сұхбат барысында  Қадыр Мырзалиевтің «Күлтегін» жырын орындап, тыңдарманның ерекше қызығушылығын оятты.

– Жыраулық өнер ұлттың рухани, педагогикалық, ағартушылық қызметін атқарады. Терме толғаулар тұнып тұрған насихат. Олар білімге туыстыққа, ынтымақтастыққа, бейбітшілікке, бір біріне мейрімді болуға үндейді. Біз осындай рухани қазынамызды, ұлтымыздың бояуы мен иісі сақталған құндылықтарымызды дәріптеп, бойымызға сіңіруіміз қажет, – дейді Сырдың жас сүлейі Марат Сүгірбай. Сонымен қатар зияткерлерге танымал «Ауылдан шыққан миллионер» кітабының авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, ақын, журналист Сәуле Досжанмен онлайн сұхбат құру мүмкіндігі туды.

Жастардың сүйікті заманауи ақын-жазушылармен кездесуі, көркемсөз оқулары, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, жас әдебиетсүйерлердің бейнебаяндары – барлығы қазақ поэзиясы жауһарларына арналды. – Жоба аясында ұйымдастырылған «Қасым Аманжолов поэзиясындағы тәрбие» конференциясы мақсатына жеткен мазмұнды дүние болды. Ақынның Оралда өткен жылдары – жастық қуатқа, сезімге толы ең қымбат шағы. Қасымның лирикалық кейіпкерлері – туған даланың о шеті мен бұ шетіне жүгіріп, даланың көркіне көзі тоймай жүрген қазақ ұлы. Жобаның әр қатысушысы рухани кемелденіп, туған еліне деген сүйіспеншілігін нығайта түсетіні анық, – дейді Орал қаласындағы NIS-тің педагог-кураторы Гүлшарат Саркенова.

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту мақсатында «Ұлы Дала ақындары» жобасы аясында «Мәңгілік ел идеясы – Жұбан ақын жырларында» тақырыбында әдеби шара өткізді. Қатысушылар ақын шығармашылығын егеменді еліміздің бүгінімен салыстыра отырып, қаламгердің елжандылыққа шақыратын рухты жырларын талдады. – Негізгі мақсатымыз оқушылар арасында ақын шығармашылығын насихаттау, туған жерін құрметтеуге және оның құндылықтарын қастерлеуге шақыру болды. Сонымен қатар, 30 жылда жеткен жетістіктерімізді саралап, болашақта оның дамуына үлес қосу жас ұрпақтың міндеті екендігі айтылды, – дейді жоба координаторы Гүлзат Шынтасова.

Пікір алаңына 8-сынып оқушылары қатысып, өз ойларын шығармашылықпен сипаттайтын постерлерін қорғады. – Ұлы Дала ақындары» жобасына қатысу арқылы көптеген ақпаратқа қанық болдым. Өр жүректі ақынның өлеңдерін оқи отырып, ерлік пен батырлыққа үйрендім. Болашақта мен де өз жерім үшін аянбай еңбек етуге күш саламын, – деп пікір білдірді Қызылорда қаласындағы NIS-тің 8-сынып оқушысы Сырсұңқар Базарбайұлы. Сонымен қатар Қызылорда қаласындағы NIS қабырғасында Жұбан Молдағалиевтің «Қызыл галстук» поэмасы негізінде  «Суреттер сөйлейді»  сайысы өткізілді

Жас зияткерлер  Жұбан ақынның  «Қызыл галстук» поэмасын оқып, мазмұнын  сурет арқылы шығармашылығымен жеткізді. Оқушылар шығарманың мән-мағынасын түсініп, талдай отырып, көркем-эстетикалық тұрғыда креативтіліктерін  көрсете алды. –  Бұл шара –  баланың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруда  тиімді әдіс екенін көрсетті. Оқушылар тілдік оралымы күрделі шығарманың тарихи құндылығын  қаламмен бейнелей алған, – дейді Қызылорда қаласындағы NIS-тің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Гаухар Мананбай.

Жауынгер ақынның «Қызыл галстук» поэмасы 1941 жылы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ауыр тұрмысты бейнелейді. Оқиға оқырмандардың  бойында ұлтжандылық, батылдық секілді қасиеттерді дамытып, ерлік жасауға шақырады. Оқушылардың шығармашылығын қазақ тілі мен әдебиеті  және өнер пәнінің мұғалімдері бағалады. –  Жеңімпаздың жұмысы акварельмен бояу техникасында салынған. Сурет толық аяқталған, боялған және автор өз ойын аша алған. Сурет салудың барлық заңдылығы сақталған, – деп атап өтті Қызылордадағы NIS-тің өнер пәнінің мұғалімі  Мөлдір Теңізбай.

Бір айта кетерлігі, Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі «Ұлы дала ақындары» жобасын жүзеге асыру барысында бірқатар рухани-танымдық шаралар легін үздіксіз ұйымдастырып келеді. «Замандастар жырлары» жобасы аясында Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі «NIS POETRY» клубының ұйымдастыруымен Қазақстанның жас ақындарының құрамын толтырып жүрген жас ақын Тілек Ырысбекпен болып өткізді. Ұйымдастырылған кеште ел тарихына көз жүгіртіп, әр түрлі сұрақтар қойылып, викторина ойындары жүргізілді. Отансүйгіштікті жаңғырту мақсатында мақал-мәтелдерді толықтыру ойыны да болды.

Тілек Ырысбек жас буынға өзінің ағалық та, ақындық та ақылдарын айтты. Қазақтың күйі шертіліп, жас ақындар өздерінің өлең шумақтарымен бөлісті. – Өлең жазуда әр ақынның өзіндік стилі бар. Өлең шексіз әлем іспеттес, оған шек қоя алмаймыз. Болашақтың тізгінін ұстар зияткерлерге шалқар шабытты серік етіп, табиғат ананы аялай біліңдер деген тілегімді білдіремін,  – дейді жас ақын. Қазақ әдебиетінің танымал классиктері тізімі бойынша барлық Назарбаев Зияткерлік мектептері белгілі тұлғалардың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертіп келеді.

Бұл жоба шеңберінде жыл бойына мектеп қауымдастығы белгілі бір ақынның өлендеріне әдеби талдау жасап, өлеңдеріне жазылған әндерді шырқау, шығармаларын иллюстрациялау, эссе жазу, театрландырылған қойылым әзірлеу және мәнерлеп оқуға арналған жыр эстафетасын өткізу секілді жеті түрлі бағыттағы жұмыстарға қатысады.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий