“Жеті жарғы” – бабалар заңы
Қазақ халқы небір ауыр күндерді бастан кешірсе де, бірлік пен ынтымақты ту етіп, тәртіпке бас иген құл болмайды деген қағиданы ұстанған. Өз кезеңінде билер мен хандар, сұлтандар құрылтайда бас қосып қабылдаған заңдар сол кезеңде ел билеген хандардың атымен «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» деп аталған.
1511 жылы Түркістан аймағының билеушілері және жошылық сұлтандар Қасымды «ақ киізге отырғызып» хан көтерді. Қасым ханның мақсаты бір орталыққа шоғырланған мемлекеттік басқаруды енгізу болды. Ол қоғамдық және мемлекеттік өмір қалыптарын сақтап қалу үшін әдет құқығын жаңғыртты. Кейбір ескі заңдарды жойып, сол тарихи дәуірдегі қазақ қоғамының өмірлік жағдайларына бейімделген жаңа құқықтық заңдар жинағын жасады.
Қасым ханның қабылдаған реформасы «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен белгілі заңдар топтамасы «Құдай жалғыз, хан жалғыз» деген басқару ұстанымын басшылыққа алды. Қасым хан өз заңында Құран талаптарына қайшы келмейтін қазақи ғұрып ерекшеліктерін сақтады. Мысалы, жеті атаға дейін үйленбеу, әмеңгерлік, құдалық жол-жоралар, қазылық билік және тағы да басқалар.
Бұл занға енген ережелер: мүлік заңы (жер дауы, мал-мүлік дауы); қылмыс заңы (кісі өлтіру, талау, шапқыншылық жасау, ұрлық қылу); әскери заң (қосын жасақтау, аламан міндеті, қара қазан, тұлпар ат, ердің құны); елшілік жоралары (майталман шешендік, халықаралық қарым-қатынастағы сыпайылық, әдептілік, ибалылық); жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас, той, мереке, думан үстіндегі ережелер, ат жарыс, бәйге ережелері, жасауыл, бекеуіл, тұтқауыл міндеттері).
Ішкі саяси тұтастықты қалыптастырып, Қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет етуді көздеген Есім хан өзіне дейін көп өзгеріске ұшырай қоймаған Қасым ханның заңдарын іс жүзінде қолдануды енгізді. «Қасым ханның қасқа жолы» аталып кеткен заңды Есім хан сол дәуірдің әскери-саяси және әлеуметтік қажеттіліктеріне, халықтың тұрмысы мен дәстүріне сәйкес жетілдірді. Заң ережелері жер, мал, қылмыстық іс, (ұрлық, кісі өлтіру), әскери міндеттілік сынды мәселелерді қарады.
Бұл заң жиынтығы Есім ханның құрметіне «Есім ханның ескі жолы» деп аталды. Есім ханның елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға арналған заңдары оның ірі мемлекет қайраткері екенін көрсетті. «Есім ханның ескі жолы» алғаш Күлтөбе басындағы жиындарда талқыланды. Кейіннен Күлтөбедегі мұндай жиындарды Есім ханның немересі Тәуке хан жалғастырды. «Есім ханның ескі жолы» реформасы бойынша қазақ даласын үш жүзге топтастырып, оларды Ұлы жүз аймағындағы «бас хан» басқаратын билік жүйесі енгізілді.
Бұл Тәуекел, Хақназар хандар тұсында басталған таққа таласу әрекетін тоқтату және қазақтың кең даласындағы ру-тайпаларды тығыз топтастырып қорғау үшін жасалған шара еді. Сонымен қатар «Есім ханның ескі жолы» Қазақ хандығын билер арқылы басқаруды реттеу мақсатын көздеді. Бұл заң ережелері жермен, малмен байланысты материалдық тарап-арыз, қылмыстық іс туралы (ұрлық, кісі өлтіру және тағы басқалар), әйелдердің жағдайы, әскери міндеттілік, дәстүрлі шаралар, кедейлерге көмектесу, және тағы да басқа мәселелерді қарады.
Халық бұқарасы Қасым хан заңының ережелерін ұстауды қалады. 1680 жылдан Қазақ хандығындағы билік Жәңгірдің ұлы Тәуекел-Мұхаммед ханға көшті. Тәуке хан парасатты саясаткер, ұтқыр дипломат, әділ хан болғандықтан, ел арасында «Әз Тәуке» деген атқа ие болған. Тәуке Қазақ хандығының ыдырауына жол бермей, мемлекеттің абыройы мен күш-қуатын арттырды. Тарихқа «Жеті жарғы» деген атпен енген Тәуке ханның заңдарын зерттеушілер қазақтардың бұған дейін қолданылып келген құқық нормаларының бір жүйеге келтіріліп, толықтырылған нұсқасы деп қабылдайды.
Тәуке ханның әдеттегі құқық ережелерін толықтарған жаңа заңы «Жеті жарғыны» жасауға Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, хандар, сұлтандар, батырлар қатысқан. Бұл жаңа жарғы қазақ қоғамының дамуына байланысты өзгерістерді енгізген ережелер жинағы болды. Жарғыда әкімшілік, қылмыстық істер, құқық ережелері, салықтар, діни көзқарастар туралы қағидалар болған. «Жеті жарғы» хандық биліктің заң негізінде нығаюына зор үлес қосты.
Аталған нұсқада Жеті жарғының атауы Тәуке хан енгізген жеті өзгеріске байланысты деген тұжырым жасалынған. Онда жер дауы, отбасы, неке заңы, қылмыс пен құн дауына, ұрлық-қорлық, тонаушылыққа және куәлік ету мен ант беру рәсімдеріне орай қалыптасып, тұжырымдалған қазақтың ұлттық әдет-ғұрып заңдары көрініс тапқан. 1-жарғы. Көтеріліс жасап, бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы бұйырылсын. 2-жарғы. Түркі халқының мүддесін сатып, елге опасыздық еткендер өлім жазасына бұйырылсын.
3-жарғы. Мемлекет ішінде жазықсыз кісі өлтіргендер өлім жазасына бұйырылсын. 4-жарғы. Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап, ақ некені бұзушылар өлім жазасына бұйырылсын. 5-жарғы. Өреде тұрған, тұсаулы жүрген сәйгүлік атты ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын. 6-жарғы. Төбелесте мертігудің түріне қарай төмендегіше мүліктей құн төленсін: а) біреудің көзін шығарған кісі айыпқа қызын береді, ал қызы жоқ болса қыздың қалыңмалын береді. ә)төрт мүшенің бірін мертіктірген кісі айыпқа ат береді.
7-жарғы. Ұрланған жылқы, өзге де құнды мүлік үшін он есе артық айып төлеттірілсін. «Жеті жарғыны» қазақ халқы ХІХ ғасырдың ортасына дейін қолданып келді. Ал кейбір заңдар Қазан төңкерісіне дейін қолданылды. Елдің, жердің тұтастығы мен ауызбіршілігін, адалдықты, әділдікті басшылыққа алған заң топтамалары өзгеріп, өзгерістер енгізіліп отырса да, барлық заңдар жинағының қоғамда маңызы аса зор болды. Өйткені қылмысқа қатаң жаза қолдану, құқық ережелерін сақтау, діни көзқарастардың қалыптасуы қазақ қоғамының ілгерілеуіне жол ашты.
Жанар Серікқызы МУКАШЕВА,
№44 жалпы орта білім беретін
мектептің тарих пәні мұғалімі,
Жамбыл облысының Меркі ауданы