Оқу басылымдарын әзірлеу, сараптау, сынақтан өткізу және мониторингілеу процестері өзгертілді

ҚР Білім және ғылым министрінің (24. 07. 2012 ж, № 344) бұйрығы жаңартылды, соған сәйкес оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу, сараптау, сынақтан өткізу және мониторингілеу тәртібі өзгертілді, – деп хабарлайды ҚР БҒМ Білім мазмұнын сараптау орталығының баспасөз қызметі.

Жетінші тарау мен 79 тармақтан тұратын жетілдірілген Қағида келесі негізгі ерекшеліктермен айқындалған: оқулық басылымдарының қағаз және электрондық нұсқаларының анықтамалары өзектендірілді; республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы (РҒП БМСО) сараптама жүргізу кестесін ҚР Білім және ғылым министрлігімен келісе отырып әзірлейді; сынақтан өткізу, сапа мониторингі және қоғамдық талқылау рәсімдері нақтыланды.

Баспаішілік сараптама/тәуелсіз бағалау тәртіптері реттелді; баспалардың немесе оқу басылымын әзірлеушілердің сараптама процесіне араласуы анықталған жағдайда ұсынылған оқу басылымдары сараптама процесінен алынып тасталады; көрсетілетін қызметті беруші мен сарапшы арасындағы құпиялылық режимін сақтау, пәндік сараптама комиссиясының құрамын іріктеу жауапкершілігі арттырылды; сараптаманы республикалық бюджет және баспаның/әзірлеушінің өз қаражаты есебінен жүргізу аражігі сараланды.

Қағиданың жетілдірілген нұсқасында оқу әдебиетін зерделеуді алдын ала жоспарлауға баса мән берілді. Білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісім көрсетілетін қызметті берушімен бекітілген оқулықтар мен ОӘК-ге сараптама жүргізу кестесіне сәйкес тақырыптық жоспар құрылады. Сараптама жүргізу кестесі орта білім беру ұйымдары үшін әрбір бес жыл, арнайы білім беру ұйымдары үшін 6 жыл сайын Тізбенің жаңартылуын қамтамасыз етеді. Қажет болған жағдайда білім беру саласындағы уәкілетті орган оқулықтар мен ОӘК әзірлеу және қайта басып шығару мерзімдерін өзгертеді.

Сонымен қатар, баспаішілік сараптама жұмыстары реттелді. Жеке әзірлеушілер үшін міндетті және опциалды механизмдер мен баспаішілік сараптама/тәуелсіз бағалау процестерін ұйымдастыру тетіктері егжей-тегжей көрсетілді. Қағиданың жетілдірілген нұсқасына сәйкес, баспалар пәндерді оқыту бағыттары бойынша (қоғамдық-гуманитарлық, жаратылыстану-математикалық және мәдениеттану) екі сыртқы сарапшыны тарта отырып, иесіздендірілген рецензиялау жолымен оқулықтар мен ОӘК-ке баспаішілік сараптаманы жүргізіп, тиісті нысанға сәйкес сараптаманың қорытындысын дайындайды.

Сондай-ақ әзірлеуші кемінде екі жоғары оқу орынының бейінді кафедраларына ғылыми мазмұны мен әдістемелік құрамдас бөлігіне ұжымдық рецензиялау жолымен оқулықтар мен ОӘК-ге тәуелсіз бағалау жүргізуді қамтамасыз етеді. Осы шараның тиімділігін арттыру мақсатында 10 тармақтан тұратын баспаішілік сараптама қорытындысының нысаны әзірленді. Мұнда опциялық механизмдер нақты көрсетілді, атап айтқанда: ішкі заңнамалық сараптама жүргізу үшін тұрақты немесе уақытша орган; қосымша редактор (ғылыми және/немесе әдеби).

Орта білім беруге арналған алғаш әзірленген оқулықтар мен ОӘК-ке арналған ғылыми-педагогикалық сараптама келесі кезеңдерді қамтиды: сынаққа (апробация) дейінгі ғылыми-педагогикалық сараптама; орта білім беру ұйымдарында сынақ өткізу; сынақтан кейінгі ғылыми-педагогикалық сараптама; пәндік сарапталық комиссияда қарау. Ал қайта басып шығарылатын оқулықтар үшін ғылыми-педагогикалық сараптама және пәндік сарапталық комиссия отырысы ұйымдастырылады.

Сондай-ақ оқу басылымдарын сынақтан (апробация) өткізу процесінің жаңа нормалары белгіленді. Сынақ (апробация) штаттық және қашықтық форматтарда жүзеге асырылады. Ал оқулықтар мен ОӘК-ті сынақтан өткізетін орта білім беру ұйымдары эксперименттік алаңдарға теңестіріледі. Білім басқармасы және осы орта білім беру ұйымдарының басшылығы сынақты жүргізуші педагогтердің қызметіне көмектеседі және оларды эксперименттік жұмыстың қатысушылары ретінде ынталандыру жөнінде шаралар қабылдайды.

Ерекше атап өтетіні, әділ сараптама мен жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жаңартылған Қағидаға 2 норма енгізілді. Мәселен, сараптамалық шешімге ықпал ету әрекеттері сирек емес, РҒП БМСО әрекеттерінің реттелмеуіне және дәлелдеудің қиын болуына байланысты мұндай жағдайларға бұған дейін шара қолданылмады. Алдағы уақытта РҒП БМСО баспалардың немесе оқу басылымын әзірлеушілердің сараптама процесіне араласуын анықтаған жағдайда, ұсынылған оқу басылымдарын сараптама процесінен алып тастайды. Мұндай шара баспалардың немесе оқу басылымын әзірлеушілердің апробация процесіне араласу жағдайы анықталғанда да қолданылады. Жетілдірілген Қағида мемлекеттік тіркеуден өтіп, adilet.zan.kz сайтына орналастырылды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий