Қоғамдағы ұстаз мәртебесі

Өмірдің кез-келген заман ағымына орай жаңа өрімдер, тың ойлар соңы бағдарламаларға ұласып, көрініс тауып жатады. Бұл – болашақ ұрпақты тәрбиелеу мәселесіне де тікелей қатысты. Өйткені бүлдіршіндер өсіп, жас жеткіншектер есейеді демекші, бүгінгі балалардың ой-өрістеріне, қоғамның өзгеруіне, ғылыми-техникалық прогрестің дамуына орай кешегі ұрпақпен салыстыруға болмайды.

Сондықтан да оларды оқыту мен тәрбиелеуде бұрынғы ұстанымдар деңгейінде тұрып қалмай, жаңа әдістер мен тәсілдерді қолданудың қажеттілігі – әрине ұстаз шығармашылығын көрсетеді. Мұны біз педагогикадағы инновация дейміз. Инновация сөзі латын сөзінен аударғанда жаңалықты енгізу деген ұғымды білдіреді. Ал инновациялық тәрбиелеу дегеніміз – жаңалықты ашу, оны игеру және өмірге енгізу. Қазіргі таңдағы кейбір жаңалықтар жүйесі –ескінің айналып келуінен немесе өзгеріске түсіп, қайталануынан туған болмыстың сипаты.

Осы сәтте педагог өз мәртебесін көтеру үшін аталған өзгеріс көшінен қалмай ілесу арқылы дами түседі. В.Г. Беглинский: «Ең ескі дүниені жаңамен байланыстырып, өзгеше сипат беріп, жаңалық ашуға болады» деген болатын. Мысалы, В.Т. Шаталовтың тірек үлгі сабақ жоспарлары педагогикада бұрыннан қолданылып келе жатқанымен, бүгінгі оқыту мен тәрбиеде қазіргі даму жағдайына байланысты оны «жаңа» бір әдіс тәсіл ретінде, яғни белгілі бір өзгерістерді өмірге енгізу арқылы педагог-мұғалімдердің, тәрбиешілердің жұмысында кеңінен пайдалануға болады.

Қоғамдық дамудың жаңа кезеңінің талаптарына орай балабақшалардағы оқыту мен тәрбиелеу жүйесі бірқатар өзгерістерге ұшырауда. Оған мына жағдайлар себеп болуда: ақпараттық технологиялардың жедел дамуы; жаңа үлгідегі балабақшалардың пайда болуы; дарынды балалармен жұмыс істеу бағдарламасының дүниеге келуі. Осы қағидалардың мән-мағынасын жете түсіну, балаларға білім беру кезінде бұл тұжырымдарды басшылыққа алу – әрбір тәрбиешінің мызғымас қағидасына айналу керек.

Өйткені, әрбір жаңа іс пен тың бастаманың өмір талабынан туындайтыны секілді, балабақшада балаларды оқыту мен тәрбиелеудің алғышарты – өмір талап етіп отырған жаңа технология болуы керек. Осындай технологияларды жетік білу арқылы педагог маман басқа мамандықтар алдында өз жұмысын көрсету арқылы өз мәртебесін көтере біледі. Жаңа технологияны пайдалану арқылы оқыту мен тәрбиелеудегі негізгі мақсат – баланың қабілетін ашу, соның негізінде ой-өрісін дамыту, белсенділігін арттыру, өзіне деген сенімін күшейту, өзін-өзі тәрбиелеуге бағыттау.

Профессор Ж.А. Қараев өзінің  «Оқытудың педагогикалық технологиясы» деген еңбегінде оқыту мен тәрбиелеудің деңгейлік жүйесі жөніндегі бұрынғы ой-пікірлерді тереңдете келіп, балалардың білімі мен білігін, танымы мен белсенділігін дамытуда әр түрлі деңгейдегі тапсырмалар жүйесін қолданудың бірден-бір тиімді әдістеме екенін дәлелдейді. Мектепке дейінгі тәрбие саласы бала тұлғасы мен санасының қарқынды дамитын, қайталанбайтын кезеңі.

Сондықтан мектепке дейінгі кезең баланың тұлға етіп қалыптасуындағы алғашқы ірге тасы. Қазіргі мектеп жасына дейінгі мекеме жағдайындағы білім берудің ұлттық моделіне өту оқыту мен тәрбиелеудің соңғы әдіс тәсілдерін, жаңа инновациялық педагогикалық технологияны игерген, психологялық педагогикалық диагностиканы қабылдай алатын, педагогикалық жұмыста қалыптасқан бұрынғы ескі сүрлеуден тез арада арылуға қабілетті және нақты тәжірибелік іс әрекет үстінде өзіндік даңғыл жол салуға икемді, шығармашыл педагог зерттеуші, ойшыл педагог тәрбиеші болуын қажет етеді.

Қорытындылай келе, «Тоқсан ауыз сөздің – түйіні» – ретінде қазіргі қоғамдағы ұстаз мәртебесі – өмірге кең құлаш сермейтін, педагог үшін күннен күнге шыңдала түскенде ғана жоғары көтерілетін үздіксіз еңбек нәтижесінде көрініс беретін жағдай.  

Бинур Тохтасыновна ЕЛАМАНОВА,
“Күншуақ” бөбекжай –
балабақшасының
меңгерушісі, Алматы облысындағы Іле
ауданының 
Мұхаметжан Түймебаев ауылы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий