Мақал – мәтел: Халық үнінің жаңғырығы

Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы, «Зерек» ұлттық ойынын құрастырушы Айнамкөз Рафихова: – Мақал-мәтел – мәдениетіміз бен тарихымыздың ажырамас бөлігі. Бастауын  сонау Орхон-Енисей жазбаларынан алатын мақал-мәтелдердің  мағынасы терең, сөзі ықшам да көркем, есте сақтауға жеңіл болғандықтан бала тәрбиелеу ісінде алар орны ерекше. Тобықтай сөздің түйіні атанған мақал-мәтелдер даналық ғибратындай жол көрсетуші іспетті, халықтың философиялық пайымы, тұжырымды түйін. Сол себепті де халқымыз артынан ерген ұрпағының сөз мәйегін құлағына құйып өсуіне жете мән берген.

Назарбаев Зияткерлік мектептерінде  осыдан екі жыл бұрын  басталған «Менің өмірімде қолданылатын мақал-мәтелдер» жобасында жас зияткерлер он екі ай бойы түрлі тақырыптағы мақал-мәтелдерді ойына тоқып,  күнделікті өмірде қолдануға машықтанды. Мәселен, қыркүйек айы Отан, ел мен жерге арналған мақал-мәтелдерге арналса, қазанда – достыққа, қарашада – адамгершілікке, желтоқсанда – еңбекке, наурызда – отбасы құндылықтарына бағытталды.

2020-2021 оқу жылының өзінде екі жүзге жуық шара, оның ішінде мақал-мәтел айтудан оқушылар, мұғалімдер мен ата-аналар құрама командалары арасындағы «Мақал – сөздің мәйегі», «Зияткер отбасы», «Қарты бар үйдің қазынасы бар» зияткерлік сайыстары, «Сөз жауһары – мақал», «Білімдіге дүние жарық» эссе байқаулары, кураторлық сағаттар ұйымдастырылды. Әлеуметтік желілерде халық даналығын заманауи үлгіде көрсету мақсатында  челлендждер жарияланды, сөз жауһарын бір минутта  айтудан түрлі эстафеталар да қолданушылардың қызығушылығын туғызды.

Танымдық бағыттағы бейнематериалдар, үздік мақалшылар шеруі де көптің есінде. Жобаға қолдау танытқан ата-аналар қауымы халқымыздың асыл мұрасы зияткер оқушылар арасында айнымас дағдыға айналғанына қуанышты екендерін жасырмайды. – Мақал-мәтелдер балаларға терең ой салумен қатар, оларды көркем сөйлеуге жаттықтырады. Балалармен бірге мақал жаттап, таным көкжиегімізді кеңейттік. Мақалды жаттау арқылы есте сақтау қабілеті арта түседі. Мақалдың құндылығына бойлаған ұрпақ астарлы мағынаны түсініп, өз-өздерін тәрбиелейді. Жаһандану заманында дәстүріміздің қайта жандануына мүмкіндік берген жобаның маңызы зор, –  дейді ақтөбелік ата-ана Жанна Ихсанова.

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларының ата-аналары да «Менің өмірімде қолданылатын мақал-мәтелдер» авторлық жобасына белсенді қатысуда. Отбасында ата-аналар мен балалар мақал-мәтел айту арқылы қазақтың нақыл сөздерін ұрпақ санасына сіңіруде. – Қазіргі таңда өсіп келе жатқан жас ұрпаққа мақалдың маңызын түсіндіруден бұрын кітап оқытудың өзі қиын екені рас. Сол себепті де біз жобаны қызықты өткізу үшін ата-аналардың көмегіне жүгінуді ұйғардық. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ бастаған жобасы киелі Маңғыстау өңірінің  отбасыларында қолдау тапты, –  дейді білім ордасының аға педагог-кураторы Ляззат Байрғалиева.

Отбасы мүшелері өзара жарысып қана қоймай, жобаны сыныптар арасындағы челленджге айналдырыпты. Жүрекке жылы тиетін бейнематериалдар дайындап, халық даналығын заманауи үлгіде көрсетуге де атсалысып жатыр. Бірегей жобамен шабыттанған Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Айнамкөз Рафихованың ойлап тапқан үстел ойынында ойыншылар мақал-мәтелді жетік білуімен сыналады.

– Ана тілі мен әдебиетті, этномәдениетті тану қазіргі қарқынды дамып келе жатқан қоғамда өте маңызды деп ойлаймын. Соның ішінде мақал-мәтел мәдениетіміз бен тарихымыздың ажырамас бөлігі саналады. Жаңа заман жастары ақпаратты ойын түрінде тез қабылдайды, сол себепті «Зерек» ойынын құрастырдым, – дейді Айнамкөз. Жоба координаторлары сөз маржандарын зерделеуге арналған жоба бастау алғалы оқушылар мақал-мәтелдерді сабақта аргумент ретінде қолданып, өз беттерінше халық ауыз әдебиетін зерттеп, іздене бастағанын айтады.

Оқушылардың тіл байлықтарын дамыту, ана тіліне сүйіспеншілігін арттыру, халық мұрасын, ұлттық құндылықтарды насихаттау, өмірде қолдана білуге, тапқырлыққа, шешендікке, тіл шеберлігіне тәрбиелеу мақсатын көздеген ұзақ мерзімді жоба жаңа оқу жылында өзгеше рең алмақ. Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары күнделікті өмірде нақыл сөздер мен мақал-мәтелдерді қолданудың ерекше әдісін ойлап тапты. Оқушылар жобасы аясында өздері пайдаланатын  шкаф-локерлерді отбасының өмірлік ұстаныма айналған мақал-мәтелдермен  безендірген.

Білім, ғылым, достық, еңбек және адамгершілік секілді түрлі тақырыптағы тәрбиелік мәні зор нақыл сөздер бүгінде мектептің ішкі келбетін ерекше әсемдей түскен.  Әрбір оқушы отбасымен бірге мақал-мәтелдердің шығу тарихын зерттей отырып, өздерінің өмірлік ұстанымдары ретінде  таңдап алған мақалдарды оқушылардың мектептегі жеке шкафтартарына іліп, өзгелерге таныстыруда. – Бұл өте жақсы бастама. Себебі мақал-мәтелдер жастардың  тіл байлығын дамытып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үйретеді.  Келелі ой мен кең мазмұнды нақыл сөздерді  өмірде қолдана біледі», – дейді жобаға қатысушы қызылордалық ата-ана Зауре Абуова.

Қызылордадағы Зияткерлік мектеп ата-аналарының белсендісі – Ақпановтар әулеті  «Отбасы – тәрбиенің басты ұясы» деген халық даналығын  ұран ретінде пайдаланады екен.  Олардың айтуынша жанұядағы келісім мен мейірім адам бойындағы жақсы қасиеттердің қалыптасуына үлкен септігін тигізеді. – Баланың алғашқы тәрбие алатын орны – ол,  әрине, отбасы.  Анам мен әкем маған үнемі  қамқорлық көрсетіп, менің қызығушылықтарыма көңіл бөледі. Соның арқасында мен өмірде үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, жан-жақты тұлға болып қалыптасудамын», – дейді Қызылорда қаласындағы NIS-тің 10-сынып оқушысы Нұрай Амангелді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий