Ұрпақтар сабақтастығы: Ұлттық мұра жақындастырады

Ұрпақтардың өзара достығы, олардың бір-біріне деген пейілі мен көңілі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі – ертеден келген, қанымызға сіңген игі қасиет. Бүгінгі күні өнегелі ұрпақ тәрбиелеуде заманауи білім берумен қатар, баланың рухани мәдениетін арттырып, дүниетанымын қалыптастыруда мектептің үлесі орасан зор. NIS жүйесіндегі «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы тәрбие жұмысында осындай мәселенің түйінін тарқатуға бағытталған.

Көне көз қарияларымыз бен жас буын арасында татулық қарым-қатынас қалыптастырып, зейнеткерлерді мектеп өміріне қатысуға ықпал ету және олардың бос уақытын ұйымдастыру – басты мақсат. Ол – ғасырлар бойы ата-бабамыз бен бүгінгі баланың арасын, аға буын мен жас ұрпақтың өзара байланысын жалғастырып келе жатқан өріс жібі. Бір тіні үзілсе, үлкен мәселелердің туындауына әкеліп соғуы мүмкін. Ұрпақ тәрбиесіне отбасында ғана емес, қоршаған ортада, қоғамда да аса көңіл бөліп, сөзден алшақ, көңілден жырақ, көзден таса ұстауға болмайды.

2019 жылдан бері әр өңірдегі Назарбаев Зияткерлік мектептері қолға алған «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында көптеген іс-шаралар үздіксіз жүзеге асырылып келеді. Жоба жұмысының жылдық жоспарына сәйкес Шаңырақ қауымдастығы әр аптаның сенбі күні қариялармен түрлі форматтағы кездесулер өткізеді: жаңа технологиялармен жұмыс, арт-терапия, гимнастика сағаты, музыкалық кештер, оқырмандар клубы, кездесу-сұхбаттар, қолөнер шеберлік сыныптары және аспаздық сағаттары.

Атап айтсақ, Ақтаудағы NIS-те құрылған «Әжеден ғибрат» клубы салт-дәстүрімізді дәріптеп, құрметтеуге тәрбиелейді, қыз балаларға қазақ әдет-ғұрыптарынан сыр шертеді. Үйірме жетекшісі Сайра Сәрсенованың сөзінше, ақжаулықты әжелердің танымдық сабақтары ұлт тәрбиесіндегі таптырмас құрал.   – Үйірме негізгі үш бағыттан тұрады: «Халқын сүйген – салтын сүйер», «Қазақ – қонақжай халық» және «Он саусағынан бал тамған». Аталған тақырыптар негізінде әжелеріміз рухани құндылықтарға толы шеберлік сабақтарын өткізеді, көрген-білгендерімен бөліседі. Алғашқы сабақ онлайн режимде өтсе де, оқушылар қызығушылық танытып, пайдалы ақпарат алып үлгерді, – дейді үйірме жетекшісі Сайра Сәрсенова.

Ал қарттардан ескіні естіп, тарихты тыңдаған зияткерлер жаңа заман білімімен бөлісіп, үлкендерді жаңа технологияны игеруге баулып жүр. Зейнеткерлер ерікті оқушылардың көмегімен компьютерде жұмыс жасауды үйреніп, өздеріне қажетті дағдыларды меңгеруге мүмкіндік алды. «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары ЭЦҚ (электронды цифрлы қолтаңба) ашуды, Қазақстан Республикасының электрондық үкіметі порталындағы қызметтерді онлайн алу жолдарын үйретуде..

– Пандемия кезінде маңызды құжаттарды алу әрі рәсімдеу қашықтан ұйымдастырылды. Елімізде цифрлық жүйе енді орнап келе жатқандықтан, көбі, әсіресе, аға буын түсіне бермейді, сол себепті осы жобаны бастадық. Алдымен оқушылар өздерінің ата-әжелеріне үйретті. Қазір бұл шара ауқымын кеңейтіп келеді, онлайн форматта ЭЦҚ-ны пайдалану дәрістерін өткізіп жүрміз, – дейді «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасының Ақтөбедегі координаторы Марфуға Қарасаева. Атырау қаласындағы Зияткерлік мектеп оқушылары зейнеткерлерге бүкіләлемдік ғаламтор жүйесін пайдалануды үйретуде. Мұндай бастама «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы шеңберінде қолға алынған.

Апта сайын зияткерлер бір топ қариялармен кездесу өткізеді. Оқу жылы басталғалы өтіп жатқан «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасына 20-ға жуық қарт пен қария тартылған. Жобаның мақсаты жалғыз басты ата мен әжелерге әлеуметтік қолдау көрсету. Бұл кездесулерде аға буын мен жас буын түрлі тақырыптарға ой қозғайды. Қариялар оқушыларға мамандық таңдау, отбасы құндылықтары мен ұлттық салт-дәстүрлер жөнінде өсиет айтса, жастар үлкендерге электронды гаджеттерді пайдалануды үйретуде. Осылайша кей қариялар алғаш рет сымсыз желіге қосылып танымал әлеуметтік желілерде өз парақшаларын ашты. Кейін жоба қатысушылары бір-бірін «достыққа» қабылдап байланыс құралының мүмкіндіктеріне тәнті болды.

– Бұл жоба мен үшін өте пайдалы. Зейнеткер болған соң үйде бос уақытың болады. Ал сол уақытты тиімді пайдаланудың жолын бізге үйретіп жатқан оқушыларға дән ризамын. «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасына келіп мен біраз бой сергіттім. Мұнда қолөнер бұйымдарын жасаудан шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Біздер түрлі тақырыптарда кездесу өткіздік. Балалармен жұмыс жасаудың өзі бір ғанибет. Нағыз рухани демалысты осында таптым. Жобаның барлық мүшелеріне ризашылығымды білдіремін, – дейді 79-жастағы атыраулық зейнеткер Наталья Образцова.

Осы жоба арқылы Наталья Николаевна әлеуметтік желіде алыстағы жиендері мен әріптестерін тауып олармен байланысқа шықты. «Ұрпақтар сабақтастығы» – бұл қарттар мен жастардың ашық ой алаңы. Әр жастағы буын өкілдері бір-бірімен ынтымақтастықта жұмыс жасап, өмірлік тәжірибемен бөліседі. Қазіргі таңда бұл жобаға барлық мектеп ұжымы жұмылдырылған. Мұнымен қоса, Атыраудағы Зияткерлік мектепте педагог ардагерлермен кездесу, «Мұғалімдер династиясы»  ток-шоуы,  салауатты өмір салтын насихаттау бағытында «Физикалық белсенділік – ұзақ өмірге апарар жол» тақырыбында жаттығулар кешені, «Қолөнер сабақтары – қол және ой жаттығуы», «Жаңа жылда үйімізді өз қолымызбен безендіреміз» тақырыбындағы шеберлік сағаттар, «Сақ болыңыз, алаяқтар!» тақырыбында дискуссия сағаты ұйымдастырылып келеді.

Мұндағы әрбір шара өзіндік ерекшелігімен ұрпақтар арасын жақындатуға, сол арқылы аға буын мен кейінгі толқын арасындағы ізгілік тінін бекемдеуге жол ашары анық. Қызылордалық зияткерлер болса алдыңғы буын өкілдерімен түрлі кездесулер өткізіп, қазақтың қолөнерін насихаттауға бағытталған арнайы шеберлік сабақтарына қатысты. Зияткерлер өздерінің әжелерін шақырып, олар жас ұрпаққа өмірлік жолдарынан тәрбиелік мәні бар әңгімелер айтты. Ұмытылып бара жатқан әндерді шырқалған кеште әжелер балаларға қолөнердің құндылығы жайлы айтып, ұршық иіріп, текемет басу тәсілдерін көрсетті.

– Заманауи технологиялар дамыған заманда ұлттық мұраны жастар арасында насихаттау өте маңызды. Бүгін ұлттық құндылықтар көрініс тапқан және тұрғындарының ауызбіршілігі жарасқан бір үлкен ауыл мерекесіне келгендей әсер алдым, – деді әжей Света Сабырбай. Мереке қарсаңында да қарияларға сый-құрмет көрсету бүгінде NIS-тің дәстүріне айналды. Жыл сайын «Қарттар күні», «Жеңіс күні», «Алғыс айту» және тағы да басқа мемлекеттік мейрам күндері педагогтар мен оқушылар ардагердерді құттықтап, олардың ойлы әңгімелерін тыңдап қайтады. Осы орайда Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары майдан даласында фашистерді жеңу үшін аянбай еңбек еткен Надежда Зуевамен кездесті.

85 жастағы Надежда әжей – тыл ардагері. Кездесу барысында Ұлы Отан соғысының тарихы жайлы баяндап өткен ардагер оқушылардың көзіне жас ұялатты: – Маған осы кездесу барысында бастан кешкен сезімдер мен эмоцияларды сөзбен жеткізу қиын. Ардагерлерімізге тағзым етеміз, – дейді Талдықорғандағы NIS оқушысы Әмина Қайратқызы.Әр кездесуде оқушылар мен ата-аналарға, педагогтарға шексіз алғыс білдірген зейнеттегі ата-әжелеріміздің ақ баталарын беріп, мектеп қауымдастығының көрсеткен қамқорлығының шеңберінде қандай жағдайда да мектептің арқа сүйер тірек боларына кәміл сенетіні туралы ойын білдіруі жобаның өміршеңдігінің қажеттілігін таныта түскендей.

Бүгінде іс-тәжірибенің озық үлгілері облыс көлеміндегі «Назарбаев Зияткерлік мектептерінде» тәрбие жұмысының ұйымдастырылуы» тақырыбындағы іс-тәжірибе тарату-оқыту семинарларында таратылып келеді. Жас ұрпақты ізгілікті істерге жетелейтін жобаларда көзделген меже: егде жастағы жандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау, үлкенге құрмет көрсету дәстүрімізді жалғастыру, бабалардың тағылымды жолын насихаттау. Жаһандану жағдайындағы өзгермелі қоғамда кез-келген бетбұрысқа үйлесімді қадам жасап, бүгінгі оқыту форматына бейімделген жоба жұмысының ары қарай өрбіп, республикамыздың барлық мектебінде қолға алынуына мұрындық болу – басты міндетіміз.     

Бұлар – «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында өтіп жатқан жұмыстардың санаулысы ғана. Көзделген мақсат, негізгі ой – жасы егде тартқан жандарға көтеріңкі көңіл сыйлау, тұрмыстағы белсенділіктерін арттыру, жастармен жарасымды дәстүрді жалғастыру, оқушылар бойына үлкенге деген құрметті насихаттау.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий