Музыкамен үндесу: Қазақтың жүз әні

«Өз елім», «Атамекен», «Сәлем саған, туған ел», «Бір бала», «Айқаракөз», «Бүлдірген», «Нақ-нақ», «Ақсаусақ, бұраң бел», «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», «Назқоңыр» және тағы да басқа Назарбаев Зияткерлік мектептерінде жүзеге асыралатын «Қазақтың 100 әні» жобасының алтын қоржынына енген.

Қазақтың қазыналы өнерінің бірі – ән өнері. Қазақ қай дәуірде де әсем әнін салып, күмбірлі күйін шерткен. Елдің іргесі сөгіліп, ата жұртынан ауа көшіп «жапанның сары даласына шұбырып» бара жатып та «Елім-айлап», «Ағажай-Алтайлап» ән салып, даланы сазбен идірген. Ел аумағындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде халық әндерін балаларға насихаттауға арналған «Қазақтың 100 әні» жобасы табысты жүзеге асырылып келеді. Шараның мақсаты – шәкірттер арасында халық және тәрбиелік мәні зор фольклорлық әндерді насихаттау.

Оқушылар мен педагогтер, ата-аналар қауымдастығы жұмылдырылған бұл жоба да қазақ әндерінің тарихын зерттеп, тарихи-тақырыптық ерекшелігін қарастырып, автор мен сазгердің өмірімен танысуға бағытталған. Мысалы, оқушылар арасында «Қазақтың 100 әні» жобасының негізінде пайда болған «Бір әннің тарихы» деп аталатын тәжірибе өте белсенді дамып, жаңа қарқында сипат алып келеді. Тәжірибенің басты мақсаты – оқушыларды қазақ халқының әндерінің тарихын зерттеп танып, қазақ тілінің тілдік ортасын жетілдіре отырып, патриот болуға баулу.

Осы тәжірибені жүзеге асыру кезінде оқушылар Абай Құнанбайұлының әндерін, Ақан Серінің «Балқадишасын», халық әндері «Бір бала», «Айқаракөз», «Бүлдірген», Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», Үкілі Ыбырайдың «Гәкку», Нұрғиса Тілендиевтің «Саржайлау», Мәриям Жагорқызының «Дудар-ай», Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» сияқты ел аузында жүрген әндердің шығу тарихын зерттейді.

Қазақ халқының ерекше сүйіспеншілігіне бөленген «Атамекен» әні 1970 жылдары сазгердің шетелде гастрольдік сапарларда жүргендегі сағыныштан туған. Әуен дайын болған соң, Ескендір Хасанғалиев әннің сөзін ақын Қадыр Мырза Әліге жаздыртқан. Осындай шығармашылық ізденіске толы жобалар – қазақ ән-күйіне деген қызығушылықты арттырып, шығармашылық қабілеттерін танытуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары республика көлемінде өткізілетін шығармашылық ән байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болуда.

Сөзіміздің дәлелі, Білім, ғылым, мәдениет мәселелері жөніндегі біріккен ұлттар ұйымы 2018 жылы Алматы қаласында ұйымдастырған «Almaty – Youth Space» жастар фестивалі «Музыка бейбітшілік пен даму үшін» шығармашылық байқауында Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Қазақтың 100 әні» жобасы «Музыка – біздің мұрамыз» номинациясында үздік деп танылып, бірінші орынды иеленген болатын. Бүгінгі таңда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары қазақ күйлері мен ұлттық әндерімен сусындап, тәрбиеленуде. Әр апта сайын дүйсенбілік сап түзеу жиынында «Шаңырақ» қауымдастығы қазақ әндерін орындап, еліміздің мәдени мұрасының сақталуына ықпал етуде.

– Барлық Зияткерлік мектептер «Қазақтың 100 әні» жобасын жүзеге асыруға бағытталған арнайы жұмыс жоспарын әзірледі. Жоспар аясында қазақ әндерінің арнайы тізімі жасақталды. Сол тізім бойынша «Шаңырақ» қауымдастығы жыл көлемінде орындауға ұсынылған әндер тізімінен үш әннен орындайды, яғни, бірінші әнді аптаның әрбір дүйсенбі күні өтілетін таңғы жиында орындаса, екінші ән мерекелік іс-шаралар барысында шырқалады. Ал үшінші әнді оқу жылының соңында «Қазақтың 100 әні» жобасының қорытынды гала концертінде орындайтын болады, – дейді Назарбаев Зияткерлік мектептерін дамыту департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ.

Айта кетейік, «Қазақтың 100 ән» жобасының әндер тізіміне «Туған өлке», «Қазақ осы», «Көзінің мөлдірін-ай», «Сәлем саған туған ел», «Жерім менің» және тағы да басқалар сияқты соңғы бірнеше онжылдықтағы қазақтың ән мұрасын насихаттайтын әндер енген. Әрбір композицияның сипатамасы тындаушылардың бойында ұлттық салт-дәстүрге құрмет, отансүйгіштік, достық, бірлік, адалдық, ізеттілік құндылықтарын тәрбиелеп қазақ халқының болмысын, батырлық өресін дәріптейді.

– Ән орындау барысында оқушылар әннің шығу тарихын зерттейді, театрландырылған көрініс арқылы көпшілік бойына рухани сезім ұялатады. ЮНЕСКО байқауына қатысып, біз өзгелерге тәжірибе бөлісе отырып, музыканың қоғамдағы тұрақты және бейбіт түрде дамуына қосатын үлесі туралы жеткізе білдік, – деді Қызылорда қаласындағы NIS-тің ән-әуез пәнінің мұғалімі Жарасбек Өтебаев. Назарбаев Зияткерлік мектептері – еліміздегі білім мен тәрбиені ұштастырған отандық білім беру жүйесінің флагманы. Осынау үлкен жауапкершілікті арқалаған ұстаздардың алдында ұлттық құндылықтарымызға негізделген білім беру, оқушылардың музыкалық мәдениеті мен талғамын қалыптастыру, рухани-адамгершілік қасиеттерін  дамыту мақсаты тұр.

 

Жоғарыда айтылған ірі жобалар бұған елеулі септігін тигізіп, игілік жолында жаңа ізденістерге жетелейтініне сенім мол. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары жыл сайынғы желілік «Ұлы дала мұрагерлері» домбырашылар флешмобына белсенді қатысып,  тыңдарманның ұлттық музыкалық талғамын, рухани мәдениетін дамытып, құндылықтарымызды сақтауға өз үлестерін қосуда. Жобаның сәтті жұмыс жасау нәтижесінде қазіргі таңда мектептерімізде әр күйдің өз тыңдаушысы, оны жанымен ұғып бағалайтын жастарымыздың көкжиегі кеңеюде.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий