Жолдау – 2021: Білім беру мен ғылым саласы – еліміздің басты басымдықтарының бірі

Ел Президентінің Қазақстан халқына кезекті Жолдауы – Қазақстан Республикасының азаматтары үшін тарихи жайт. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа Жолдауында ел мен қоғамның одан әрі дамуының пайымы баяндалып, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды стратегиялық міндеттер белгіленген.

Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл Жолдауы өзінің нақтылығымен және мақсаттылығымен елдің алдағы жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын айқындайды. Мұны президентіміздің «Менің бастамаларым- халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған» деген сөзінен-ақ аңғаруға болады. Бұл нақты практикалық істер бағдарламасы, сөзсіз, барлық қазақстандықтарға, ең алдымен, бізге, зиялы қауымның алдыңғы қатарлы бөлігі – ғалымдар мен педагогтерге қатысты.

Сол себепті Жолдауда көтерілген мәселелер барлық қазақстандықтарды, бірінші кезекте бізді, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен профессор-оқытушылар құрамын бей-жай қалдырмайды. Жолдауда еліміздің әл-ауқатын дамыту мен экономикасын жетілдіру жолындағы ұстанған басты басымдықтарының бірі Білім беру мен Ғылым саласы екендігі баса көрсетілді. Президент Жолдауының бір бағыты мемлекет дамуының негізі болып саналатын білім мен ғылым мәселелеріне арналғаны қуантады.

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында ғалымдардың тұрақты және лайықты жалақысын қамтамасыз етуге бағытталған Ғылым туралы Заңнамаға осы жылдың соңына дейін түзетулер енгізуді тапсыруы дәлел. Президент бұған дейін де Қазақстан ғалымдарына әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуді, сондай-ақ «Жас ғалым» бағдарламасы аясында жас ғалымдарға мың грант бөлуді ұсынған болатын. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын гранттық қаржыландыру мерзімі бес  жылға дейін ұзартылуы да көңілге қонады.

Мемлекет басшысы педагогтерді әлеуметтік қолдау мәселесіне де ерекше назар аударды. Педагогтардың біктілігін енді 5 жылда емес,  3 жыл сайын  арттырудың қажеттігін негіздеді. «Министрлік білімді заманға бейімдеуі қажет», «білікті мамандар керек» деген уәждері үлкен міндет жүктейді.  Бүгінде бұл көтерілген мәселенің жай ғана сөз емес, іс жүзінде жүзеге асып жатқандығының куәгеріміз. ҚР Президенті өткен жылы Үкіметке Педагог мәртебесін және мұғалімдердің жалақысын арттыруды, отандық ғалымдарға ерекше назар аударуды, білім беру саласын жан-жақты қолдауды тапсырған болатын.

Бүгінде білім берудің әлеуетін арттыру, оның ішінде алдағы уақытта оқытушылардың жалақысын өсіру мәселесі де жоспарланды. Педагог қызметкерлердің жалақысын көтеру және оларға деген мемлекеттің ерекше назары білім сапасына оң әсер еткені анық. Халықаралық олимпиада жеңімпаздарына, оқушыларға конкурссыз грант беру, жетекшілеріне материалдық қолдау көрсету  керектігіне назар аударылғаны да маңызды.

Қорыта айтқанда, Президент Жолдауынан кейінгі түйін – жоғары білім беру саласының алдында кәсіби кадрларды даярлау тұрғысынан мемлекеттің үмітін ақтау міндеті тұр. Яғни, жасампаз шығармашылық кәсіби мамандарды дайындап, ел игілігіне қызмет істеуге жұмылдыру. Демек, академиялық қауымдастықтың ендігі ісі – қазақстандық білімді білім берудегі әлемдік көшбасшылардың деңгейіне шығару. Осынау игілікті істердің нәтижелі болуына сенім білдіремін және өз үлесімді қосыға мүдделімін.

Күлзинат Мейрамбайқызы ҚАРЫМБАЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті,

филология және журналистика кафедрасының
меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент, Жамбыл облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий