Жолдау – 2021: Білім мен ғылымның көкжиегі

2021 жылдың 01 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар-ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. 2021 жылдың негізгі даму көрсеткіштерін Жахандық даму бағыттарымен терең сабақтастырған жолдауда қарапайым еңбек адамдарына арналған басым бағыттар баршылық. Әсіресе, әлеуметтік сала қызметкерлері үшін жағымды мәселелер биылғы Жолдаудан тыс қалмапты.

– 2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті. Бірақ бюджеттен қаржыландырылатын өзге сала азаматтары бұдан тыс қалды. Бұлар – музей қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілері және басқалары. Сондықтан 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20% өсіретін болады. Тұтастай алғанда тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді, – делінген Президент Жолдауында.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті өңірімізге мұғалім мамандарын ғана емес, кәсіби гуманитарлық сала мамандарын даярлауда да көшбасшы екені белгілі. Бүгінгі студент ертеңгі маман болғандықтан,жұмысқа орналасуда түлектер архив, музей, мәдениет мекемелеріне баруға жалақысы аздығы себепті тартыншақтайтын. Жолдау нәтижесінде осы сала қызметкерлерінің жалақысы өсірілсе, мұқияттылық пен ыждағаттылықты талап ететін архив, музей, мәдениет саласы қызметкерлері қатары өз ісіне сүйіспеншілікпен қарайтын болашақ мамандармен  көбейе түсері анық.

Жолдауда мұғалімдерді қолдау саясаты жалғаса беретіндігі көрсетілді. Мұғалімдер қайта даярлаудан бұрынғыдай 5 жыл сайын емес, 3 жылда бір рет өтіп отырады. Олар арнайы курстардан өз қаражатымен емес, мемлекет есебінен өтеді.Бұл талап тек орта мектеп емес,жалпы білім саласына,мектепке дейінгі мекемелерден жоғары оқу орындарына да қатысты болмақ.

Қазірде, демографиялық оң өзгерістерге сай білім орындарының жетіспестігі сезілуде. Осыған орай, 2025 жылдың соңына дейін 1000 мектеп салу жоспарлануда. Бұл жердегі негізгі мәселе заманауи білімнің қазақстандықтар үшін толық қолжетімділігі болып отыр. Пандемия кезінде аз қамтылған, көп балалы отбасылардың компьютер, ноутбук құралдарымен қамтылуында, ауылдық жерлерде интернет желілерінің дұрыс болмауынан кемшіліктер болғаны жасырын емес. Жолдауда осы кемшін тұстарды толық жойып,мектептерді цифрландыру мәселесін түбегейлі шешу міндеті қойылды.

Ғылымға ынтасы бар оқушылар мен олардың жетекшілерін материалдық ынталандыру мәселесі көтерілді. Алдағы уақытта, халықаралық олимпиадаларда жүлделі орын алған таланттарға 4,5 млн тенге көлемінде ақшалай марапат берілетін болды. Мемлекет басшысы мектеп ғылымымен қатар ел дамуындағы ғылым саласының түйткілдерін шешу туралы да айтты. Алдағы уақытта қолданбалы және іргелі зерттеулерге арналған мемлекеттік гранттық қаржыландыру мерзімін 3 жылдан 5 жылға дейін өсіру белгіленді.

Бұл арада ғалымдар еңбегінің қорытынды нәтижесін жариялаудағы уақыттың аздығы мен бюджет қаржысын жоспарлаудағы сәйкессіздік сөз болғаны анық. Қазірде, ғалымдар еңбегінің қорытындысы бұрынғыдай монографиялық басылыммен өлшенбейді. Керісінше, ғылыми зерттеу қорытындысы халықаралық рейтингілік журналдарда жариялануы талап етіледі. Оның өзі, мақала баспаға тапсырылғанның өзінде 2-3 жылға созылады. Міне, осындай талаптарды Президент тап басып айтып отыр.

Келесі мәселе, ғылыми жобаларды әділ бөлу. Осы тұста, аппеляция жүйесін енгізу және Ұлттық ғылыми –техникалық кеңес құрамын дұрыс іріктеу де айтылды. Бұл, атыраулық ғалымдар ғана емес әрбір аймақ ғалымдары үшін де тиімді болмақ. Себебі, өңірлердегі ғалымдардың Ұлттық Ғылыми-техникалық кеңеске кірулеріне жол ашылып, ғылыми жобалардың әділ бөдінуіне көпшіліктің көзі жетер еді. Жолдауда айтылған міндеттерді орындау жауапты органдардың еншісінде. Бірақ Президент бір нәрсені ескертті. Бұдан былай Мемлекет басшысының бағытына күмәнданатындар, міндетін атқара алмай отырғандар, уақыт өткізу үшін қызметте жүргендер және Президенттің тапсырмасын орындаудан жалтаратындар қызметінен қоштасады.

Лесқали БЕРДІҒОЖИН,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау
университетінің кафедра меңгерушісі,
тарих ғылымдарының докторы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий