Ұстаз – ұлы есім

Иә, «Ұстаз» деген ұлы есімді арқалаған жанның еңбегі еш кетпейтін ерен еңбек, алайда, артар жүгі де ауыр. Ұстаз – қашан да ұстаз, барлық жағынан да үлгі, өнегеге толы жан. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп Абай атамыз да мұғалім тұлғасына ерекше үміт артқан, үлгі тұтар жүк артқан. Бұдан шығатын қорытынды ұстаз болмысының асқақ та, абзал болуы емес пе?!

Солай, әрине, солай! Осы ойдың жетегімен, және өнегелі ұстаздарыма еліктеп осы мамандыққа бет бұрдым. Атап айтар болсам, алғашқы мектепке аяқ басқандағы салиқалы Аққаным апайым, әдебиетке еліте білген білгір маман Ұштап апай, Жиеналиева Разия Файзуллаевна апайларым мен Оңғар Жұбатқанович ағайларым, қала берді білімді институт қабырғасында тереңдете теңгерткен М.Тлеужанов, О.Бүркітов, Ж.Шаекенов, Е.Қазиев,  М.Жолдықайырова, А.Қыдыршаев, Ү.Дәулетовалардың жол сілтеуі арқасында осы салада отыз жыл еңбек ету бақытына ие болып келемін.

Енді өзіме тоқталар болсам, мен 1972 жылы мамыр айының 11 жұлдызында Батыс Қазақстан облысы, бұрынғы Жымпиты ауданы, Қызылту колхозының №2 бөлімшесінде көп балалы отбасында дүниеге келдім. 1979 жылы 1 тамызда алғаш мектеп табалдырығын үш жылдық ауыл мектебінде тәмәмдап, колхоз орталығы Алғабас ауылында интернатта жатып 4-5 сыныпты оқып, кейін 1983 жылы Талдыбұлақ елді мекеніне қоныс аударуымызға байланысты 1989 жылы 10 жылдық мектепті осы аталмыш мектептен аяқтадым.

1989-1990 жылдары бөлімшелерде кадр тапшылығына орай сенім артып, алғаш ұстаз болып қалыптасуыма ерен үлес қосқан сол кездегі Жымпиты аудандық білім беру бөлімінің басшысы Қадыров Марат Сахипович пен «Алатау» 9 жылдық орталау мектеп директоры Уразаев Бақытжан ағайларым осы мектепке бастауыш сынып мұғалімі етіп тағайындады, 1990-1994 жылдары аралығында А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын бітіріп, жолдамамен Аралтөбе орта мектебіне жас маман болып орналастым.

Кейін, отбасылық жағдайлармен Талдыбұлақ, Тасқұдық орта мектептерінде, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, кейін оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет еттім. Қазіргі күнгі ұстаздық жолым мен мерейім осы ұстаздарымның тәлімі арқасында деп оларға үнемі бас иемін, құрмет тұтамын, мақтанышпен еске алып отырамын. 2001 жылы Бөрлі ауданына қоныс аударып, 2003 – 2004 жылдар аралығында аудандық білім беру бөлімінің әдіскері болдым. 2004 жылдың сәуірінде Қызылтал орта мектебіне ауыстым. Содан бері осы мектеп қабырғасында қызмет етудемін.

Осы жыл аралықтарында әлі күнге дейін сынып жетекшілікті қоса арқалап, бірнеше түлектерді түлетіп келемін. Бірнеше жылдан бері жас мамандарға да қол ұшын созып, тәлімгерлік жұмысын атқарудамын. Күні бүгінге дейінгі ұстаз қадірі  ардақты да дара тұрмақ. Кез –келген жанның жақыны бола білген ұстаз есімі – әр шәкірттің жадында өзінше орын алып сақталса, бүгінде де ұстаз беделі еңсесін түсірмек емес. Ұстаз алдынан өтпеген жан болмас. Ендеше, ұстазды ұстаз тұтпайтын шәкірт те болмауы қақ. Қазір мен де ұстазбын.

Ұстаз – жылы сөзге марқайып, шәкіртімен шалқаятын, түлегімен табысқа кенелетін жан. Ұстаздан – шәкірт оза шауып, өнері мен өнегесін асырып жатса, мұғалімнің мерейінің асқаны емей немене! Ұстаздар –  тек мұғалім ғана емес, жалпы кез – келген бастамадағы алғашқы  қадамын бастырар, жол нұсқаушы жандар. Сондықтан да ауқымы мен мағынасының тамыры кең, осынау «ұстаз» сөзінің адам өмірінде алар орныда ерекше.

Сондай – ақ, ұстаз болу – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ десе де болады. «Ұстаздық – ұлы құрмет, себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың баласын да, данасын да, ғалымын да ұстаз өсіреді» – деп Бауыржан Момышұлы  айтқандай,   ұстаз болу да – бір бақыт, мен де бақыттымын!

Айымгуль Махсотовна КОЖАГАЛИЕВА,
№7 жалпы орта білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
Батыс Қазақстан облысының Бөрлі
ауданындағы
Ақсай қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий