Педагогтік мамандықтарды таңдаушылардың саны артты

Қыркүйек айының біріндегі Білім күнімен қатар келген ҚР Президентінің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында пандемиядан кейінгі экономикалық даму, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылық саласы, адам құқығы мәселелерімен қатар, білім мен ғылымды дамытуға да тоқталып, біраз тапсырмалар берілді. Соның ішінде жоғары оқу орындары мамандардың сапалы даярлануына үлкен жауапкершілікпен қарауы керектігі баса айтылып, педагогтардың мәртебесі мен әлеуметтік жағдайын көтеру бағытында жұмыстар жалғаса беретіндігі мәлімделді. Мемлекетіміздің бұл ұстанымы педагогикалық бағыттағы оқу бағдарламаларын таңдаған талапкерлер санын арттырып отыр.  

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қабылдау комиссиясы 2021 жылғы қабылдау жұмыстарын толықтай аяқтады. Қабылдау науқаны қорытындысы бойынша 2021-2022 оқу жылына барлығы 2536 білім алушы 1-курсқа қабылдады, оның ішінде 2413-і бакалавриатқа, 123-і магистратураға түсті. Бакалавриатқа қабылданған 2413 студенттің 240-ы мемлекеттік грант, 85-і жергілікті әкім гранты, 2088-і ақылы. Магистратураға қабылданған 123 магистранттың 67 мемлекеттік грант, 56 ақылы.

Бұл сан өткен жылмен салыстырғанда 27%-ға артты. Бір айта кететін жайт, 37 «Алтын белгі» иегерлері біздің университетімізді таңдады. Елімізде педагог мәртебесін көтеру бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде «болашақта мұғалім боламын» дейтін жастардың санымен бірге сапасы да артып отыр. Мысалы, мемлекеттік грант негізінде «Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі» білім бағдарламасына түсіп отырған 35 студенттің ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балы – 104, «Шетел тілі: екі шетел тілі» білім бағдарламасы бойынша орташа балл – 100, «Физика пәні мұғалімі» білім бағдарламасы бойынша орташа балл 90-ды құрады.

ҰБТ қорытындысы бойынша 140 балл жинаған талапкер біздің университеттің «Физика пәні мұғалімі» білім бағдарламасын таңдағанын қуанышпен айтуға болады. Жолдаудағы “Сапалы білім беру” деп аталған бөлімінде сапалы білімді қамтамасыз етудің бір жолы – мұғалімдерді әлеуметтік қолдау екені аталып өтті: «Биылғы қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсаймыз. Қабылданған шаралар жемісін беріп жатыр. Педагогикалық мамандықты қалап, оқуға түскендердің орташа балы күрт өсті. Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз».

Біздің жоғарғы оқу орны педагогтарды қолдау мақсатында 2020 жылдан еңбекақыны көтеру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, 2020 жылғы ақпан және қазан айларында педагогтардың жалақысы өсті. 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап университет профессор-оқытушыларының еңбекақысы тағы да өскелі отыр. Бұл жұмыстар Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасымен жоғары оқу орындары педагогтарын әлеуметтік қолдау бойынша іске асырылуда. Университет өзінің қаржылық мүмкіндіктеріне талдау жасап, 2021-2022 оқу жылында оқытушылар еңбекақысын қомақты көтеруді іске асырады.

Мысалы, өткен оқу жылында оқытушының еңбекақысы 125 мың  шамасында  болса, енді 202 мың теңгені құрайтын болады. Ал аға оқытушылар өткен жылы 143131 теңге болса, енді 230 000 болмақ. Ғылым кандидаты 157 156 теңгеден 260000 болып өсетін болады. Ғылым докторы, профессор 194454 теңгеден 330000 теңгеге көтерілді. Әлеуметтік қолдау жұмыстары білім сапасының артуына да ықпал етері сөзсіз. Биылғы оқу жылындағы өзекті мәселенің бірі – студенттерді жатақханамен қамту. Жаңа оқу жылына барлық оқу корпустары, оқу аудиториялары және жатақханалар толықтай дайын болды.

Атырау облысы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті тамыз айында университеттің жаңа оқу жылына дайындығы тексеріп, оң бағасын берді. Студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін университет аумағы, оқу аудиториялары толықтай бейне камералармен жабдықталған. Университет аумағына Ashyq қосымшасы арқылы «жасыл» немесе «көк» мәртебесі бар білім алушылар, сондай-ақ «жасыл» мәртебесі бар педагогтер мен қызметкерлер Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулыларында айқындалған тәртіпке сәйкес жіберілуде.

Оқу корпусының әр қабатында студенттер арасында сырқат студент анықталған жағдайда іс-әрекет алгоритмі ілінген. Сонымен қатар, әр қабат бойынша оқытушылардан тұратын кезекшілер сақтық шараларын қамтамасыз етуде. Университетте 1240 орындық 3 жатақхана бар. Студенттер тарапынан түскен өтінімдерді толық қанағаттандырамыз деген жоспар бар. Биыл алғаш рет Platonus ақпараттық жүйесінде «Жатақхана» модулі іске қосылды. Студенттеріміз жатақханаға өтінімді онлайн беруге мүмкіншілік алды.

Бұл процедураны онлайн жасау арқылы студенттерге ыңғайлы жағдай жасау және жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мүмкіншілігі туды деуге болады.  Студенттердің жатақханаға келуін бекітілген кесте бойынша, яғни курс бойынша ұйымдастырылды. Жатақханаға орналасу үшін 1 курс студенттері, тұрғылықты жері өзге елде, облыста немесе басқа алыс аймақта орналасқан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көп балалы отбасы, аз қамтылған отбасы және тағы басқа жеңілдетілген жағдайлар көрсетілген білім алушыларға басымдылық берілді.

2021-2022 оқу жылында барлық курс студенттері үшін оқу үдерісі аралас форматта басталып кетті. Дәстүрлі үлкен аудиторияда өтетін дәрістер онлайн форматқа ауыстырылып. семинарлар мен зертханалық, практикалық сабақтар офлайн жүргізілуде. Университет сайтында және Platonus (asu.edu.kz) ақпараттық жүйесінде 1 курс студенттеріне арналған «Сұрай-сұрай» ақпараттық кітапшасы қол жетімді. Жоғары білім алушылармен және ата-аналарымен кері байланыс орнату бойынша да жұмыстарды тиісті деңгейде ұйымдастырылуда.

Жаңа оқу жылының форматы, академиялық ұтқырлық, кітапхана жұмысы, анықтама алу және тағы да басқа сұрақтарға тиімді жауап алу үшін студенттерге арналған call-орталықтар мен виртуалды қабылдаулар жұмыс жасауда. Осылайша, біздің университет сын-тегеурінге толы жаңа оқу жылына толықтай дайын. Барлық тәуекелдер алдын ала зерделеніп, әрекет ету алгоритмдері әзірленді. Барлық саниарлық талаптарды сақтай отырып, өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру саласындағы сан жылдар бойы қалыптасқан дәстүрімізді жалғастыра береміз деп сеніммен айта аламыз.

Асхат ШҮКІРОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау
университетінің 
академиялық мәселелер
бойынша проректоры міндетін атқарушы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий