Бала тәрбиесіндегі ата – ананың рөлі

Әрбір жеке адам өмірінің маңызды бастауы, рухани өзегі – отбасы. Отбасында тыныштық, бақыт болса қоғамдағы кез келген ауыртпашылық жеңілдейді. Жұмыстан орныңды таппай жүрсең де, біреуден зәбір көрсең де қайтып  оралатын отауың болса, сол отаудың ішінде тыныштық орнаса, сені жан-тәнімен түсініп, қабағын арнап отырған жан болса, кез келген ауыртпашылық жеңілдейтініне тарих дәлел.

Отбасы – бақытымыздың бастауы. Қоғамда жасайтын жұмыстарымыздың негізі сонда жатыр. Отбасын реттей алмаған жан қоғамда да берекесіз болады. Қоғамда көптеген жетістіктерге жеткен адамдар отбасында бақытты азаматтар. Отбасы – ұлттың, мемлекеттің, әлемнің, адамзаттың негізі. Сондықтан оны нығайту керек. Отбасында тыныштық болса – үйде тыныштық болады; Үйде тыныштық болса – мемлекетте тыныштық болады. Мемлекетте тыныштық болса – әлемде тыныштық болады. 

Адам баласы қоғамда өзінің жақсы адамгершілік қасиеттерімен ардақталады. Адамгершілік негізі –  ізеттілікте. Ол әрбір отбасынан басталады. Халық «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» дейді. Жас шыбық қалай иілгіш болса, жас адам да сондай жақсыға да , жаманға да бейім болатыны баршамызға аян. Ата –ананың үйдегі іс –әрекеті балалардың көз алдында өтеді. Сондықтан жақсы мен жаман әдетіміздің бала тәрбиесіне ықпалы зор. 

«Отбасы – адамның жақсылық жасауға үйренетін ең бірінші әлеуметтік ортасы», – деген В.А.Сухомлинский. Осы сөзге назар аударып, пікірлеріңізді білдірсеңіздер. Үздіксіз тәрбиенің басты сатысы – отбасы тәрбиесі. Отбасында бала еңбек етуге,жақсылық жасауға, өмір сүруге әлеуметтік қатынас тәжірибесін игеруге үйренеді, отбасында өзіндік өмірлік көзқарасы қалыптасады. Балалардың мінез-құлқына кері әсер ететін ата-аналардың қарым-қатынас типтері: орынсыз қамқорлық (бала ата-анасының орынсыз қамқорлығына еті үйреніп, дағдыланғаны сондай, өз бетімен шешім қабылдай алмайды); орынсыз жұмсақтық (көнгіштік) (баланың мінез-құлқын бүлдіреді, басқаларға түсіністікпен қарамайды); орынсыз қорқыныш, үрей (баланы мазасыз етеді, тіпті психосоматикалық ауруларға апарады).

Ата-анасының мейірімін көрмеген бала көбінесе мейірімсіз, ызалы, құрбылармен дұрыс қарым-қатынас жасай алмайды, кейде тұйық, шектен тыс ұялшақ болады. Ата-анасының шектен тыс мейірімінде өскен бала өзімшіл, нәзік, тым төзімсіз, екі жүзді болуы мүмкін, яғни отбасы тәрбиесі адам өмірінде өте маңызды. Балалардың мінез-құлқына кері әсер ететін ата-аналардың қарым-қатынас типтері: жоғары талаптар қою (балалар сасқалақ, жабырқаңқы, тұнжыраңқы болып, сәтсіздікке ұшыраймын деген сезім басым болады): кемсіту, елемеу (мұндай сезіммен өскен балаларда агрессия, ашу-ыза басым, қызба болады. Өсе келе түрлі қылмыс, зорлық-зомбылық жасау, нашақорлық сияқты келеңсіз жағдайларға бой алдыруы мүмкін. 

Бұны жан азабын шектіру деп атауға болады. Жан азабын шектірген зорлық жүйке ауруына немесе тіпті жан ауруына ұшыратуы мүмкін. Баланың дамуына әсер ететін  ата-ананың негізгі жағымды күші қандай деп ойлайсыздар?  Тыңдаушылардың пікірінен кейін, өзіңіз толықтырып айтасыз. Ата-ананың ойының күші. Ата-ананың сөзінің күші. Ата-ананың  үлгісінің күші. Негізгі осы үш күш жағымды болу керек. Ата-ана ойының күші: бала алдымен ата-ананың ойында туады. Ата-аналардың ойлары мен сөздері баланың өзі туралы түсінігін қалыптастырады. Балалар әрқашан ата-аналардың ойларын интуитивті түрде қабылдайды.

Ата-ана сөзінің күші. Ата-аналар балаларына мүмкіндігінше жиі батасын беріп, оларға мейірімді сөздер айтып, оларға қолдау көрсетуі керек (“сен жетістікке жетесің”, “сен жасай аласың”, “Мен саған сенемін”). Владимир Леви «Новый нестандартный ребенок» кітабында «Балада жоқ нәрсені мадақтаңыз, сонда ол пайда болады…», – деп жазады, Баланың адамдық қасиеттері  мен әдептілігі, оның болашақта қандай адам болуы  өзі туылған отбасында алған тәлім-тәрбиесі мен ондағы қарым-қатынасқа байланысты. Өйткені ата-ана — басты ұстаз.

Ата-ана үлгісінің күші. Балалардың махаббаты таза, риясыз. Олар өздерінің ата-аналарын бар жан-тәнімен жақсы көреді және оларға еліктейді. (кейбір келеңсіз мінез-құлықтарын да). Кей-кейде балалар ата-аналарының тілін алмайды. Бірақ-та олардың мінез-құлықтарын, іс-әрекеттерін зер сала бақылайды. Бұл балаларға үлкен әсер етіп, ықпалын тигізеді. Олар ата-аналары өтірік айтып, алдап тұрса, екіжүзділік таныса, оны байқап қояды. Бала тәрбиесіндегі ананың рөлі бөлек екені айдан анық. Әйелдің басты миссиясы бар: барлық отбасы үшін сарқылмас энергетикалық қуаныштың , сұлулықтың, жарықтың көзі бола білуі. Қашан ана отбасында бақытты болса, онда барлық адам бақытты.

Ұлт ананың мәдениетінің негізінде қалыптасып, дамиды. Өмірге келген ұрпақ бүгінгі ананың негізінде қалыптасады. Кешегі, бүгінгі, келешекте ана бәрінің өзегі болмақ. Ұлттың жүрегі, тынысы болмақ. Ананың міндеті – руханилық пен адамгершіліктің негізін салу. Егер ана рухани болса, бүкіл ұрпаққа алаңдамауға болады. Егер ол адамгершілікпен әрекет етсе балалары да соны жасамақ. Ана бала тәрбиесінде ерекше тұлға. Тәрбиенің негізі «ананың әлдиінен» бастау алады. Ана тәрбиесі ұлылық дәнін себеді. Сәбиді тәрбиелеуде ешкім де анасын алмастыра алмайтыны туралы ұмытпау керек. 

Бала өмірінің алғашқы бес жылында міндетті түрде анасымен болуы керек. Ана өзінің міндетін өзгелерге аудара салмауы тиіс (ата-әжесіне, күтушіге, балабақшаға). Өте ерте жастан тәрбиеге әлеуметтік мекемелерге берілген балалар анасы ғана бере алатын мейірімнен, жылылықтан, ізгіліктен, сүйіспеншіліктен кенде қалады. Өкінішке орай көптеген балалар ана махаббатының не екенін білмейді. Риясыз сүю  ананың табиғатынан берілген қасиеті. Күйеуін риясыз сүйетін әйелдер асыл тастай құрметті, хош иісті гүлдей нәзік, отбасының сақтаушысы, от анасы бола алады.

Отбасы ана үшін нағыз қасиетті орын болуы тиіс. Ол ана үшін мешіті, оның мектебі, оның қызмет орны және тағы да басқалар. Ана өз іс-әрекетінде жақсы мен жаманды, ақ пен қараны ажырата білу қасиетінің арқасында  өз күйеуінің ар-намысына, абыройына нұқсан келмейтін әрекеттерге ғана барады. Әйелдің шынайы таңғажайыптығы оның мейірімді мінез-құлқында ғана. Адамгершілік оның тыныс алысы сияқты, қарапайымдылығы оның өмірлік күші, ақиқат жолында жүруі оның күнделікті парызы. Ана өзінің ар-намысын сақтауда өзін құрбандыққа да шала алады. Ол өз даналығы мен ақылдылығының арқасында күйеуінің алдында кішірейе де алады.

Әйелге сыпайылық, ибалылық қажет. Онсыз әйел сұлулықтан, әдеміліктен, мәдениеттен де жұрдай болады. Сыпайы, ибалы әйел өзін әрдайым ішкі түйсігімен сезініп дұрыс әрекеттер жасап отырады. Ол тек қана ізгі, дұрыс әрекеттерге барады. Сыпайы, ибалы әйел өз отбасында ибалықпен билік жүргізіп, ол қоғамға, бүкіл әлемге ықпал етеді. Сыпайы, ибалы әйел тұрмыстың тауқыметімен ұсақталып кетпейді,  өзі сыйлап, өзін де сыйлата алады. 

Отбасындағы әкенің рөлі. Әр отбасы – жеке мемлекет. Бұл мемлекеттің іргетасын қалаушы, оны басқарушы, отағасы – әке. Отбасының рухани, материалдық жағынан құлдырамай, мықты болуы әкеге байланысты. Ұлы күш пен сабырлықтың иесі болып табылатын – әке. Әке өсиеті мен тәлім-тәрбиесінің маңызы ерекше. Қанша дегенмен, жүрегі жұмсақ аналарымыз кейде тым еркелетіп жібергенде, әкенің салмақты сөзі ауадай қажет болып жатады.

Әке – әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Отбасындағы бала тәрбиесінде әкенің орны ерекше. Әке үйі барлық балалары үшін «үлкен үй», «қара шаңырақ» деген киелі ұғымдармен сыйлы да құрметті. Әке тәрбиесі арқылы, ұл мен қыз балалардың өздеріне тән мінез-құлықтарын ерекше сергектікпен қалыптастыратындығы да анық. Әр шаңырақта әкенің рөлі ерекше. Әке- отбасының асыраушысы,отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы.

Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі-баланың көз алдындағы үлгі өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Отбасының пейіл-береке, ынтымағы үшін отбасының әділ, ұстамды болуы орасан маңызға ие. Үй шаруасына ана жауапты болса, отбасының жалпы жағдайына әке жауапты. Ежелден қалыптасқан түсініктің бірі- “әке- үйдің асыраушысы”. Үйдегі жандардың аш қалмауын, киімдерінің бүтін болуын ойлайтын- әке. “Балаларым алаңсыз балалық шағын өткізсін, жарым ештеңеден қысылмасын, дастарханымыз мол болсын” деген ой әкенің көкейінен ешқашан кетпейді.

Бұл табиғаттың заңдылығы да шығар.  Өткен дәуірлерде де әке үйдің басты асыраушысы болды. Бүгінде де сол дәрежесінде де келе жатыр. Әкесі бар үйдің шаңырағы ешқашан шайқалмайды. Ол үйдің тәртібі де темірдей қатал. Қандай да болсын жағдайларда соңғы сөз- әкеде. Әкенің айтқанымен жүрген бала өз жүрісінен жаңылмайды.  Әкені тыңдап өскен бала өмірдегі жолын табады. Жақсы азамат болып, еліне адал қызмет етеді. Себебі, баланың барлық арманы әкенің арманымен ұштасады. Әке өзінің баласын қандай күйде көргісі келетінін күні бұрын ойластырады. Әрине, ешбір әке өз баласына жамандық тілемейді.

Әке отбасында ең басты орынды иеленеді. Ер адам – білімнің даналықтың, тәртіптің іске асырушысы. Ер адам – әйелін, балаларын қорғаушы, отбасының барлық  мұқтаждығын өтеуші, олардың денсаулығына, білім алуына кепілдік беретін адам. Ер адам мен әйел ата-ана болғанда олар бір-бірін үйлесімділікпен толықтырып, бала тәрбиелейді. Ата-аналарға бала тәрбиесіндегі ең негізгі міндет дұрыс мінез-құлқын қалыптастыру болып табылады. Бала тәрбиесінде барлығы өз шекарасынан шықпауы тиіс. Әр кезде сүйіспеншілік пен тәртіп болуы тиіс.

Ер бала әкесімен сырлас, жолдас, дос. Ол әрқашан бір әрекет жасау үшін әуелі әкесімен сырласады. Ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына, қоғамдағы өз орнын дұрыс табуына әкенің атқарар еңбегі ерекше. Қазақ халқында “Бір бала бар- атадан өте туады, бір бала бар- кері кете туады” деген тұжырымға, баланың қандай болмағына негіз қалайтын да әкенің өзі. Әке өз ұлдарына адалдық, батырлық, ерік-күштің мықтылығы, әділеттілік пен жауапкершілік туралы үйретеді. Бұл қасиеттерсіз ер азамат нағыз еркек бола алмайды.

Әкенің ұлына деген сүйіспеншілігі ұлының өз-өзіне деген сенімін туғызып, оны байсалды етеді. Ер азамат өз балаларының тәрбиесіне жауап беруі керек, әсіресе ұл баланың тәрбиесіне. Әке оларды Отанын сүюге, адалдыққа және өз парызы мен борышын сезінуге, ер жүректілікке, шешім қабылдай білуге, қиындықтан қашпауға, оларды жеңе білуге, өз ісі мен қылығына жауап бере алуға, үлкендерді тыңдап, құрметтей білуге, әйелдерді сыйлап, құрметтей білуге, қорғансыздарды қорғай білуге, еңбекқорлыққа үйретуі тиіс.

Әкенің қызына деген сүйіспеншілігі оларға өз-өзіне деген сенімділігін ұялатады. Әке өзінің сүйіспеншілігі мен қамқорлығы арқылы оларда барлық ер азаматтарға деген жақсы қарым-қатынасты тәрбиелейді. Олардан  өз күйеуін сыйлайтын, құрметтейтін және отбасында жақсы бала өсіп дамитын  сүйіспеншілік пен бақытты ахуалды қалыптастыра алатын жақсы әйелдер шығады. 

Дариға ДАУЛЕТОВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
«СҚО ПҚ БАИ» аға оқытушы,
Петропавл қаласы

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий