Жолдау – 2021: Болашақ үшін маңызы зор құжат

Президенттің күздің алғашқы күнінде жарияланған жаңа Жолдауына пандемиядан кейінгі еліміздің даму сипаты, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру, сапалы біліммен қамту, өңірлік саясатты жетілдіру мен еңбек нарығында тиімді экожүйе құру, саяси жаңғыру мен адам құқығын қорғау сынды сан саланы қамтып, ұлтты ұйыстыруға бағытталған бастамалар арқау болған.

Жылдар өтсе де күн тәртібінен түспейтін жалақы мәселесі Жолдаудың негізгі мазмұнын ашқандай. Құжатта нақты көрсетілген бес негізгі бастаманың ішінде біздің де көңілімізден шыққаны бюджеттен қаржыланатын қарапайым еңбек адамдарының жалақысын 2022-2025 жылдары жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіру туралы тапсырмасы болды. Мемлекет басшысы бұл бастаманың игілігін тұтастай алғанда 600 мың қазақстандық көретінін айтты.

Азаматтық қызметшілердің өткен жылдары жалақысы көтерілгенімен, білім саласында еңбек етіп, бюджеттен қаржыланатын педагог емес мыңдаған қызметкердің айлығы өзгеріссіз қалған болатын. Осы тұста білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы әлеуметтік әріптестік аясында бухгалтерлер мен кітапханашылардың, білім мекемелеріндегі медицина қызметкерлерінің айлықтарын 15-35% аралығында көтеруге қол жеткізген болатынбыз.

Президенттің пәрменімен осы және бұдан бөлек ондаған азаматтық қызметші есебіндегі мамандық иелерінің еңбек ақысы өсе түсетінін үмітпен күтетін боламыз. – Қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Осындай жағдайлар «мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды. Ал көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент масылдық пен мұқтаждықтың арасын ашып көрсетті десек болады. Шын мұқтажға мемлекет тарапынан әрдайым көмек пен қолдау болатынын, ал масылдыққа бой ұрып, Үкімет тарапынан берілетін жәрдемақыға қарап өмір сүру дұрыс емес екенін айтты.  – Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айыратынын» айтып, «баршамызға түбегейлі өзгеріс керек, – деді. Бұл өзгерістер заңда да, қоғамда да, адамдардың сана-сезімін де қамтуы тиіс деп ойлаймын.

Президенттің еңбек адамын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ынталандырудың маңызды шараларына бастамашы болғаны қуантады. Бүгінгі нарық жағдайында ең төменгі жалақы жалақының деңгейін мемлекеттік реттеудің негізгі құралдарының бірі болып табылады. Енді ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін артпақ. Бұл барлық салада әр түрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін миллионнан астам адамды қамтиды.

Бұл жұмыспен қамтылған миллиондаған еңбеккерлердің өмір сүру деңгейін жақсарту үшін жасалған маңызды қадам екенін айтқым келеді. Бұл дегеніміз жалақының аз болса да номиналды өсуін білдіреді және еліміздегі әрбір отбасына оң әсерін тигізетін болады. Сонымен бірге көлеңкелі жалақы мәселесін жойып, ел экономикасына оңтайлы әсер етіп, сарапшылардың пікірінше жалпы ішкі өнімнің 1,5 есе артуына ықпал етпек.

Ұлттың жаңа болмысы туралы Ахмет Байтұрсынұлының «білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек, күшті болуға бірлік керек, осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген сөзінің бүгінгі күні де өте маңызды екендігін, осы керектердің бәрін жасасақ ешкімнен кем болмайтынымызды Президент тағы бір мәрте еске салғандай болды.

Ерұлан МАҒЗЫМБЕКОВ,
Жамбыл облысы білім және ғылым
қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының
төрағасы, Тараз қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий