“Оқуға құштар мектеп”: Жаңа жоба жүйелі іске асырылуда

Адами қасиеттердің ішіндегі ең күрделісі және ұлысы – кітап: ол адамзаттың рухани байлығының әлемі. Халқымыз өнер мен білімді қадірлеген. Бүгінгі таңда барлық адамзат алдында тұрған басты мақсат-білімді ұрпақ тәрбиелеу. Ал, ұрпақ білімді қайдан алады? Әрине, кітаптан. Кітап – рухани қазына, байлық, өмір айнасы, замана сыры, тарих шежіресі, оқу тәрбие құралы. Ата-бабамыз кітапты ерекше ақылшы ұстаз санаған. «Кітап білім-бұлағы, білім-өмір шырағы» деген қанатты сөз қалдырған. «Кітап – өмір ұстазы. Сондықтан жастар кітап оқуды күнделікті әдет қылуы тиіс. Кітап оқымай өмірді білу мүмкін емес», – деп Серке Қожамқұлов ағамыз айтпақшы, адам баласы үшін кітап – тілсіз тәрбиеші.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде кітап оқу арқылы әлемге деген қызығушылық мектеп қабырғасынан қалыптасуы тиіс екенін айрықша атап айтқаны баршаға белгілі. Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында электронды дәуірдегі дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөліне тоқталып, мектеп кітапханаларының кітап қорын жаңалап, толықтырудың аса маңызды міндет екендігін атап өтті.

Президент «Қазір бұл кітапханалардың қоры ескірген әрі жұтаң. Әсіресе, көркем туындылар мен тартымды әдебиеттер тапшы. Қазақ тіліндегі тиісті әдебиеттер өте аз немесе мүлдем жоқ. Оқушылардың әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларына қолы жете бермейді. Оқу мәдениетін арттыру мәселесін кешенді түрде шешу үшін тілдік пәндер мен әдебиеттің оқу бағдарламаларын қайта қарау керек», – деп, Білім және ғылым министрлігіне осы мәселелермен мұқият айналысуды және нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Бұл  тапсырманы орындау үшін  «Оқуға құштар мектеп» жобасы енгізіліп бекітілді. “Оқуға құштар мектеп” жобасы білім алушылардың, кітапханашылардың, ата-аналардың арасында оқу сауаттылығын қалыптастыру мен жетілдіруге, оқу мәдениетінің деңгейін арттыруға және оқуды насихаттауға бағытталған. Жоба аясында отбасылық оқудың жарқын дәстүрлерін жаңғырту, оқушылардың оқу сауаттылығын арттыру, кітапхана қорын көркем әдебиетпен толықтыру, мектеп кітапханаларының материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша кешенді шаралар көзделген.

«Оқуға құштар мектеп» жобасының аясында көркем әдебиеттер тiзiмi 4 бағыт бойынша жүзеге аспақ. Яғни олардың қатарына еліміздің үздік классиктернің кітаптары, ана тіліне аударылған шетелдік әлем әдебиетінің жауһарлар, сонымен бірге қазіргі заманғы ақын-жазушылардың кітаптары енетін болады. Білім берудегі кітап оқуға үйрету мәселелері әрдайым маңызды болғанымен, оқу сауаттылығын дамыту тапсырмасы Қазақстан Республикасының мемлекеттік білім беру стандартын жүзеге асыратын заманауи мектеп үшін жаңа сала болып табылады.

Оқу сауаттылығы қазіргі қоғамдағы өмірге дайындық үшін ең маңызды көрсеткіштерінің бірі ретінде қарастырылады. Оқу мәдениеті оқушылардың нақты және жаратылыстану ғылымдарын, еңбекке үйрету және дене шынықтыру, сондай-ақ басқа да пәндерді табысты оқып білу үшін міндетті ме? Жауабы анық. Әрине, иә. «Оқу мәдениеті – өзін-өзі жетілдіру және өзін-өзі тәрбиелеу дағдыларын қалыптастыру факторы» деген түйін сөз бекер айтылмайды. Оқуды дамытуда әдістемелік әдістерді жүйелі және мақсатты түрде қолданған жағдайда оқушының дербес оқуын қалыптастыруға үлес қосады.

Сондықтан бүгінгі таңда оқушылардың кітап оқу құзыреттілігін қалыптастыру өте маңызды міндет болды. Қоғамымыздың рухани әлемін жұтаңдатпай, қазақ балаларын қазақ әдебиетінен алыстатып алмаудың амалын бірлесіп тауып, кітапқа деген баланың қызығушылығын арттырып осы мәселеге ден қоюымыз керек. Менің ойымша қазіргі кезде жас оқырманның қызығушылығын арттыру үшін «балабақша – мектеп – колледж – ЖОО – кітапхана – мұғалім – ата-ана» деген ара-жігі ажырамайтын схемамен жұмыс жасау қажет.

Оқырман мен кітап оқушы қоғамды қалыптастыру қызметі жоғары дәрежеде болуы керек. Сонда ғана біз жас жеткіншектердің оқу ой-өрістерінің кеңеюіне, жан-жақты дамуына, ойлау қабілеттерін жетілдіруге, шығармалардағы кейіпкерлердің мінез-құлқындағы жағымды тұстарын бойларына сіңіруге көмектесіп жалпы, адамды тәрбиелеуде және рухани байытуға көмек көрсете аламыз.

Біздің арнаулы оқу орнының кітапханасында білімгерлердің оқу сауаттылығын арттыру бағытында «Оқуға құштар мектеп» жобасының аясында, облыстық оқу-әдістемелік орталығының арнайы құрған жоспары негізінде төмендегідей іс-шаралар ұйымдастырылып атқарылуда.  Атап айтсам, педагогтар мен білім алушылар арасында «Кітап әуесқойы» атты акциясы өтті.

Шараның басты мақсаты – жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, өзі оқыған көркем әдебиет шығармамен бөлісіп насихаттау, оқырмандарды кітап оқу өнеріне, дүниетанымын кеңейтуге, оқыған кітаптарының, көркем шығармалардың тамашалығын сезінуге, оқығандарын дұрыс бағалай алуға, өмірде, еңбекте, оқуда,  кітапты дұрыс пайдалануға баулуды үйрету болды. Шара барысында оқырмандар кеңінен өз оқыған кітаптарымен бөлісті.

Сонымен қатар қашықтықтан «Өзің оқып өзгеге ұсын» Readx book өткізілді. Бұл шара оқырмандардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, тіл байлығын, білім көкжиегін кеңейтті. 1 курс білім алушысы Ерлан Гүлнұр өзі оқып танысқан Мыржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» көркем шығармасын өзге оқырмандарға жарнамалап, шеберлікпен насихаттап, оқуға кеңес беріп ұсынды. Сондай-ақ осы оқыған шығармадан туындаған қиялға жан бітіру жұмысы бойынша  өз қолынан макет жасап ұсынды.

Қазіргі пандемия кезінде білім алушылар қашықтан кітап оқыды. Үйде отырған олар кitap.кz сайтынан және өздері оқуға жаздырып алған кітаптарын оқып, оқыған кітаптары туралы жарнамалады. Отбасылық кітап оқу дағдыларын бейімдеу, кітап оқуға қызықтыру, отбасы мен кітапхана арасында байланыс орнату мақсатында «Бір отбасы-бір кітап» акциясы ұйымдастырылды. Бірқатар 1 курс білім алушылары отбасымен кітап оқып, оқыған кітаптары туралы айтып бейнежазба түсірді.

“Оқы және өзгеге сыйла” атты Bookcrossing кітап алмасу бойынша арнайы орындар ұйымдастырылып, оқырмандар оқыған кітаптарынан алған әсерлерімен бөлісу үшін келесі оқырманға өздерінің оқыған кітаптарын жолдады. Осы жоба аясында отбасылық оқуға арналған кітаптар тізімі жасақталып, READx book “Өзің оқы және басқаларға ұсын” жобасы іске асырылды. Қашықтан ұйымдастырылған іс шараның барлығы әлеуметтік желілердегі парақшаларға жарияланған болатын.

Алдағы уақытта да «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында жоспар бойынша жұмыстар жалғасын табады. Кітап – рухани азық беретін құдіретті құндылық, адамзатты тәрбиелеудің басты құралы. Өзінің биік, таза рухани қасиетімен кітап – мәдениет пен руханиятты қорғауда теңдесі жоқ қару болып табылатыны сөзсіз. «Адамды адам ететін – кітап» деген сөз текке айтылмаса керек-ті. Бүгінгі тақырыпқа арналған өз ойымды қорытындылай келе, «Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік», – деген Ғабит Мүсіреповтың сөзімен түйіндегім келеді.

Кітап  таңдап талғап оқи  білу, алған әсеріңді өмір қажетіңе жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы  шарттардың бірі. Өскелең ұрпаққа кітаптан асқан байлық, кітаптан асқан асыл қазына жоқ, дәл қазіргі уақыттан бастап кітап оқуға өздеріңізді бейімдеңіздер дегім келеді. “Артық білім кітапта, Ерінбе оқып көруге”, – деп ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы жырлағандай ерінбей білім алуға асығайық. Бар білімнің патшасын тек кітаптан ғана таба алатынымызды ұмытпайық.

Ардақ Қадыржанқызы ИБРАЕВА,
Талдықорған гуманитарлық техникалық
колледжінің кітапхана меңгерушісі,
Алматы  облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий