Нәтижеге бағытталған жұмыс – заман талабы

Заманға сай ойлау қабілеті дамыған, өмірде өзін-өзі сәтті жүзеге асыра алатын адамды тәрбиелейтін – жоғары кәсіпқойлығы бар мұғалімдер. Табысты оқытуға қол жеткізуде мұғалімге тәлімгер, үйлестіруші қажет. Мұндай үйлестіруші – Ақмола облысының оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскерлері болып табылады. Олар педагог қызметкерлерге оқу-тәрбие процесінің мазмұнын, нысандарын, әдістерін жаңартуға және жетілдіруге бағытталған оқу-әдістемелік, инновациялық және эксперименттік жұмысты ұйымдастыруда әдіснамалық қолдау көрсетеді.

Қашықтан оқыту кезеңінен кейінгі басты мәселе – оқушылардың біліміндегі олқылықтарды жою. Осы мақсатта ұстаздарға көмек көрсету ретінде Ақмола облысы оқу-әдістемелік кабинеті аудандармен тұрақты негізде онлайн кездесулер өткізіп тұрады. Кеңес беру кездесулері барысында мектеп директорлары, олардың орынбасарлары сабақ құрылымы туралы ғана емес, сонымен қатар мектепті басқару жүйесі, нормативтік-құқықтық актілерді дұрыс түсініп, тиімді қолдану туралы да сұрақтарына толыққанды жауап алады.

Ұстаздардың педагогикалық шеберліктерін ұштау, жетілдіру мен бағалау бағытында жыл сайын кәсіби конкурстар, педагогикалық оқулар және басқа да ұйымдастырушылық-әдістемелік іс-шаралар өткізіледі, педагогтердің түрлі деңгейдегі конкурстарға қатысуына бастамашылық жасалады. Осы орайда, Ақмола облысы білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинеті дәстүрлі түрде «Үздік білім беру ұйымы», «Үздік ТжКБ ұйымы»,  «Үздік қосымша білім беру ұйымы», «Үздік ресурстық орталық», «Үздік авторлық бағдарлама», «Үздік педагог», озық педагогикалық тәжірибені жинақтау байқауларын ұйымдастырып, дарынды педагогтерге кәсіби қолдау көрсетеді.

Педагогтердің ғылыми-әдістемелік деңгейін арттыруды ынталандыру, олардың заманауи білім беру технологияларын меңгеруі – оқу-әдістемелік кабинет қызметінің негізгі міндеттері болып табылады. Осылайша, сапалы әдістемелік қолдаудың арқасында авторлық жоба байқауына қатысқан ұстаздарымыздың арасынан республикалық деңгейде Ләззат Байсеркеқызы Қасқаева (Жақсы ауданы), Сәденова Гүлнар Шөптібайқызы (Көкшетау қаласы), Спиридониди Ольга Николаевна (Сандықтау ауданы), Даниярова Ботагөз Сатбекқызы (Бұланды ауданы), Макурина Елена Валентиновна № 2 мамандандырылған мектеп-интернатының мұғалімі, Луговская Татьяна Александровна (Бурабай ауданы), Ломачинская Лориса Владимировна (Бурабай ауданы),        Дискаева Роза Ермекқызы (Бурабай ауданы), Корчагина Ольга Сергеевнаның (Степногорск қаласы) жұмыстары үздік деп танылды.

Бүгінгі таңда озық педагогикалық тәжірибені жинақтау және тарату әрбір педагог үшін өзекті тақырыптардың бірі болып табылады. Облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің сараптама, іріктеу кезеңінен табысты өткен екі жұмыс үздік деп танылып, республикалық кезеңге жіберілді. Олар: Забиякина Оксана Сергеевна «Биология және химияны ағылшын тілінде оқыту бойынша мұғалімнің жұмыс жүйесі» және Сейдахметова Гульжазира Иманғазықызы «Оқушылардың оқу-зерттеу қызметі биология сабақтарының тиімділігін арттырудың бір тәсілі ретінде» тақырыбындағы жұмыстары республикалық оқу-әдістемелік кеңестің оң бағасын алды.

Осының барлығы, әрине, сауатты әдістемелік сүйемелдеудің арқасында жетіп отырған жетістіктеріміз деп білеміз. Әлемдік ерекше назарға ие инклюзивті білім беру мәселесі де қарқынды адыммен дамып келеді. Бұл тұрғыда кабинет әдіскерлері жалпы білім беретін балабақшалардың, мектептердің, колледждердің, инклюзивті тәжірибені енгізу бойынша тіректердің қызметіне жетекшілік етіп, инклюзивті білім беру бойынша оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастыруда білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтеріне консультациялық және практикалық көмек көрсетеді.

Облыстағы инклюзивті білім беру саласын жетілдіру мақсатында бірқатар өзекті мазмұнды құралдарды әзірледі. Оның ішінде аса салмақты деп «Қашықтан жұмыс істеу жағдайында ата-аналардың (заңды өкілдердің) және психологиялық-медициналық-педагогикалық балаларды тексеру және ата-аналарға (заңды өкілдерге) кеңес беру бойынша бірлескен іс-қимыл алгоритмі», «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің (ППТК) және ЕҚТА бар баланың ата-аналарының (заңды өкілдерінің) қашықтықтан жұмыс істеу жағдайындағы бірлескен іс-қимыл алгоритмі», «Ата-аналардың (заңды өкілдердің), психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның (ПМПК) және мектептің қашықтықтан оқыту нысанындағы ЕБҚ бар баланы мектепке жіберу және қабылдау бойынша бірлескен іс-қимыл алгоритмі» және тағы дасқаларды атап айтуға болады.

Кәсіби білім беру жүйесі де басты назарға ие. 2017 жылдан бастап техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бөлімі белсенді жұмыс істеп келеді. Соңғы он жыл ішінде колледж педагогтары «Үздік педагог» республикалық конкурсының Гран при иегері атағына ие болып келе жатыр. Бұл жасалып жатқан сапалы әдістемелік қолдау мен сүйемелдеуді, педагогтардың жоғары кәсіби деңгейін, олардың белсенді шығармашылық ұстанымын растайтыны сөзсіз.

Көшпелі әдістемелік консультациялық көмек көрсету мақсатында колледж директорларының оқу және оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасарлары, әдіскерлер қатарынан жұмыс тобы құрылды. Облыста сегіз негізгі бағыт бойынша әдістемелік бірлестіктер жұмыс істейді, әдістемелік бірлестік отырыстарында жұмыс бағдарламалары мен тақырыптық жоспарлардың құрылымы мен мазмұнын жетілдіру, оқу сабақтарының тиімділігі мен сапасын арттыру мәселелері талқыланады.

Колледж студенттері арасында аймақтық кәсіби шеберлік конкурстарын ұйымдастырады. 2015 жылдан бері Ақмола облысының қоржынында 18 алтын, 8 күміс, 15 қола медаль және 13 шеберлік медальоны бар. Біздің балалар жыл сайын жоғары нәтижелер көрсетіп келеді, облыс медаль саны бойынша республикалық көшті бастап тұр. Кәсіптік бағдарлау – білім беру саласының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Осы жұмыс шеңберінде оқушылардың ішкі шығармашылық әлеуеті мен жеке мүмкіндіктерін дамыту жүзеге асырылады.

Осы тұрғыда орта кәсіптік бағдар беру ұйымдарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кәсіптік бағдар беру қызметімен қамту мақсатында әзірленген «Мамандық автобусы» жобасы іске қосылды. Әлеуметтік желілерде «Ақмола облысының кәсіби бағдар парақшасы» ашылды. «Менің мамандығым. Ақмола» мобильді қосымшасы да белсенді жұмыс атқаруда. Мұнда облыс колледждерінің үйлестірушілері оқу орны туралы ақпаратты орналастырады, облыс мектептерінің үйлестірушілері қызықтыратын ақпаратты пайдаланып, өзара ынтымақтастықты күшейтеді.

Ақмола облысының оқу-әдістемелік кабинеті инновациялық идеяларды түсінуде, педагогикалық дәстүрлерді сақтау мен нығайтуда, белсенді инновациялық ізденісті ынталандыруда және педагогикалық шеберлікті жетілдіруде маңызды рөл атқарады. «Ұстазын ұлықтаған ел шетте қалмас», дегендей облыстық оқу-әдістемелік кабинеті өз ісіне бекем, дарынды ұстаздардың еңбегін ұлықтауды алдыңғы міндеттерінің қатарында ұстап отыр.

Ләззәт Сұрағанқызы ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,
Оқу-әдістемелік кабинеттің директоры,
Ақмола облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий