Биіктерге бағыттайтын баспалдақ

Кейде ойлаймын, адам болмысының өзі қыран тектес пе екен деп. Қыран құс ұясын құзға салып, жемтігін биіктен алатын алғырлығы да бар ерекше жаратылыс иесі екені баршаға мәлім. Жаңа жиырма бірінші ғасыр оқытудағы мақсаттардың биік болғанын, ұстаздар қауымының алғыр да еңбекқор, мамандығы бойынша шын майталмандығын ерекше талап етіп отыр.

«Адалдық» деген ұғымның аласармайтын асу екенін тал бесіктен тәлім етіп түйдік. Білім керуенімен бірге көшіп, ұстаздыққа арнаған көп жылымды саралай отырып, түсінгенім, адалдық, әсіресе, осы ұстаздыққа қажет басты құндылық екен. Елжандылығым – адалдық, елімнің ертеңі жарқынырақ болсын деп тер төккенім – адалдық, білім бәйгесіне түсіп, көш бастағаным да – адалдық, көшбасшы тұлға тәрбиелеп, додаға қоссам, ол да  – адалдық.

Міне, ұстаздың жолы –  сара жол, дара жол дегеніміз осы шығар. Біз өмір сүріп жатқан дәуір – қазақтың ағартушы ұстазы Ыбырай Алтынсарин мен ғұлама Абай сынды кемеңгерлеріміз арман етіп кеткен ғасыр. 
Өнер -білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды.
Айшылық алыс жерлерден
Көзді ашып -жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды…
Теңізде жүзді  балықтай,
Дүниені кезді жалықпай.
Біз де қарап жатпалық
Осыларға таныспай, – деп  жырлаған қазақ даласының күміс қоңырауы Ыбырай ұстаз арман еткен  білім ғасыры келіп жетті.

Ұстаз алдында қыран  да болу, кәсіпке адалдық таныта білу міндеті де тұр. Бұл ғасырда тек білімді болу аздық етеді, бала пайдалы, бәсекеге қабілетті әрі мықты біліммен қаруланбайынша, алпауыт елдермен терезе теңестіруіміз қиындыққа соғатыны белгілі. Мықты оқушы даярлау үшін ұстаз нағыз ізденуші, ғалым, зерттеуші болуы керек. Осы салада көп еңбек етіп айтарлықтай жетістіктерге жеттім. Халқаралық деңгейдегі он ғылыми-практикалық конференция, республикалық деңгейдегі 3 ғылыми-практикалық конференция жинақтарында ғылыми-педагогикалық еңбектерім жарық көрген болтын.

Сонымен қатар әл-Фараби атындағы ҚҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Абай атындағы ҚҰПУ Хабаршыларында, АҚШ, Түркия, Ресейдің беделді ғылыми журналдарында 13 ғылыми мақала жарияланды. Оның ішінде үшеуі халықаралық «Scopos», «Thomson Returs» базасына еніп отыр. Қазіргі кезеңде ұсынылып отырған көптеген оқыту технологияларының ең ұтымдысын саралап, білім процесінде оңтайлы қолдана білген жағдайда ғана тұлға құзіреттілігін қалыптастыра аламыз. Ал құзіретті тұлға- болашақтың іргесін нығайтатын, ғылым кеңістігінде еркін қалықтайтын, ғылым мен техниканы өркендететін бүгінгі шәкірттеріміз, яғни еліміздің ертеңі.

Ұстаздық жолымда шәкірттеріме кейде дос, кейде тәлімгер бола жүріп бірқатар білім бәйгелерінде жеңіс тұғырынан көріндік. Атап айтар болсақ бес оқушы республикалық пән олимпиадасының, 25 оқушы обылыстық пән олимпиадасы мен ғылыми жобалар байқауының, он оқушы аймақтық пән олимпиадасы мен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Ясауи» олимпиадасы, 33 оқушы ДРҒПО ұйымдастырған онлайн олимпиада жеңіпаздарын шығардым. Ойы озық, абыройы мен беделі биік, еліміздегі білім беру саласының дамуына мүдделі мұғалім ретінде өзім де түрлі конкурстарға қатысып үнемі әріптестермен әділ бәсекеге дайын екенімді дәлелдеуге тырысып келемін.

«Үздік авторлық бағдарлама» республикалық байқауының бірінші дəрежелі диплом иегері, мұғалімдер арасында ұйымдастырылған пəн олимпиадаларының жеңімпазы, Білім жəне ғылым министрінің, облыстық білім басқармасының, облыс əкімінің Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталуым соның дәлелі. Десек те мұғалім ретінде жеке жетістіктеріме қарағанда, республикалық, облыстық пəн олимпиадаларында жеңімпаз атанып жүрген, халықаралық жəне республикалық ғылыми-практикалық конференциялар мен форумдардарға қатысқан оқушыларымды жиі мақтан тұтамын.

Бағындырған белестеріміз бен алған асуларымыз мемлекет пен салалық құрылым басшылары тарапынан ескерусіз қалып жатқан жоқ. Ұстаз мәртебесін көтеру туралы отандық заңның шарапатын ұстаздар қауымы қуанышпен қарсы алдық. Өткен жылы «Үздік педагог-2020» байқауының жеңімпазы болдым. ҚР Президентінің жарлығымен тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталуымды тек менің ғана емес ұстаздар ұжымындағы барша әріптестерімнің үздіксіз ізденісі мен шығармашылық жұмысымның нақты көрсеткіші ретінде ретінде бағалаймын.  

Сөз түйінін адамзаттың асылы Абайдың даналығымен жеткізсем деп едім. «Еңбек- таусылмас қуаныш, Жалқаулық – айырылмас азап». Белгілі мақсатқа бағытталған шынайы еңбек пен кәсіпке деген адалдық – биіктерге бастайтын баспалдақ екеніне көзім толық жетеді. Соңғы жылдары елімізде осынау ұлы мамандықты таңдаған жандардың қатары артып келеді. Бұл әрине қуантарлық жайт. Мемлекет мұғалімдердің құқықтарын қорғап, қолдауға, ел арасындағы беделін арттыру үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыруда.

Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған ел – ғылымда ешқандай  нәтижеге қол жеткізе алмайды. Бізге берілген марапат ерен еңбегіміздің еленгені. Алдағы уақыта жас ұрпақты, білімге, ғылымға шақырып, қандай нәрседен қашық болып, қандай нәрсемен жақын болу керектігінің сара жолын салып, жұртына қызмет көрсететін ұлтжанды жастарды тәрбиелеу барысында біліміміз бен білігімізді уақыт үдерісіне орай жаңаша жетілдіре түсуіміз қажет. Баршамызға кәсіби мереке құтты болсын!

Алтынай МОЛДАДОСОВА,
“Дарын” мамандандырылған мектеп
интернатының тарих пәні мұғалімі,
“Үздік педагог – 2020” байқауының
жеңімпазы, Түркістан облысының Жетісай ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий