“Өзін-өзі тану әлемі”: Республикалық педагогикалық идеялар фестивалі

Білім беру жүйесіндегі рухани-адамгершілік тәрбиенің жаңа сапалы баспалдағы – бұл мектептің бірыңғай білім беру кеңістігіне, оның іс-әрекетінің барлық түрлеріне және мектептегі білім берудің дәстүрлі әдістемелеріне «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының ықпалдастырылуы болып табылады. Бағдарлама авторы Сара Алпысқызы атап өткендей, «Әр баланың қабілетін ашуы, өзіне жол табуы, өзінің күш-жігеріне сенуі өзінің өміріндегі орнын анықтау біз үшін өте маңызды! Әлемде сүйіспеншілік пен мейірімділік нұрын тарата отырып, қайырымдылық пен сүйіспеншілік жүректен жүрекке жетуі тиіс», – яғни әрбір баланың, ата-ананың жүрегіне жылылық нұрын ұялатуда әрбір мұғалімнің орны ерекше екендігі мәлім.

Осы  орайда қыркүйек айының 28-і күні  «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы арқылы еліміздің адами әлеуетін дамытуға жәрдемдесу миссиясын жемісті жүзеге асырып отырған Адамның үйлесімді дамуы  ұлттық институтының ұйымдастыруымен «Өзін-өзі тану әлемі» республикалық педагогикалық идеялар фестивалі ұйымдастырылды. Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері қатысқан ауқымды шара «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын іске асыру бойынша тиімді педагогикалық тәжірибені анықтау және тарату мақсатын көздеді.

Фестиваль жұмысы білім беру ұйымдары педагогтерінің жұмыс тәжірибесін көрсету үшін жалпыадамзаттық құндылықтарды оқу пәндерінің мазмұнына интеграциялау, жалпыадамзаттық құндылықтарды оқудан тыс қызметке, қосымша білім беруге интеграциялау, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің рухани-адамгершілік дамуында ата-аналармен өзара әрекеттесу бағыттары бойынша  жүргізілді. Республикалық педагогикалық идеялар фестивалінің қатысушыларын Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты қызметкерлерінің атынан институт президенті Е.Н. Сакенова құттықтап, әріптестерінің өскелең ұрпаққа рухани-адамгершілік білім беру ісінде жаңа шығармашылық жетістіктер тіледі.

Ол сондай-ақ «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының авторы Сара Алпысқызы Назарбаеваның фестивальдің барлық қатысушыларына шын жүректен жолдаған сәлемін жеткізді. Бағдарлама авторының сөзі мен білдірген сенімі мұғалімдерді шабыттандырып, фестиваль  жұмысының жоғары  деңгейде  өтуін қамтамасыз етті деп айтуға болады. Еліміздің барлық өңірлерінен байқауға қатысуға тілек білдірген педагогтерден 266 жұмыс ұсынылған, әсіресе, Алматы қаласынан 25 жұмыс, Қарағанды облысынан 32 жұмыс, Шығыс Қазақстаннан 38 байқау материалдары келіп түскенін атап өткен жөн.

Олардың ішінде 30 жеңімпаз-мұғалім фестиваль барысында еліміздің педагогтеріне өздерінің озат  тәжірибесін көрсетіп, бөлісті. Ұсынылған материалдардың тек бейнероликтер, презентациялар ғана емес, сонымен қатар жалпыадамзаттық құндылықтардың  оқу пәндерінің мазмұнына, оқудан тыс қызметке, қосымша білім беруге, ата-аналармен ынтымақтастығына кірігуі туралы маңызды ғылыми-педагогикалық зерттеулер екені қуантады. Бұл жұмыстардың ерекше құндылығы педагогтердің және басқа да білім беру ұйымдары қызметкерлерінің тұлғаны рухани-адамгершілік тәрбиелеу міндеттеріне беретін жауабы ретінде пайдалану мүмкіндігінде болып табылады.

Байқау жұмыстарында жүргізілген тәжірибенің өзектілігі мен мүмкіндіктерін негіздеу; оның практикалық маңыздылығы; тәжірибенің жетекші педагогикалық идеясы, жаңалығы, технологиясы; іске асыру практикасы, сонымен қатар  осы тәжірибенің нәтижелілігі мен оны басқалардың қолдану мүмкіндігіне  басты назар аударылды.  Сондай-ақ материалдың сауаттылығы мен сапасы да маңызды  болды. Бірақ әркімнің көргісі келген ең негізгі нысан – ұсынылған материалдың рухани-адамгершілік аспектісі, яғни  тәжірибенің нәтижесінде білім алушы  шәкірттер қалай өзгерді, олардың өздеріне, қоршаған әлемге деген көзқарасының қандай болғандығы.

Мұның барлығына көз жеткізуге ілеспе материалдар, атап айтқанда бейнероликтер, фотопрезентациялар, оқиғаларға қатысушылардың сөздері, айтқан ой-пікірлері көмектесті. Өздері  қатысқан жобалар, қайырымдылық акциялары мен әртүрлі шаралар туралы  шабыттана әңгімелеген балалардың бал-бұл  жанған  жүздерінен өзін-өзі тануға тән  шынайы қуаныш сезімін байқауға болды.  Фестивальде  тәжірибе алмасып,  бөлісуге  ұсынылған материалдар жеке алынған іс-шараларды емес, балабақшалардағы, мектептер мен колледждердегі рухани-адамгершілік білім берудің жүйелілігін көрсетеді, тұтас педагогикалық процесті дамытуға және жетілдіруге деген ұмтылыстың көрсеткіші болып табылады.

Педагогикалық идеялар фестивалін өткізу күндері еліміздің барлық прогрессивті жұртшылығы үшін тағы бір маңызды оқиға болды. Алматы қаласындағы № 42 мектептің музыка және өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Алла Владимировна Буренковаға «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығы берілді. Бұл «Өзін-өзі тану»  РАББ бағдарламасының мұғалімді шығармашылыққа, ізденіске, жеңіске жетелейтінін тағы бір дәлелі  болып табылады.

Қоғамға риясыз қызмет ету идеясы негізінде балалар мен оқушы жастардың рухани-адамгершілік дамуына, шығармашылық қабілеттерін және азаматтық белсенділігін дамытуға бағытталған әлеуметтік-педагогикалық қызметті жүзеге асыруда педагог қызметінің осылайша  жоғары  бағалануы фестивальге  қатысушы мұғалімдерді де шығармашылық жаңа ізденістерге  жетелеп, жаңа белестерді алуға бағдар берері сөзсіз. Қатысушылар  бірауыздан еліміздің білім берудің барлық деңгейлерінде рухани-адамгершілік білім беру сапасын арттыруда фестивальдің орны ерекше екенін атап өтті.

Сатуалды НҰРКЕЕВА,
Адамның үйлесімді дамуы ұлттық
институтының жетекші ғылыми қызметкері

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий