ҚР Тәуелсіздігіне – 30: Семейлік зияткерлер ашық сабаққа қатысты

Семей қаласындағы физика – математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде тәуелсіздік күніне орай ашық сабақ ұйымдастырылды. Осы іс-шара Семей сынақ полигонының жабылуының 30 жылдығына арналды. Ашық сабаққа мектебіміздің 11-класс оқушылары қатысып, облыстың үш мыңға жуық оқушысы youtube.com арнасынан онлайн тамашалады.

Отанымыздың тарихы тәуелсіздік алу жолындағы күрестерге толы. Ал, сынақ полигонын жабу Қазақстанның тәуелсіздік алуының бір қадамы екенін түсіну – осы сабақтың басты мақсаты болды. Ашық сабақ Семей полигонының жабылуын бүгінгі күнмен және болашақпен байланыстыра отырып өткізілді. Тақырып цитатасы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлының «Адамдар ядроның энергиясын басқаруды үйреніп алды, бірақ өзін басқаруды үйрене алған жоқ. Адамдар адамға сенуден қалды, бірақ ядролық күшке сеніп алды» деген сөзі алынды. «Осы цитата қазіргі кезде өзекті ме?» деген сұрақ қою арқылы тақырыпқа еніп, оқушылардың қызығушылықтары оянды. 

Бұл сөз 2001 жылы айтылса да әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Өйткені, АҚШ, Ұлыбритания, Франция және тағы басқа мемлекеттер ядролық қаруға ие. Олардың аймақтық немесе әлемдік масштабта үлкен мәселелер тудыруы мүмкін деген қауіп – қатерді жоққа шығара алмаймыз. Қазақстан бірінші болып ядролық қарудан бас тартты. 1991 жылы 29 тамызда Семей сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа Тұңғыш Президент қол қойды. Елбасының бейбітшілікті қалауы, мәселелерді бейбіт түрде шешуге ұмтылуы кішкентай кезінен қалыптасты.

Сабақтың жалғасы ретінде оқушыларға «Бейбітшілік кіндігі» кітабынан үзінді келтірілді: «Бірде әжем былай деген еді: «Бұл мылтық ағаларымызға ажал, бізге азап боп тиген. Басымызға қайғы – қасірет әкелген. Соғыс біткелі қашан. Мылтықты үкіметке тапсырыңдар да, ал найзасын алып қалып, орақ жасаңдар, шаруашылыққа керек болады». Шынымен де, біздің ата – әжелеріміз ешқашан соғыс болмайтынына, бейбіт өмір сүретініне сенді. Абай, Шәкәрім, Мұхтардай алыптар дүниеге келген қасиетті өңірде ядролық жарылыс болатындығын сол кезде ешкім білмеген еді.

Тарихқа жүгінсек, бастапқыда ғалымдар атом энергиясын бейбіт мақсатта қолданғысы келді. Бірақ бұл ойлары іске  аспады. Сабақтың мағынасын ашу үшін «Семей қасіреті» кітабының авторы, полигоннан зардап шегуші Медеу Сапаұлынан алынған сұхбаттан үзінді көрсетілді. Сұхбатты мектебіміздің түлегі Касенов Таиржан өзінің әлеуметтік зерттеу жұмысы кезінде алған болатын. Осы бейнебаянда Медеу Сапаұлы радиацияның денсаулыққа зиян болатындығын білмегендерін, қазақ халқының трагедиясына айналғандығы және сынақ полигонының жабылуы халқымызға қуаныш әкелгені туралы өз ойларымен бөлісті.

Жазушының ұғынықты тілмен айтуы барлық оқушыларға ұнады. Тәуелсіздік жылдарында еліміз үшін ядролық қарудан бас тарту немесе сақтап қалу сияқты таңдау болғаны анық. Өйткені, бұл таңдау еліміздің сыртқы саясаттағы болашақ бағытын анықтайтын таңдау еді. Қуанышымызға орай, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген соң ядролық қарудан бас тартып, әлеммен тең дәрежеде әрі ашық қарым-қатынас жүргізе алатындығын көрсетті. Оқушылардың өздік көқарастарын білу мақсатында «Егер Қазақстан ядролық қарудан бас тартпаған жағдайда тәуелсіздік жылнамасы қалай өрбитін еді?» деген сұрақ қойылды.

Оқушылар бастапқыда жеке, содан жұпта талқылап, соңында бүкілсыныппен ой бөлісу керек болды. Оқушылар ядролық қарудан бас тартпағанда мүмкін болатын мәселелер мен қауіпті қатерлерге қатысты өз көзқарастарын білдіріп, ойларын ортаға салды.  Осы мәселеде мектебіміздің түлегі Сейтқали Ұланның Семей полигоны туралы өздік зерттеулерінің нәтижесі ұсынылды. Зерттеу нәтижесі бойынша, ядролық сынақтар бес жылға ғана кешігетін болса жалпы салдар көлемі ең кем дегенде 27,1%-ға, ал 10 жылға кешіктірсе, зардап 63,7 пайызға көбірек болып, Cемей полигоны бүкіләлемдік катастрофаға айналатын еді.

Қазіргі кезде өзекті мәселелердің бірі – тұтынушылардың сұранысы жоғарылауына байланысты атом электр станциясын салу. Осыған байланысты оқушылардың ойын ары қарай дамыту және болашаққа болжам жасату мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылы Шығыс экономикалық форумының пленарлық отырысында айтқан сөзінен үзінді келтірілді. «Қазақстан халқына жолдауымда елде атом энергетикасын құру мүмкіндігін жан-жақты зерттеуді тапсырдым. Бұл мәселені қарастыратын уақыт келді деп есептеймін. Себебі Қазақстанға атом станциясы қажет». Қасым-Жомарт Кемелұлы АЭС туралы жан- жақты зерттеліп, елімізге пайдасын көріп айтқан ойы екендігі сөзсіз.

Мәселені оқушылармен талқылау үшін «Қазақстан алдағы отыз жылда атом электр станциясы салынбаған жағдайда қалай дамиды?» деген сұрақ қойылды. Бір қызығы, оқушылар сарапшы деңгейінде болмаса да, өздерінің жас ерекшеліктеріне сай конструктивті көзқарастарын білдірді. Қорыта келгенде, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: – Тәуелсіздікті алудан оны сақтап қалу қиын, – деп айтқандай, еліміз үшін орын алуы мүмкін мүмкіндіктер мен мәселелерді талқылай отырып, азаттықтың құндылығын түсіне білді. Мұғалім ретінде тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай, іс-шара өткізу мен үшін үлкен тәжірибе болғандығы анық.

Данияр КЕМЕШЕВ,
Семей қаласындағы физика – математика
бағытындағы  Назарбаев Зияткерлік
мектебінің тарих пәнінің мұғалімі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий