Балама қуат көздері – экологиялық апаттың алдын алады

«Болашақтың энергиясына» көшу нақты өмір талабы болып саналады. Адамзат энергия өндіретін шикізат көздерін қалай болса солай пайдаланудың шегіне жетуде. Ғалымдардың нақты деректері бойынша, планетамыздағы көмір, мұнай және газ қоры таяу болашақта сарқылып бітеді. Сондықтан, «Болашақтың энергиясы» ертең емес, бүгін қажет. Бұл ретте әңгіме тек балама энергия көздерінде ғана емес, сонымен бірге, энергиялық тиімділікте болып отыр. Энергия үнемдеу бүгінгі таңда біздің өміріміздің пәлсапасына, нақты күнделікті тұрмыс шартына айналуы керек.

Сондықтан әрбір адам өзіне қажетті тұрмыс техникаларын таңдаған кезде энергиялық жағынан тиімді қондырғыларға басымдық беруі тиіс. Бизнес субъектілеріне келетін болсақ, мемлекет тарапынан оларды энергия үнемдеуге үйрету мақсатындағы кешенді бағдарламалар жүзеге асырылмақ. Бүгінгі таңдағы басты саясат – энергия үнемдеу және балама қуат көздеріне көшу тиімді әрі табысты шара екендігін нақты іспен дәйектеуге болады. Сондықтан, мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына энергиялық тиімділік шарттары енгізілген.

Бүгінгі таңда елімізде балама қуат көздерін пайдалана отырып, электр қуатын өндіру мақсатында жан-жақты бетбұрыстар жасалуда. Мәселен, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жаңартылатын энергия көздерін зерттеу, дамыту және қолдану бағытында бірқатар жобаларды іске асыруда. Еуразия ұлттық университетінің жаңартылатын энергия көздерін дамыту негізінде Германияның үкіметтік емес ұйымының «Solar JinKO» компаниясының фотоэлектрлік Eagle PERC 60M күн панелі қондырғысын университеттің биылғы шриек ғасырлық мерейтойына орай «Стандарттау, сертификаттау және метрология» кафедрасына сыйға тартуын жатқызуға болады.

Аталған шара Берлиндегі Германияның Федералды Сыртқы істер министрлігімен қаржыландырылатын «Күн университеттері» жобасы шеңберінде жүзеге асырылған. Қондырғы Еуразия ұлттық университетінің ішкі ауласында орналасқан және ағымдағы жылдың тамыз айының соңында қолданысқа енгізілді. Сонымен қатар осындай электр қондырғысы «Күн университеттері» жобасы шеңберінде ағымдағы жылдың шілде айында Алматы қаласындағы Қазақстан-Неміс университетінің шатырына да орналастырылған болатын.

«Күн университеттері» жобасы аясында Германияның, Ресейдің жоғары оқу орындарымен және энергетика саласының кәсіпорындарымен байланыстар орнату көзделген. Сондай-ақ жобаның ең басты мақсаты энергетика саласындағы жетістіктерді жоғары оқу орындарының игілігіне ұсыну болып табылады. Осы бағытта жобаға қатысатын барлық университеттер бір-бірімен жұмыс торабына жүйелі біріктірілетін болады. Бұл қадам тек қана университеттің емес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының стратегиялық бағыттарының бірі, ал «жасыл экономиканың» келесі тұжырымдамасы табиғи ресурстарды үнемді пайдалану және қоғамның әл-ауқатын сақтау жолында болмақ.

Фотоэлектрлік қондырғы жоғары өнімділігімен, қолдану мерзімінің ұзақтылығымен, сыртқы пішінің шағын болуымен, қолдану барысында сенімділігімен ерекшеленеді. Электр қондырғысының осындай артықшылықтары орталық электр торабына қосылуға мүмкіндігі төмен кәсіпорындар мен үй шаруашылықтары үшін үздіксіз дербес электрмен қамту тұжырымдамасына мысал бола алады. Әсіресе еліміздің ауыл шаруашылығын электрмен қамту үшін күн энергиясының  әлеуетін қолдану аясын кеңейтуге мүмкіндіктері мол.

Сонымен қатар бұл қондырғы профессорлық-оқытушылық құрамға, 6B07532 – Стандарттау және сертификаттау, 6B07550 – Метрология мамандықтарының студенттері мен магистранттарына ресурс үнемдеу технологиялары, әсіресе жаңартылатын энергия көздері бағытында теориялық білім мен практикалық дағдылар алуына, оны одан әрі зерттеп, дамытуына зор  мүмкіндіктер береді. Қазіргі экологиялық ахуалдың алаңдаушылық тудыратынын ұмытпауымыз қажет.

Ауа температурасы жыл сайын көтеріліп келеді. Ал егер балама қуат көздерін пайдалануға басымдық берілсе, онда температураны түсіруге мүмкіндік туар еді. Бұған заманауи қуат үнемдейтін және экологиялық қауіпсіз технологияларға бағытталған жаңа экономиканы құрудың ықпалы зор. Әлемде «Жасыл экономиканы» жақтаушылар қатары көбейіп жатқаны да көңілге үміт ұялатады. Қауіпсіз жағы ғана емес, экономикалық тиімділігін де түсінетін кез жетті. Егер әлем жұрты балама қуат көздерін пайдалануға көшудің жолын тауып көбейткен жағдайда, жерімізді  әртүрлі экологиялық апаттан сақтап қалуға болар еді.

Бахыткүл БАЙХОЖАЕВА,
ЕҰУ “Стандарттау, сертификаттау және
метрология” 
кафедрасының меңгерушісі,
техника ғылымдарының докторы, профессор

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий