Баланың іс-әрекетін дұрыс қалыптастыру арқылы ізгі ұрпақты тәрбиелеудің жолдары

Бүгінгі күні жаны ізгі ұрпақ тәрбиелеу мәселесі – өзекті мәселелердің бірі. Өйткені ғылым мен техниканың қарқынды дамыған тұсында адамдар білімнің күшін тек жақсылыққа, игі істерге ғана жұмсамай, жамандық пен қатігездікке, бас пайдасын ойлауға да бағыттауда. Сондықтан жас ұрпақты тәрбиелеуді бесікте жатқан кезінен бастау керек. «Тәрбие – тал бесіктен» деген сөз осы орайда еріксіз еске оралады. Балаларымыздың бойына ізгілік пен адамгершілік құндылықтарды сіңіруіміз қажет.

Олар айналасындағы жанды-жансыздың бәріне сүйіспеншілікпен қарап өсуі тиіс. Бұл жолда ата-ананың одан кейін тәрбиешінің алдындағы міндет тым жоғары әрі жауапты. «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан еліміз де сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр, – деді Қазақстан Республкасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Баланы адамгершілікке тәрбиелеу – мектепке дейінгі мекемелердің аса маңызды міндеттерінің бірі. Қоғамда адамгершілік бастамалардың рөлі барынша артып, рухани фактордың әсер етуші саласы кеңейе түскендіктен, бұл толықтай заңды құбылыс болып табылады.

Адамгершілік тәрбие тұлғаны қалыптастыруға және дамытуға бағытталған үдеріс болып табылады және оның отанға, қоғамға, адамдарға, еңбекке, өз міндеттері мен өзіне деген көзқарасының қалыптасуына негіз болады. Мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиеленушілерінің отансүйгіштік сезімін, ақиқатқа деген белсенді көзқарасын, еңбек адамдарына деген терең құрметін қалыптастыруға бағытталатыны өз алдына бөлек әңгіме. 

«Отбасында, мектепте, қоғамдық орындарда үлкендер мен балалар арасындағы сыйластық, негізінен, махаббат пен мейірімділік, шапағат шуағы мен ізгілік нұрына бөленуі тиіс. Өйткені біз баланы адал еңбек етіп, елін, халқын сүюге тәрбиелеп келеміз. Сондықтан ұл-қызымызға көзбе-көз айтқан сөзіміз, берген тәрбиеміз жүректен-жүрекке жетсе, қандай ғанибет!», – деп Өзін-өзі тану рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының авторы, еліміздің бірінші ханымы Сара Алпысқызы тәрбие беру мен оқытуда балаға деген мейірім мен махаббаттың ең басты орында тұратынын көрсетеді.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 9152 мектепке дейінгі мекемелер (балабақша мен шағын орталықтар) жұмыс істейді. Олардың міндеті екі жастан жеті жасқа дейін баланы мектеп өміріне даярлайды. Жас ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі бағытта шығармашылық қабілеттерін арттырып, қоршаған орта мен коммуникация саласында таным көкжиегін қалыптастырады. Мен білім алып отырған оқу орнының негізгі бағыты болып табылатын «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын жүзеге асыру осы міндеттің іс-тәжірибелік шешіміне айналды.

Бұл – баға жетпес құндылықтарға ие бірегей пән, ол әрбір адамды рухани және адамгершілікті, бақытты және қуанышты, мейірімді және дана етіп шығаруға қабілетті. Оның негізін балалардың тұлғалық ерекшеліктерін ескере отырып, олардың адамгершілік және рухани қасиеттерін дамыту үдерісі құрайды. Адамгершілік тәрбиесі – тәрбие салаларының маңызды бір құрамдас бөлігі. Жеке тұлғаны жан-жақты жетілдіру процесінде ол ақыл-ой тәрбиесінен кейін маңызды рөл атқарады. Адамгершілікті тұлғаны қалыптастырудың негізі дегеніміз – тұлғаны жалпыадамзаттық мораль рухында тәрбиелеу.

Адамгершілікті тұлғаны қалыптастырудағы маңызды педагогикалық міндеттеріне балалардың белсенді іс-әрекетін, ұстанымын қалыптастыру мен қоғамдық қарым-қатынасқа саналы көзқарасын тәрбиелеу – сөз бен істің бірлігін қамтамасыз ету қызметі болып табылады. Өсіп келе жатқан кейінгі ұрпақты мәдениетті, парасатты, білікті, көргенді, адамгершілікті етіп тәрбиелеу, олардың дүниетанымын, жоғары деңгейге көтеру, қоғамды ілгерілету үдерісінде адами ізгілік қасиеттерін дамытуға баса мән беру, ұлттық намысы жоғары ұлтжанды өкілдерді тәрбиелеу ісі – педагогтардың еншісінде.

Бала – ол өте нәзік те сезімтал адам. Оның жанын жаралап алу өте оңай, алайда осы бір жара өмір бойы сыздап жүруі ғажап емес. Бала кезінде шешілмей қалған мәселелердің салдары ер жеткен кезде, тәрбиелік қателіктерге негіз болатынын ұмытпаңыз. Көптеген педагогтарды бір мезгілде қатал да мейірімді бола білу, баланың алдында үлгі биігінен түспей тұрып, оған қалайда ең жақын дос бола білу жайы көп ойлантады. Төмендегі осыған қатысты көптеген ақыл-кеңестер бала тәрбиесі барысында тәрбиеші және мұғалімдерге көп көмек берері сөзсіз.

Ең алдымен көңіл күйіңіз болмаған кезде, ешқашан бала тәрбиесімен айналыспаңыз. Баламен тығыз қарым-қатынас орнатуға тек қана Сіздің көтеріңкі көңіл күйіңіз бен оң көзқарасыңыз ғана әсер етеді. Тәрбие, негізінен, кезең-кезеңімен жүргізілгені дұрыс. Әр биікке өз уақытында байыппен көтерілген дұрыс. Бала – айна. Олар, ең алдымен, ата-анасынан, ұстаздарынан үлгі алатынын және көп жағдайда біз өмірде қандай қадамдар жасасақ, олар да сондай қадамға баратынын қаперде ұстағанымыз абзал.

Өзін және оны қоршаған адамдарды жақсы көруге үйретіңіз. Бұл оны өзіне өте сенімді адам ретінде қалыптастырып, қоршаған ортамен байланысын жолға қоюға, дұрыс іс-әрекеттер жасауға көмек береді. Баланы әр кезде оның көзіне қарап тұрып, мұқият тыңдаңыз, өйткені тек сол сәтте ғана оның ішкі жан дүниесі мен алаңдатқан мәселеге сіздің бей-жай қарамайтыныңызға сенімі болады. Өзінің жақсы адам екенін ескертіп отыру керек, алайда басқалардан артық емес екенін естен шығармай, айтып отырған жөн, себебі оның тым тәкәппар және екіжүзді болып өспегені жақсы.

Оны өз қадамдары үшін жауап беруге үйретіңіз. Оның өзін емес, әр уақытта жақсы қадамын бағалап, егер ол дұрыс емес әрекет жасаған болса, қателігін байыппен түсіндіре біліңіз, оның орнында өзіңіз болғанда былай істер едім деп, таңдау мен шешім қабылдау құқығын оның өзіне қалдырыңыз. Есіңізде болса, балаға үш негізгі қасиетті дарытуға міндеттісіз: шешім шығару, құрмет пен жауапкершілік. Қандай жағдай болса да, еңсесін тік ұстайтын, жан-жағындағыларға құрметпен қарайтын және өз қадамдары үшін жауап бере алатын адамдар көп жағдайда табысқа жететіні белгілі.

Бүгінгі жас ұрпақты ілім-білімге ғана тәрбиелеу аздық етеді, сол себепті оны жан-жақты дамыту, жаңаша дағдыларға баулу қажет. Әлемдік даму, ғылыми технология адамның ұшқыр ойлы, терең білімді, озық тәрбиелі болуын талап етеді. Сондықтан рухани-адамгершілік тұрғысынан білім беру әр тұлғаның азаматтық келбетінің жоғары болып, олардың кез келген ортада белсенділік көрсете алатын қабілеттерін жетілдіруді көздейді. Бүгінгі күні елімізде ұлттық және азаматтық құндылықтардың негізінде жеке тұлғаны қалыптастыру және дамыту, жеке адамдардың күш-қуат мүмкіндіктерін ашу, адамгершілік пен салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін қажетті жағдайлардың барлығы жасалуда.

Тәрбиенің басты мақсаты – әр адамның ішкі құндылығын, тұлғалық қасиетін ашып, бағалауға үйрету. Бала кішкентай кезінен әр нәрсені білгісі келіп, білімге құштарлығын танытады. Өсе келе кейіннен сол баланың білімге деген қызығушылығы азаяды. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағашқа айналғанда түзете алмайсың», – деп дана халқымыз бекер айтпаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне деген сенімділікті арттырып тәрбиелеуде отбасы мен мұғалімдер шешуші рөл атқарады.

«Әр бала – рухани күш иесі. Ол шетсіз шексіздікті танып қана қоймай, білуге де ұмтылады. Мұндай ұмтылыс адам баласының бойында дүниеге келген сәтінде-ақ пайда болады. Сондықтан да мұғалім әр балаға рухани күш иесі ретінде қарауы керек. Мұғалімнің мұндай көзқарасы баланың белсенділігін арттырады. Білімге деген құштарлығын көбейтеді. Балаға сеніммен қарау – баланы тек қуаттандыра түседі», – деп белгілі педагог Ш.Амонашвили айтқандай, мұғалімнің шеберлігі мен білімділігі, рухани дүниесінің байлығы, мейірімінің шексіздігі – баланың нағыз адам болып қалыптасуының негізі.

Қазіргі кезде тәрбие әдістері былайша ажыратылады: адамгершілік сананы қалыптастыратын әдістер; іс-әрекет және қоғамдық тәртіп тәжірибесін қалыптастыратын әдістер; тәртіпке, іс-әрекетке ынталандыратын әдістер; мінез-құлық пен іс-әрекетке бақылау жасау, өзін-өзі бақылау, ұйымдастыру және өзіне-өзі баға беруді, ұйымдастыруды жүзеге асыру әдістері. Іс-әрекетті қалыптастыруға жетудің жолдарын ұсыну тәсілін қолданып тәрбиеші балаларды идеялық адамгершілік көзқарастармен қаруландырып, өз еңбегі мен ұжым еңбегін жоспарлауға, ұйымдастыруға, еңбекпен іс-қызметтің мақсаттарына жету жолдарын таңдауға, іс-әрекеттің сапасы мен нәтижелерін олардың алдағы мақсаттарға сәйкестігін анықтатуға үйретеді.

Іс-әрекетті бағдарлау – іс-қызметтік тәсіл балаларды еңбекке даярлауға қызмет етіп, еңбек белсенділігін туғызып, іс-әрекетке жауапкершілікпен қарауды, халық игілігін молайту жолында еңбек ету қажеттігі сенімін қалыптастырады. Балалар күнделікті іс-әрекетке қатысып, қоғамның материалдық саласында адамгершілік және еңбек бағдарларын дұрыс таңдап дамытады. Адамгершілікті тұлға мен іс-әрекеттің арасындағы қарым-қатынас – балалар мен ересектердің іс-қызмет кезіндегі қатынасына негізделіп, балалардың қоғамдық мінез-құлық нормаларын игеруіне көмектеседі. Балалар тәртіп ережелері жөніндегі ақпаратты топта құрастырып, оны төменгі және жоғары сынып оқушылары, мұғалімдер, ата-аналар, ересек адамдар арасында жетілдіреді.

Тұлғаны қалыптастыруда бағалау тәсілі көмегімен мектепке дейінгі тәрбиеленушілердің адамдық қимыл-әрекеттерін, көзқарастарын, сенімдерін, тәртіп бағыттарын айқындауға, негіздеуге, өз іс-әрекетін, оқу мен еңбектегі жетістіктерін, адамгершілік сапаларын өздері бағалауға үйренеді. Тәрбиеленуші іс-әрекеттің адамгершілік жақтарын бағалауға жаттығады. Тәрбиеші болса, бағалауды, өзіне-өзі баға беруді қалыптастырып қамқорлық жасайды. Баға беру алған білімді жеке тәжірибемен байланыстырып, оған жаңа дағды қалыптастыруға мүмкіндіктер береді.

Тәрбие құралдарын қолдана отырып, баланың бойында адамгершілік қасиеттерін дамытуға болады. Тәрбие құралдары дегеніміз – балалардың адамдық қасиеттерін қалыптастыратын, тәрбиеші мен баланың санасына тәуелсіз материалдар. Адамгершілікті сананы қалыптастыру әдістерінің синонимі – сендіру әдісі арқылы тәрбиеші балаға адам мінезіне қойылатын талаптар, еңбектің, іс-әрекеттің, басқа адамдармен қарым-қатынастың маңызы туралы айтып, оның дұрыстығына баланың көзін жеткізуге ұмтылады. Баланы жақсы сөз бен іске сендіру үшін тәрбиеші тілді қолданады. Беделді, мәдениетті, тәжірибелі тәрбиешілердің сөзі тәрбиеленушіге өтімді болады.

Тәрбиеші балалармен әңгімелескенде, олардың ойын тыңдап, онымен санасады, ынтымақтаса жұмыс істеп, адамның мінез-құлқына, жүріс-тұрысына қойылатын талаптарды бұзған балалардың іс-қылықтарын, әрекеттерін талдайды. Әңгімені бастауға себепші болатын нәрсе – балалардың теріс қылықтары. Этикалық әңгіменің жақсы өрбуіне әсер ететін жағдайлар: бір мәселе төңірегінде бірнеше пікірлердің айтылуы; баланың сұрақтарын тәрбиешінің мақұлдауы, оған өзінің жауап беруіне көмектесу; баланың өз ойын ашық айтып, басқалардың да пікірлеріне құлақ асуы; әңгіменің жылы шырайлы жағдайда өтуі; әңгіме материалдарын баланың өмірінен алу; түрлі пікірлерді біліп, оларды бір-бірімен салыстыру, дұрыс пікір шығару; жас ерекшеліктеріне сай болуы; тартымдылығы, қызықтылығы; тәрбиешінің артық сөздер айтпауы.

Тәрбиеші дұрыс іс-әрекет жасамаған балалармен жеке сөйлесіп, оның кателігін өзіне әдеппен жеткізуі тиіс. Бір топқа, жеке оқушыларға жаңа ережелер басқа адамды құрметтеу, өзін басқа кісінің орнына қою, т.б. түсіндіріледі. Партаны сызу, дөрекілік таныту сынды теріс қылықтардың дұрыс емес екенін айта бергенше, тәртіпке салудың басқа әдісін қолдану керек. Тәрбиеші адамгершілік қасиет туралы баланың пікірін сұрап, теріс қылығы үшін ұялып, енді оны қайталамауға бағыттайды. Балаларға әдебиеттегі және өмірдегі түрлі кейіпкерлерді үлгі еткенде бала өзінің ішкі жан-дүниесіне түңіле бастайды. Бала, негізінен, басқаларға еліктегіш келеді.

Балалар әдеби және тарихи кейіпкерлерге, ересектерге, ата-аналарына, мұғалімдерге, достарына, өнер адамдарына еліктейді. Ертегі, әдеби кітаптар, мерзімді баспасөз материалдары – мектепке дейінгі жастағы балалардың адамгершілік санасын қалыптастыратын құралдардың бірі. Балалар жағымды кейіпкерлерге еліктеп, жамандықтан аулақ болуға үйренеді. Л. Г. Макаренко: «Егер жеке адамның басына тиісті талаптар қойылмайтын болса, онда ұжымды құруға, ұжым ішінде тәртіп құруға да болмайтындығы – әрине, өзінен-өзі түсінікті нәрсе. Мен жүйелі түрде талаптар қойылуын жақтайтын адаммын», – деп педагогикалық талап әдісінің басқа әдістерге қарағанда ерекшелігін көрсеткен.

Балалардың өмірінде педагогтің талап қоюы шешуші рөл атқарады. Нақтылы педагогикалық жағдайға байланысты адамгершілік ұстанымдарын, талаптың, түрі, мазмұны іріктеледі. Тәрбиеші мен тәрбиленушінің өзара әңгімесі мен байсалды, сенімді қарым-қатынас педагогикалық талаптың нәтижелі болуына ықпал жасайды. Тұтас педагогикалық процесте тәрбиеленушіге педагогикалық талап қою мен дұрыс іс-әрекет істеуге мәжбүр ету қатар жүреді.

Көрнекті педагог В. Сухомлинский: «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады», – дейді. Демек, шәкіртке жан-жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі азамат жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал етері сөзсіз. Рухани-адамгершілік білім беру – жас ұрпақтың бойына өмірдің мәні, сүйіспеншілік, бақыт, сыйластық, татулық, бірлік, төзімділік сынды құндылықтарды дарыту арқылы адамның қоғамда өз орнын табуына, қабілет-қарымының ашыла түсуіне, ақыл-парасатын дамытуына, яғни сәнді де мәнді өмір сүруіне қызмет етеді.

Рухани дүниесі бай, қажеттіліктері мен қызығушылықтары, талғамы, ой-өрісі кең адамдарды толық қалыптасқан, мінезі тұрақты адам дейміз. Мінездің тұрақтылығы адамның рухани-адамгершілік түсініктерінен туындайды. Ендеше, балаларды рухани-адамгершілік тәрбиесі арқылы толыққанды жетілген азамат етіп тәрбиелеу – қоғамымыздың басты міндеті. Рухани-адамгершілік тәрбиесінде педагог баланы тұлға ретінде танып біліп қана қоймай, оның дамуында кешегіні, бүгінгіні, болашақты көре білуі қажет. 

Қорыта айтқанда, адамгершілік тәрбиесі – бұл адамның туғаннан басталатын және өмір бойы жалғасатын, адамдардың мінез-құлық пен іс-әрекет нормаларын игеруіне бағытталған үздіксіз үрдіс. Оның мазмұны баланың жеке тұлғалық қасиеттерінің қалыптасу шеңберінде дамиды. Сондықтан оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруда балалардың жеке тұлғалық ерекшеліктерін ескеру маңызды орын алмақ.

Гулим Сембековна МАГУЛЫМОВА,
“Бөбек” ҰҒПББСО “Өзін-өзі тану” гуманитарлық

колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, 
Г. АЛМАТОВА, “Бөбек” ҰҒПББСО “Өзін-өзі тану”
гуманитарлық колледжінің студенті

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий