Ең басты міндет – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстан министрліктері әзірлеген ұлттық жобалар қаралды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов баяндама жасады, – деп хабарлайды ҚР Үкіметі басшысының баспасөз қызметі.

Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетовтің айтуынша, «BILIMDI ŪLT» баршаға арналған сапалы білім» ұлттық жобасы әзірленді. Жоба қоғам өкілдерімен, білім саласының сарапшыларымен кеңінен талқыланды, мүдделі мемлекеттік органдармен және Президент Әкімшілігімен пысықталды.  Ұлттық жоба 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарындағы, Қазақстан-2050 Стратегиясы, Мемлекет басшысының және Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында белгіленген негізгі міндеттерді қамтыды. Жалпы ол 4 бағыт, 5 міндет, 15 көрсеткіш және 26 іс-шарадан тұрады.

Бірінші міндет. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету.  «Ол үшін біз мектепке дейінгі ұйымдардың желісін дамытамыз, мемлекеттік тапсырыс ваучерлік қаржыландыру арқылы орналастылады. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде барлық балабақшаларда баланы дамытудың жаңа моделі енгізіледі. Бұл өте маңызды. Соның ішінде балабақшалардың мемлекеттік білім беру стандарты «Ойын арқылы оқыту» принципі бойынша өзгертіледі.

Осыған орай, балаларды ерте жастан дамыту бойынша педагогтерге біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылытын болады», — деді білім министрі. Нәтижесінде 2025 жылға қарай 2-6 жастағы балаларды қамту 95%-ға жетеді, ал 3-6 жаста қамту 100% болады. Екінші міндет орта білім беру жүйесінің сапасын арттыруды қамтиды.   Ұлттық жоба шеңберінде біржағынан қала мен ауыл, және өңірлер арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту, екінші жағынан жалпы республиканың білім сапасын арттыру  үшін кешенді шаралар қарастырылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша педагогтердің жалақысын әрі қарай өсіру мәселесі қамтылды. Оқулықтарды әзірлеу және оларға сараптама жүргізуге жаңа тәсілдер әзірленеді, педагогтердің кәсіби дамыту жүйесі жетілдірілетін болады. Пандемияға және алдыңғы оқу жылындағы қашықтан оқытуға байланысты, білімдегі олқылықтарды қалпына келтіру бағдарламаласын іске асыру, «Цифрлық ұстаз» жобасын іске асыру Ұлттық жобаға енгізілді.

«Қазіргі уақытта білім саласындағы тәрбие жұмысының маңыздылығын ескере отырып, «Құндылықтарға негізделген білім беру» тәрбие жобасын іске асыру, мектеп пен ата-ананың өзара қарым-қатынасы жүйесін өзгерту, өзін-өзі басқару, дебат қозғалыстарын одан әрі дамыту сияқты жобалар да қарастырылды», — деді білім министрі. Бұған қоса 2023 жылдан бастап толық жинақталған ауыл мектептерін жан басына қаржыландыруға біртіндеп көшіру жоспарлануда. Бұл да қала мен ауыл мектептері арасындағы сапа алшақтығын шешуге мүмкіндік береді. 

Үшінші міндет. Мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету. Оқушы орындарының тапшылығын жою үшін 2025 жылға қарай 1000 мектептің құрылысы жоспарлануда. Нәтижесінде үш ауысымды мектептерді толығымен жою күтілуде. 2025 жылға қарай шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда 5000 мектеп жаңғыртылады. «Оның шеңберінде балаларға қауіпсіз және қолайлы жағдай жасау, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, мектеп жиһазын жаңарту, мектеп кітапханаларын және асханаларды жаңғырту, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Мектептердің 90%-ы пәндік кабинеттермен және 100%-ы қауіпсіз кіру, күзет және бақылау жүйесімен қамтамасыз етіледі, — деді А. Аймағамбетов. Осы шаралардың барлығы мемлекеттік білім беру стандартын сапалы іске асыру үшін қолайлы орта мен жағдай жасауға, соның нәтижесінде балалардың білім сапасы жақсарады. Инклюзивті ортада балаларды психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтамасыз ету үшін ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған ұйымдардың жұмыс істеу нормативін 50 мың балаға 1 ПМПК есебінен жаңарту бойынша жұмыс жүргізілетін болады.

43 ПМПК ашылады. Бұдан басқа, мүмкіндіктері шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын болады. Төртінші. Қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету 2025 жылға қарай сұранысқа ие мамандықтар бойынша жастарды тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамту көзделген. Колледждерге академиялық дербестік беріледі және барлық оқу бағдарламалары еңбек нарығының талаптарына сәйкес жаңартылады. «Жергілікті бюджет есебінен колледждерді заманауи оқу-өндірістік шеберханалармен жабдықтау жұмыстары жүргізіледі.

Барлық колледждерде WorldSkills талаптарын ескере отырып, құзыреттіліктерді анықтайтын демонстрациялық емтихан енгізіледі. Дуальді оқытуға қатысатын кәсіпорындарды ынталандыру есебінен 2025 жылға қарай дуальді оқытумен қамту өседі, — деді А. Аймағамбетов.  Бесінші міндет. Қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру.  Сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім гранттарының саны өседі. Оқу бағдарламалары жаңа жағдайларға бейімделеді.

Ол үшін инновациялық бағдарламалар әзірленеді, білім беру бағдарламалары еңбек нарығының талаптарына сәйкес жаңартылады. Қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында 20 академиялық артықшылық орталығы және Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша 2 озық жоғары оқу орны құрылады. Сонымен бірге 2025 жылдың соңына дейін шетелдің 5 жоғары оқу орнының филиалын ашу жоспарлануда.   

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий