ЕҰУ-де “Елдік ұстаным және Тәуелсіздік нысанасы” атты халықаралық конференция ұйымдастырылады

Бүгін Еуразия ұлттық университетінде көрнекті ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарның докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың 70 жылдығына арналған «Елдік ұстаным және тәуелсіздік нысанасы» атты халықаралық конференция ұйымдастырылады, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Тарихшылардың ұлттық конгресі, «Отырар кітапханасы» ғылыми зерттеу орталығы ұйымдастырып отырған жиынға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қатысатындығы жоспарланған.

Іс-шарада ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, қыпшақтанушы  Болат Көмеков, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы, Мимар Синан көркем өнер  университетінің профессоры Абдуақап Қара, Бейжің Ұлттар университетінің профессоры Мұхтар Әбілхақұлы, Анкара Хажы Байрам Вели университетінің профессоры Гүлжанат Құрманғалиева-Ержиласун, ЕҰУ түркология және алтаистика институтының директоры Қаржаубай Сартқожаұлы және тағы басқа ғалымдар  баяндама жасамақ. 

Конференция екі секция бойынша өтеді: «Елдік құндылықтар және гуманитарлық ғылымның  басым бағыттары», «Ұлт руханияты: ізденістер, жобалар, тұжырымдамалар». Конференция қорытындысы бойынша сөйлеген сөздер мен жасалған баяндамалар негізінде кітап құрастырылып, арнайы жинақ шығарылады. Конференция жұмысы қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде өтеді. 

Ақпарат үшін: Филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай «Замандасым, сырласым» (1976), «Қоңыр қаз» (1978), «Жүрегiмде жұмыр жер» (1980), «Бесқарагер» (1982), «Дара тұлға» (1984), «Жер – бесiк» (1985), «Бабочка под снегом» (орыс тiлiнде, 1990), «Талант Калибека» (1992, орыс тiлiнде), «Болашақтың бәйтерегі» (2007) атты көркем шығармалардың авторы. Бұл туындылар қаламгердiң өзiндiк жазу мәнерi мен философиялық-лирикалық сыйпаты арқылы ерекшеленедi.

«Бейуақ» (1990), «Дулыға» (1–2 кiтап, 1994), «Кетбұға» (1996), «Бесiгiңдi түзе!», «Талқы» (1997), «Мухтар Омарханович Ауэзов» (түрiк, орыс тiлдерiнде, Анкара,1997), «Күйесiң, жүрек…сүйесiң!» (2001), «Бесігіңді аяла!» (2002), «Құнанбай» (2004), «Сүре сөз» (2005), «Дулыға» (қайта басылымы, 2007), «Ұраным – Алаш!..» (2007) атты деректi ғылыми-зерттеу кiтаптары шықты. Ол «Алаш ақиықтары» жинағын құрастырып, Алаш қайраткерлерінің беймәлім шығармаларын жалпы жұртшылыққа таныстырды. Көркем шығармалары мен зерттеу еңбектері әлемнiң 15 тiлiне, ал ғылыми еңбектерi ЮНЕСКО-ның ресми тiлдерiне аударылған. М.Икбалдың, С.Тогэнің, Л.Шералидің, В.Шефнердің, Р.Рождественскийдің, С.Қапаевтың және тағы да басқа өлеңдерін қазақ тіліне аударған. Қазірге дейін 77 кітабы жарық көрген.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий