Жаңа ғасыр білім мен ғылымның заманы

Білім  мен тәрбие  әрқашан күн тәртібіндегі басты өзекті мәселе болып келгендігі баршамызға белгілі. Қазір заман өзгерді,талап өзгерді. «ХХІ ғасыр білім мен ғылымның ғасыры болады», – дегені есімізде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың. Қоғамымыз заман талабына сай жаңа ақпараттық технологиямен жұмыс жасауға бет бұрып, интернет пен компьютердің «заманына» келе жатыр. Ел болашағын құруда біз де сәл де болса өз үлесімізді қосуға міндеттіміз. Қазір ақпараттық технологияның қарыштай дамыған шағы, бұған куә, әлемді жайлап жатқан індеттің салдарынан қазіргі білім беру жүйесінің онлайн түрге ауысуы.  

Осындай қиын – қыстау кездерде еш кедергісіз білімді онлайн түрде алып, күнделікті жұмыстың да онлайн түрде жүруі компьютердің арқасы. Мұндай кезде әр оқушы, әр ата – ана, әр ұстаз компьютерді қолдана біліп, түрлі ақпарат құралдарымен жұмыс істеуді жетік меңгере білуі тиіс. Міне, осыдан көретініміз қазіргі таңдағы ғылымның дамығандығы. Біз оқушыларға білім беру жолында әртүрлі сайттарды, мектеп платформаларын меңгеруді үйретіп, ақпарттық – комуникативтік сауаттылықтарын арттырудамыз. Бұл да біз үшін үлкен олжа, өлшеусіз білім көзі. Мектеп табалдырығынан заман талабына сай болып өскен әр оқушы, мектеп бітірген соң жоғары оқу орнында да еш қиындықсыз білім ала алады.

Қазақстанның басқа елдермен ынтымақтастығының арқасында, білім саласына көп көңіл бөлініп, жоғарыдағы басшылардың ерен еңбегінің арқасында бүгінгі күнде жоғары оқу орнында тегін білім алу, шет елде тегін оқу гранттарын жеңіп алу, әртүрлі ғылыми – зерттеу конференцияларына тегін қатысу мүмкіндіктері көп берілуде. Біз оқушылар осы берілген мүмкіндіктерді жіберіп алмау үшін, еліміздің білімді де білікті азамат – азаматшалары болуымыз үшін мектепте сапалы білім алып, білім беруші ұстаздарымыз нұсқаған жолмен жүрсек, алдағы уақытта алар асуларымыз бен асар белестеріміз көп екеніне мен кәміл сенемін.

Сонымен қатар, қазір тек білім саласы ғана емес кез – келген салада білім мен ғылым мәселесінің дамуы өз әсерін тигізіп жатыр. Оған келтірер тағы бір мысал, қазіргі уақыттағы аурухана, балабақша, халыққа қызмет көрсету орталығының жұмыстары. Бұрындары ауруханаға көріну үшін ата – әжелеріміз кезек соңында көз майын тауысып күтіп тұрғанын көретінбіз. Ал қазір «Damumed» қосымшасы бойынша белгілі бір күнді белгілеп, өзіне қажет дәрігерді таңдап тіркеледі. Және үйде отырып өз кезегін күтіп, кезегі келгенде ғана ауруханаға барып дәрігер көмегіне жүгінеді. Бұл қосымша біздің қарт – қарияларымыз үшін, жас балалы аналар үшін өте тиімді екені баршамызға мәлім.

Ал кішкентай балаларды аналары балабақшаға апарған кезде әр жерден баланың құжатын жинау үшін көп әбігерленіп жүгіруші еді. Қазір үйде отырып – ақ «indigo24.kz» сайты бойынша баланы тіркеп, оның кезегінде сайт арқылы бақылап және балабақшаға барған кезінде «Балабақшаға баруы туралы жолдаманы да» сайт арқылы ала алады. Бұл қызмет түрі де ата – аналар үшін тез әрі жылдам, қолжетімді болып қуантып отыр.

Сондай, ақ кез – келген анықтаманы алу үшін адамдардың жұмыс арасында асығып халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіріп, ондағы кезектің ұзақтығына шағымданғанын да біз жиі естуші едік. Қазір ұялы телефонға немесе компьютерге «Egov mobile» қосымшасын жүктеп алып, жұмыс орнында болсын, үйде болсын, кез – келген жерден халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысын қолжетімді пайдалана алады. Мұның барлығы біздің еліміздегі ақпараттық технологияның, білім мен ғылымның дамығанының әсері.

Мен патриот педагог ретінде еліміздегі болып жатқан өзгерістерді көріп өте қатты қуанамын. Тәуелсіз жұртымыз дамыған елдер қатарында. Жас ұрпақтың білім алуына, өсіп – өркендеуіне толық жағдай жасалған. Мен отандық білім беру жүйесімен және барша әріптестеріммен мақтанамын. Ойымды қорытындылай келе, ХХІ ғасыр білім мен ғылым заманында өсіп келе жатқан қазіргі жас ұрпақ бақытты ұрпақ дегім келеді.

Сауле Боранбековна ШУКУРБЕКОВА,
Тұрар Рысқұлов атындағы №25 мектеп
гимназияның тарих пәні мұғалімі,
Шымкент қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий