Модульді-құзыреттілік тәсіл негізіндегі заманауи сабақ

Дүниежүзілік білім беру кеңістігіне кіру мақсатында елімізде білімнің жаңа жүйесі құрылуда. Бұл үрдіс кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне де жаңаша қарауды, студенттердің заман мен еңбек нарығына сәйкестігін арттыруды, іс-әрекетті жаңаша ұйымдастыруды талап етуде. Сондықтан, білікті кәсіби мамандар даярлайтын оқу орындарының қазіргі мақсаты – әлемдік білім кеңістігіне ене отырып, бәсекеге қабілетті тұлға даярлау.

ҚР-ның «Білім туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіпік шыңдауға бағытталған сапалы білім үшін қажетті жағдайлар жасау; жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы ой-өрісін байыту», – деп көрсетілген. Мұндай жағдайда білім алушыны өмірге дайындау үшін академиялық білім жеткіліксіз. Дамыған елдердің білім мақсаттары білімді адамнан шығармашылықпен ойлауға, әрекет етуге және өзін-өзі дамытуға қабілетті гуманистік тұлға қалыптастыруды талап етеді.

Осы орайда «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасының авторы Сара Алпысқызы: «Қазір кезде бәрімізге өзгеріс қажет. Әсіресе мұғалімдерге. Өмірдің өзі, бала, педагог туралы бұрыннан келе жатқан, шаң басқан идеялардан алыстау керек деп болжайды. Бұл үшін оларды бірінші сынып оқушылары сияқты рухани өмір сүруге және ғарыштық ойлауға үйрету керек», – дейді. Өркениеті дамыған қатарынан көрінудің бір өлшемі – білім беру жүйесінің жаңа технологияларымен қамтамасыз етілуі, осы арқылы студенттерге құзыреттілік беру, рухани жан дүниесі бай, жан-жақты дамыған білімді жеке тұлғаны тәрбиелеу.

Модульді-құзыреттілік тәсіл негізіндегі заманауи білім беруде жоғарыда айтылған дүниежүзілік білім беру кеңістігі және еліміздің білім беру міндеттерін ескере отырып, «Білім, білік, дағды жиынтығын толық меңгерген, өз тәжірибесі негізінде ізгілік дүниетанымдар мен адамгершілік көзқарастарды дәріптейтін кәсіби маман» заманауи маман моделін құрамыз. Бұл модель «Өзін өзі тану» мұғалімінің алатын құзырет тізімдерінде ескерілген.

Дәстүрлі оқу бағдарламасында белгілі бір мамандық бойынша оқу орнын жаңадан тәмәмдап шыққан түлектің алған білімі жұмыс берушінің талаптарына сәйкес келе бермейді. Өйткені, заман ағымындағы жаңалықтарға қарай жұмыс берушінің де талаптары жаңарып отырады. Сондықтан жұмыс беруші жас маманды заман талабына сай біліктілік арттыру курстарынан қайтадан даярлап, оқытуға мәжбүр. Ал модульдік оқыту бағдарламасы бойынша білім алушы оқу орындарынан алған білімін өндіріс орындарында тәжірибе түрінде шыңдайды, осы құзыреттілікті қалыптастыру барысында білім алушыларға заман талабына сай дағдылар беріледі.

Құзыреттілікке негізделген білім беру мазмұны жалпы білім-білік-дағдыдан өмірлік және кәсіптік жағдаяттарда нақты құзіреттерді қолдануға бағытталған. Бір сөзбен айтар болсақ, құзірет – білім және орындаудың қосындысы. Құзыретті болу дегеніміз – яғни, тиімді және нәтижелі жұмыс істей алу. Құзыреттілік студенттің тапсырманы орындау және міндеттерді атқару қабілетін ғана емес, жұмыстың барлық аспектілерін қамтиды. Модульдік-құзыреттілік тәсілдеме теориялық оқыту мен тәжірибелік еңбек қызметінің арасындағы, жұмыс берушілердің талаптары мен оқу бағдарламаларының арасындағы ортақ мақсат пен міндеттер негізінде жүзеге асады. Ендігі кезекте осы құзыреттілікке білім алушылар жету үшін оқытушылар білім беруде неге аса назар аударуы қажет, соған тоқталайық.

Шалва Амонашвили: «Мен – мұғаліммін – мынау құдіретті баспалдақтың тасымалдаушысымын. Мен əр оқушымның рухани əлеміне үңілемін, əрқайсысына өз баспалдағымды ұсынамын, сүрініп кетпеуін, ілгері ұмтылуын қадағалаймын, мықтап ұстануына көмектесемін, сосын бір биікті алған соң, өзге баспалдаққа алып келемін. Бұл баспалдақ баланың ғана емес, ұстаздың да жолы, себебі ол да ұстаздық ішкі түйсік мен қабілетке жетілдіру үшін баспалдақ ұсынады», – дейді. Осы орайда «Өзін-өзі тану» колледждінде құзыреттілікпен қатар жалпыадамзаттық құндылықтарды анықтауға бағытталған «Өзін-өзі тану» сабағының құрылымдық компоненттері арқылы білім беру қарастырылған.

Қазіргі психологтар ақпараттың 90%-ы мето-хабарлама арқылы берілетінін көрсетеді (бет әлпеті, дауыс ырғағы, сыртқы бейне, көңіл-күй). Сондықтан сабақта сүйіспеншілік пен сенім атмосферасын құру, сабақты жағымды көңіл-күймен бастау маңызды. Жағымды көңіл-күй стрессті, шаршағыштықты жеңуге бағытталған, студенттердің ішкі жағдайына жақсы әсер етеді, ақыл-ойда жағымды бейнелер жасауға көмектеседі, зейінді шоғырландырады.

Позитивті көңіл-күйдің мәні, оны қалыптастыру мәселесі ежелгі дәуірден бастап адамзатты, ғылымды қызықтырған. Тибеттік Лама Лобсанг Рампа ойлаудың адам өміріне әсері туралы ілімдері сақталған: «Ой – бұл ең үлкен күш. Тек позитивті ақыл – әрқашан позитивті ойдың арқасында … сіз барлық сынақтардан өтіп, жалпы өмір сүре аласыз», – дейді. Тибет Ламасының осы іліміне сәйкес теріс ойлар адамның рухани дамуын айтарлықтай кешіктіреді. Позитивті көңіл-күйді игеру адамға оқиғалар мен жағдайлардан тәуелсіз болуға, мінез-құлқы мен санасын басқаруды үйренуге мүмкіндік береді. Сабақ басында позитивті көңіл-күй жасау арқылы біз студенттерге өз өмірінің менеджері болуға, өз күшіне сену дағдысын береміз.

Сабақ барысында дәйексөздер, терең философиялық ойлар, астарлы әңгімелер, үзінділерді қолдану аса маңызды. Әсіресе «Ұлттық мұра» қағидасы негізінде «ғасырлар даналығы» беріп кеткен астарлы әңгімелер, дәйексөздер қолданылса. Айтылған астарлы әңгіме бойынша түйіндеме жасарда студенттер сыни ойлау дағдысын қалыптастырады. Сабақ барысында дәйексөздер қолдану зерттелген негізгі ұғымдарды терең игеруге, материалды өзектендіруге оңай ықпал етеді. Оны қолдану сабақтың бірнеше кезеңдерімен бірге жүруі мүмкін. Яғни, позитивті көзқарастан кейін, сабақтың жетекші идеясы ретінде, астарлы әңгімеден кейін, оқиғаның логикалық аяқталуы ретінде, тапсырма орындарда сабақтың өзектілігі ретінде, үй тапсырмасын тексергеннен кейін, қорытындылау ретінде.

Дәйексөзді қолдану тәртібі нақты сабақта мұғалімнің мақсаты мен міндеттеріне байланысты. Сабақ барысында оның мақсаттарына ерекше назар аудару қажет. Сабақтың мақсаттары студенттердің қажеттіліктерін ескере отырып, SMART форматында тұжырымдалуы керек. Студенттердің ерекшеліктеріне, қажеттіліктері мен қабілетіне байланысты сабақ мақсатын саралауға болады. Оқытушы студенттерге тақырыппен танысуға, тақырып туралы бастапқыда қызықтыратын сұрақтарды анықтауға, студенттердің тақырып туралы не білетінін, нені білгісі келетінін анықтауға, әрі қарайғы жұмыс пен тапсырмаларды жоспарлауға көмектесуге мүмкіндік беруі керек. Содан кейін оларға жиналған ақпаратты өңдеуге мүмкіндік береміз.

Немесе сабақта жастардың қоғамда, болашақ өміріне, мамандығына керекті құзыреттерді атай отырып: «Бүгінгі сабақ сол құзыреттілікті береді», – деп сабаққа деген ұмтылысын арттырамыз. Сөйтіп, сабақ пәндік білім мен дағдыларды ғана емес, кең ауқымды құзіреттілікті қалыптастыруға бағытталған деп түсіндіреміз. Осы үрдіс әрдайым жүйелі түрде өтсе, студент сабақ барысында оқытушымен мақсат құра білетін тұлғаға айналып, мақсатты кіші мақсаттарға немесе кішігірім міндеттерге бөлуді, қолжетімді мақсат, эксперимент үшін аралық мақсат қоюды үйреніп, өмірге керек құзыреттілік, яғни СМАРТ мақсат қоя білуді үйренеді.

Жаһандану дәуірінде жас ұрпақ әлеуметтену процесіне енеді, онда бүгінде парасаттылық, адалдық, өз әрекеттері үшін жауапкершілік, асыл мақсаттарды таңдай білу ерекше мәнге ие болады. Бұл кезеңде рухани-адамгершілік құндылықтарды материалдық құндылықтарға ауысып кетпеуіне аса назар аударуымыз қажет. Осыған байланысты «Өзін-өзі тану» колледжінде пәндік білім мен іскерлікті ғана емес, студенттердің жоғары рухани табиғаты туралы, адамдармен үйлесімді қарым-қатынас құру қабілетін дамыту мақсаттары жүзеге асырылады. Студенттердің 21- ғасырдың дағдыларымен қоса мамандығына педагог мамандығына керекті құзыреттер алуға мүмкіндік береді: өзін-өзі тану, өзін-өзі тәрбиелеу, өзін-өзі дамыту, өзін-өзі бағалау, жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде адамгершілік қасиеттерін дамыту, әртүрлі өмірлік жағдайға, оның негізінде әрекет ету қабілеттігін; жасампаздық белсенділікті, қоғамға риясыз қызмет ету, адамдармен сүйіспеншілік қарым-қатынас құру,топпен жұмыс жасай білу дағдылары.

Мұғалім білімнің бірден-бір қайнар көзі ретінде емес, оқушылардың өзіндік оқу-танымдық іс-әрекетін ұйымдастырушы ретінде әрекет етуі керек. Өздігінен білімді игеруі үшін білім алушының белсенді іс-әрекетін ұйымдастыру оқу процесіне қойылатын негізгі талаптардың бірі болып табылады. Заманауи сабақ келесі критерийлерге сай болуы керек: оқытушы мен білім алушылардың ынтымақтастық қатынастарын қалыптастыру және қолайлы психологиялық микроклимат жасау, мақсат қоюдағы құзыреттілік тәсіл, құзыреттерді қалыптастыру тек іс-әрекетте ғана мүмкін (яғни, білімнің практикалық бағытталуы), оқытуды саралау, оқу іс-әрекетін ұйымдастырудың жеке, топтық және ұжымдық формаларының үйлесуі, білім алушылардан кері байланысты қамтамасыз ету, денсаулық сақтау технологияларын қолдану, заманауи ақпараттық коммуникативті технология қолдану.

Модульді-құзыреттілік тәсіл негізіндегі заманауи сабақты жүйелі түрде өткізу үшін үлгілік оқу бағдарламасында берілген оқыту нәтижесіне сәйкес оқу мақсаттарын жасауымыз керек, оқудың мақсаты мен міндеттерін құрғанда жоғарыда айтылған ұсыныстарды ескере отырып, талдау жүргізіледі, студенттерге берілетін құзыреттіліктер анықталып, мақсат негізінде бағалау критерийлері жасалады, оқыту әдістері жоспарланады.

Белсенді әдіс-тәсіл сабақтың әр кезеңінде қолданылады. Сабақтың мақсатына жету үшін мұғалім оқытуда бірқатар белсенді тәсілдерді қолдана алады. Алайда, ол әдіс-тәсілдер сабақ мақсат-міндеттерінен алшақтамауы тиіс. Белсенді әдіс-тәсілдер сабақ үдерісінің табысты болу үшін студенттің білімді әртүрлі контексте қолдануына мүмкіндік береді. Оқытудың заманауи әдістері білім алушылардың жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескеруге ерекше назар аударады, өйткені оларды қанағаттандырудағы оқытушының жетістігі білім алушылардың үлгеріміне оң әсер етуі мүмкін. Пән мұғалімдері жоспарланған әр түрлі тапсырмалар арқылы оқу бағдарламасының да, білім алушылардың да қажеттіліктерін қанағаттандыра алады. Бұл ретте, білім алушылардың орындауы үшін қисынды реттелген жаттығулар мен тапсырмалар берілуі керек, қажетті материалдар мен ресурстарды қолдану қажет.

Тапсырмалар оқыту мақсаттарына сәйкес жасалынған бағалау критерийлерімен беріледі. Яғни, оқу мақсаттары мен бағалау критерийлеріне сәйкес тапсырмалар құрастырып, студенттерді тиімді кері байланыспен қамтамасыз етуіміз керек. Тапсырма құрғанда, барлық білім алушылардың жас ерекшелігін, қабілетін ескере отырып, саралаудың 7 тәсілін қолданса, білім алушының оқу белсенділігін арттырады. Бағалау кезінде білім алушының, ең алдымен, қызығушылығын оята алатын, белсенділігін арттыратын, өз ойын ашық айтуға үйрететін, өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландыратын, өзін-өзі, басқаларды бағалауға үйрететін тапсырмалар жасауға бағытталуымыз керек. Ең бастысы: бағалау критерийлерін, білім алушыларға күтілетін нәтижелерді анықтау және ұсыну және дамуына ықпал ететін сындарлы кері байланыс беру. Бұл жұмыс дұрыс ұйымдастырылған жағдайда білім алушы өз даму деңгейіне сәйкес ойы шыңдалып, белгілі бір жетістіктерге жетері сөзсіз.

Қытайдың ойшылы Конфуций: «Ескіден қол үзіп, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады», – дейді. Заман талабына сай білім беру қашан да өзекті мәселе. Шығармашылық қабілеті мол, жан-жақты дамыған азамат тәрбиелеуде құзіреттілік беру студентке ауадай қажет десек, оқытушы ізденісі – бұл білім кепілі. Жаһандану дәуірінде жас ұрпақ әлеуметтену процесіне енеді, мұнда әдептілік, адалдық, адамгершілік, өз іс-әрекетіне жауапкершілік, асыл мақсаттарды таңдау қабілеті ерекше орын алады. Бұл кезеңде рухани және адамгершілік құндылықтарды материалдық құндылықтарға ауыстырудың болмауы өте маңызды. Заманауи технологиямен адамның ішкі құндылықтары қатар дамуы керек. Ол үшін оқытудың сүйіспеншілік атмосферасын құру маңызды.

Гүлбаршын СЕРІКБАЕВА,
«Өзін-өзі тану» АҮД гуманитарлық колледжі басшысының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий