Білім беру мазмұнының қазіргі заманмен үндестігі

Ақпаратттық технологиялар саласындағы ғаламат өзгерістер, 4-ші технологиялық революция ХХI ғасыр мегасоциумында кеңістік пен уақыттың қысылуына, high-tech және high-Hume – технологияларының симбиозына, «антропогендік сингулярлық» жағдаяттың, яғни адамзаттың бейімделу және игеру мүмкіндіктерінің технологиялар дамуы мен жаңаруы жылдамдығына үлгермеуі құбылысын, жасанды интеллектің, «техносфералық адамның» пайда болуы сияқты аса ірі трансформацияларды туындатты.

 

ХХI ғасырдағы адамзат өркениетінің жаңа сатысы – ол интеллектуалдық ақпараттық өркениет, білім қоғамы. Жаңа өркениетте еңбек ету мен адам тіршілігінің сипаты түбегейлі өзгеріп, қарым-қатынастың, энергетиканың, технологияның жаңа түрлері енгізілуде. Бұл адамның мінез-құлқының, ділінің, мәдениетінің, қоршаған ортаға көзқарасының, қарым-қатынас жасау сипатының, құндылықтарының өзгеруі мен жаңаруын қажет етеді. Заманауи ғылым жаңалықтары, цифрлық технология, NEET жастар буынының проблемалары, қабілеттері айрықша Z, Альфа ұрпақтарының өсіп шығуы, бұрын белгісіз жаңа мамандықтардың пайда болуы білім берудегі жаңа басымдықтарды анықтап, оның философиясына, мақсат-міндеттері мен әдістемесіне айтарлықтай өзгеріс ендіруді қажет етуде.

Адамзат қоғамын дамытуға екі түрлі көзқарас бар. Оның бірі – неотехнократиялық, бұл жоғары технологиялар мен инновациялық, ғылыми іс-әрекеттерді басым пайдалану, екіншісі – гуманитарлық-экологиялық, бұл адамның рухани потенциалын дамыту және адам мен адам, адам мен табиғат арасындағы үйлесімділікті қолдау. Прогрессивті адамзат осы екі бағытты үйлестіре отырып даму жолын таңдап отыр. Екеуін қатар алып жүргенде ғана адами капитал адамзат үшін құнды және оны алға жетелейді.

Техногендік қоғамды дамытудың, ғылыми-техникалық прогресс жасаудың нәтижесінде адамзат орасан материалдық байлыққа, ғажайып техникалық күш-қуат құралдары мен энергия және ақпарат көздеріне ие болды. Ол жер шары ғана емес, космостық кеңістікке ықпал жасай алатындай геологиялық күшке айналды. Бірақ оның материалдық дүниеге әсіре елігуі, қоғамдық қарым-қатынастардың бәсекелестікке лайықталып құрылуы адамдардың иррационалдық құндылықтары мен жан дүниесі, рух күші, ішкі табиғи әлемінің сенімдері мен сезімдерінің әлсіреп, құнсыздануына әкеліп соқты.

Адамдардың қоршаған ортаға деген қарым-қатынасы да деформацияға ұшырады: олар өзін табиғаттың бір бөлшегі емес, оның қожайыны түрінде сезініп, табиғат байлықтарын жою, қоршаған ортаны ластау салдарынан биосфералық баланстың, Жер гомеостазының бұзылу, адамзаттың экологиялық апатқа ұшырау қауіптері пайда болды. Көпшілік жастар арасында маргиналдану, зорлық-зомбылық жасау, ақша бопсалау, суицид жасау оқиғалары, агрессивті топтар мен діни ағымдарға ену үрей тудыратын деңгейге жетті.

Адамзат қазір Абай атамыздың:

«Ақыл мен қайрат жол табар,
Қашқанға да қуғанға.
Әділет, шапағат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Бастапқы екеу соңғысыз,
Біте қалса қазаққа,
Алдың жалын артың мұз,
Барар едің қай жаққа?», – деп өз заманында-ақ болжаған рухани дағдарыс жағдайында тұр.

Материалдық құндылықтар – адамның тән қажеттіліктері, ол жанған от сияқты, тойымсыз, затты қосқан сайын, қажеттілігі артып, лаулай түседі. Материалдық дүние – алдамшы, тойымсыз, оған әсіре елігу – адамды аздыруға, тоздыруға бастар жол. Ал рухани құндылықтар – адамның жан қажеттіліктері, рухани байлық – шынайы, мәңгілік байлық, ол адамзатты адалдандырып, жасампаздыққа жетелейді. Ұлы тұлғалардың рухани мұрасын ғана адамзат жүздеген, мыңдаған жылдар ұмытпай, қастерлеп келеді.

Білім беру постмодернизм философиясы мен синергетикалық тәсілдеме негізінде, яғни материалдық және рухани дүниенің, адам, қоғам,табиғат, космостың біртұтастығы мен коэволюциясы аясында трансформациялануы тиісті. Соның негізінде білім берудің құндылықтары мен мақсаты да өзгеріп, ол адамның физикалық, әлеуметтік және рухани құраушыларын біртұтастай дамытуға ауысады, футуристік, гуманистік-ноосфералық сипат алады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абайдың «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін. Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан хәкім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі», – деп атап өткен болатын. Осы тұрғыда білім мазмұнының тәрбиелік миссиясын алдыңғы орынға қойып, жастарымызды «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» категориялары аясында қалыптастыру, оларды ар-ожданы таза, намысы зор, рухы биік, еңбекқор, отбасын, туған жері мен Отанын сүйетін және олар үшін қызмет етуге ниетті азамат етіп тәрбиелеу басты міндет болмақ.

Жастардың дүниетанымы мен тұлғалық қасиеттеріне қарқынды ықпалын тигізіп отырған қазіргі жаһандану, ашық ақпараттық қоғам кезінде ұлттық құндылықтарға, дана әрі дара тұлғаларымыздың рухани, педагогикалық мұраларына негізделген білім мен тәрбие беру аса маңыздылыққа ие. Осыған байланысты білім берудің жоғары тәрбиелік әлеуетін қамтамасыз ету жоспарланып отырған 12 жылдық білім берудің басты мұраттарының бірі болуы тиісті. Бізге қазір адамның жан дүниесіне әсер етіп, қиялына қанат бітіретін, рухын асқақтататын тәрбие жүйесі қажет. Ұлттық рухани құндылықтарды, халықтық тәрбиені негізге ала отырып, жан тәрбиесін, өзін-өзі тану және тәрбиелеу міндеттерін жүзеге асырудың кешенді бағдарламасы керек.

Мағжан Жұмабаев «Педагогика» еңбегінде: «Әрбір тәрбиеші баланы ұлттық дәстүрмен тәрбиелеуге міндетті», – деп жазады. Ұлттық құндылыққа тамыры терең, діңі берек болады. Ата-баба аманат еткен ұлан-ғайыр даланы аман сақтау, ең алдымен, жас буынға артылатын үміт. Кейінгі ұрпақ тәуелсіздік туын әрқашан жоғары ұстауы тиіс. 12 жылдық білім беру мазмұнында білім берудің метапәндік нәтижелері – ғылыми-танымдық, мәдениеттік-әлеуметтік, тілдік қарым-коммуникативтік, ақпараттық-технологиялық тұлғалық құзыреттіліктерді, икемді (әмпебап) дағдыларды қалыптастыруға бағыттап құру міндеттері қарастырылатын болады.

Қазіргі 21-ғасырға қажетті білім алушылардың икемді (soft scills) дағдыларын, яғни мәдениетті қарым-қатынас құра білу, сыни және креативті ойлау, эмоциялық зияты (EQ), орта жағдайларының өзгеруіне икемділік, өз бетінше және командада жұмыс істеу, еңбек әдебін сақтау, экологиялық ойлау, медиасауаттылық сияқты дағдыларын дамыту да аса өзекті мәселелер.

Әділхан ДҮЙСЕБЕК,
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының орта білім институты директорының орынбасары,
Адамның үйлесімді дамуы Ұлттық институтының жетекші ғылыми қызметкері,
химия ғылымдарының кандидаты

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий