Құндылықтарға негізделген білім жүйесі

Оқушыларға білім мен тәрбие беруде мектептердің жай-күйінің заманауи сұранысқа сай болуы қажет. Осы орайда Орал қаласы мектептері жаңа өзгерістер енгізу арқылы дамуға бағыт алды. Қазіргі уақытта 35 мектеп миссиясын өзгертіп, жаңа жобалармен жұмыс істеуді бастады. Саладағы жаңашылдықтар мен оқушылар білімінің сапасы шаһар басшысы Абат Шыныбековтың қала мектептері басшыларымен кездесуінде талқыланды, – деп хабарлайды Орал қалалық білім беру бөлімінің баспасөз қызметі.

Оқу үдерісінде оқушылардың білім сапасы ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Өткен оқу жылында онлайн форматта оқыған шәкірттер биыл 2021-2022 жаңа оқу жылын толықтай офлайн форматта бастады. Қашықтан оқу кезеңі оқушылардың білімінде олқылықтардың орын алғанын көрсетті. Жыл басынан олқылықтарды жою мақсатында жобалар қолға алынды, «Жазғы мектеп» жұмыс істеп, жазғы лагерьлерде қосымша сабақтар жүргізілді.

Былтырғы оқу жылында, яғни қашықтан оқу кезеңінде оқушылардың білім сапасы жоғары болды. Алайда, жаңа оқу жылының алғашқы тоқсанында оқушылардың нақты білім көрсеткіштері анықталып, сапа көрсеткішінің төмен екені белгілі болып отыр. Білім бөлімінің басшысы Айтжан Дауымованың мәліметінше, жаңа оқу жылының І тоқсанын 55 мың 135 оқушы аяқтаған. Білім сапасы – 55,47 пайыз, үлгерім көрсеткіші – 99,9 пайызды құрайды.

Биыл Орал қалалық білім беру бөлімі «Ұлттық ұстаз» онлайн академиясымен бірге «Басқарудың жаңа моделі» курсын бастады. Алты айлық курс аясында мектептердің басшылары өз ұжымымен бірге мектептердегі өзгерістер бойынша жобаларын дайындайды. Оған «Ұлттық ұстаз» онлайн академиясының сарапшылары консалтингтік көмек көрсетпек. Курс аясында жуырда бір топ білім саласы қызметкерлері оңтүстік астана мен бас қаладағы үздік мектептердің басқару моделімен танысып келді. Осы ретте курсқа қатысушы 35 мектеп бүгінгі күні миссияларын жаңартып, трансформацияға бет бұруда. Шара барысында «Ұлттық ұстаз» онлайн академиясының басшысы Гүлмира Қорғанбаева курстың мақсат-міндеттері, күтілетін нәтижесі туралы хабардар етсе, үздік мектептердің моделімен танысып қайтқан директорлар өздерінің басқаруындағы білім ұйымдарына жаңашылдықтарды енгізу бағытындағы жұмыстары туралы айтты.

Кездесуді қала басшысы Абат Шыныбеков қорытындылап, білім сапасын көтеруде жұмыстардың деңгейін арттыруды тапсырды. Білім саласындағы нормативтік құжаттар аясында салаға мемлекет тарапынан жасалып отырған міндеттемелердің ұйымдастырылуына тоқталды.

– Орал қаласының білім саласының қаржыландырылуы үш жылдың ішінде 20 млрд теңгеден 35 млрд теңгеге көтерілді. Жан басына шаққандағы қаржыландыру есебінен биылдың өзінде қаладағы мектептер 438 млн теңгеге материалдық-техникалық ресурстарын нығайтты. Білімді ұрпақ – кемел келешегіміздің кепілі. Сондықтан мемлекет осы бағытты қолдауға ерекше мән беріп отыр. Осы орайда жобалық жұмыстарды жүргізумен қатар бөлінген қаражаттың сұранысы болатынын ескеруіміз керек. Бұл – ең бастысы, білім сапасының дәлелденуі, – деді Абат Абайұлы.

Қазіргі заманғы мектептер – зерттеушілік, цифрлық, кәсіпкерлік, жасыл, тілдік бағыттарда жұмыстанады. Осы ретте оралдық білім ұйымдарының бағыттарын айқындауы маңызды орында. Абат Абайұлы әр бағытты жүзеге асырудағы мектептердің мүмкіндіктерін алға тартты, соның ішінде цифрлық бағыттың заман талабы екенін жеткізді.

– Биыл қала мектептеріне 94 жаңа кабинет алынды. Оның ішінде мультимедия, робототехника, STEM-лабораториялар бар. Оқушыларымыз осы кабинеттерде жұмыс істеп, нәтижесін көрсетуі керек. Әр мектеп өндіріс орындарымен байланыста болса маңызды. Мектеп жанындағы жылыжайлар, бақша үлескілерін дамытуда қаладағы жылыжай, бақ өсірумен айналысатын кәсіпкерліктердің тәжірибелерін алуы керек. Бұл баланың үйренуге қызығушылығын арттырады. Өнімдерді сатуға ұсынып, кәсіпкерлікке де бейімделуге мүмкіндік болады, – деген Абат Абайұлы әр мектептің мақсатына сай мерзімі көрсетілген жол картасы болуы қажеттігін ескертті.

Сонымен қатар бәскелестікті арттыруда білім саласына жеке инвестицияны тартудың, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектептерге игі іс жасауда түлектердің де қолдау жасауының маңыздылығына тоқталды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий