Рухани-адамгершілік тәрбиедегі отбасының рөлі

Отбасының қазақ халқының өмірінде алатын орны ерекше. Ондағы тәрбие тағылымдық, өнегелік қағидаларға негізделіп, ата-ананың балаға деген қатынасын анықтайды. Отбасының бірлігі оның мүшелерінің бір-біріне адамгершілік, ізгілік, сүйіспеншілік қасиеттеріне, қиянат жасамау, қамқорлық және өзара жауапкершілікке, түсініктері мен эмоционалдық жақындықтарына негізделеді.

Отбасындағы тәрбие мәселесін философия, психология, педагогика, демография, тарих және т.б. гуманитарлық ғылымдар аясында терең зерттеулер нәтижесінде бірнеше анықтамалар беруге болады. Философиялық тұрғыдан «Отбасы» дегеніміз – қоғамның ажырамас құрамды бөлігі, өмірде зор мәні бар шағын ұйым.

ҚР Конституциясында: «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың құқығы әрі парызы», – деп көрсетілген. Сондықтан әрбір ата-ана өнегелі ұрпақ өсуін тілеп, ұрпақ тәрбиесін отбасынан бастауы парыз. Ата-бабаларымыздың тәлім-тәрбиелік мұрасына зер салсақ, олар адамгершілікті, қайрымдылықты, мейірбандықты, сүйіспеншілікті, жауапкершілікті дәріптейді. Халқымыз баланы бесігінен рухани-адамгершілікке баулыған. «Үлкенді сыйла», «Сәлем бер, жолын кесіп өтпе» деген ұлағатты сөздердің астарында үлкен мән жатыр.

Адамгершілігі мол, ар-ұяты бар адамның бет-бейнесі иманжүзді, жарқын, биязы, өзі парасатты болады. Жас ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеу үшін олардың ар-ұятын, намысын оятып, мейірімділік, қайырымдылық, кішіпейілдік, қамқорлық көрсету, адалдық, ізеттілік сияқты қасиеттерді бойларына сіңіре білу – бүгінгі күннің маңызды бөлшегі. Баланың бойына жастайынан ізгі қасиеттерді сіңіре білсек, адамгершілік қасиеттердің берік іргетасын қалағанымыз. Адамгершілік – адамның рухани арқауы. Себебі адам баласы қоғамда өзінің жақсы адамгершілік қасиетімен, адамдығымен, қайырымдылығымен ардақталатыны хақ.

Жас ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеу дегеніміз – оларды жоғарыда айтылған мінез-құлықтың дағдылы ережелеріне үйрету. Отбасының басты тірегі, алтын діңгегі – бала. Бала – болашағынан көп үміт күттіретін, жан-жақты тәрбиені қажет ететін жеке тұлға. Ал баланың жеке тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, тәрбие берушілер ата-ана, отбасы, араласатын ортасы, жолдастары, тәрбиешісі, ұстаздары. Баланың бойындағы ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, басқа адамдармен қарым-қатынасы, мәдениеттілігі жанұядан алынады. «Ата көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер» деген қазақ мақалы тегін айтылмаса керек-ті. Сондықтан да отбасының, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі өте үлкен және маңызды екенін көреміз.

Ақын, ойшыл, ғалым, мемлекет қайраткері, әйгілі түрік ойшылы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасында өмір есігін енді ғана ашқан жас ұрпақты отбасында және қоғамдық ортада адамгершілікке тәрбиелеудің орны бөлек екендігі атап көрсетілген. Міне, сонда ғана әрбір бала ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ізгі қасиеттерді, әдеп ережелерін өз өміріне серік етіп өседі дейді. «Қоршаған әлеммен байланыстыратын бар жақсылық – ол менің отбасым», – деп ұстаз, ақын, ағартушы, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, Абай атамыз айтқандай әр бала дүниеге келген сәтінен бастап ес біліп, ер жеткенге дейін ата-анасынан үлгі алады.

ХХ ғасырдың жарық жұлдызының бірі де бірегейі Мағжан Жұмабаев келер ұрпақтың қамын ойлап былай деген екен: «Әрбір тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі. Әрбір ұлттың балаға тәрбие беру туралы ескіден келе жатқан жек жолы бар. Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан нақты жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті».

Қазақтың маңдайына біткен тұңғыш ағартушысы Ы.Алтынсариннің шығармаларында көтерілген басты мәселе – жастарды түрлі жақсы қасиеттерге баулу, жаман істерден арылдыру. Оның еңбектерінің бірінші беттерінен-ақ балаларды адамгершіліке, әдептілікке, ұқыптылыққа, тазалыққа, әділдікке, тапқырлыққа, мейірімділікке шақырған. Бүгінгі ұрпақ – ел болашағы. Отбасының және ұстаздардың алға қойған мақсаттары – қазіргі қоғам мұратына сай жан-жақты тұлға өсіру. Өсімдіктің күн сәулесі арқылы өскені секілді, жеке тұлғаны қоршаған ортадан тәрибені бойына сіңіруі. Күн нұры өсімдік тіршілігіне қандай қажет болса, тәрбие тұлғаның дұрыс өсіп жетілуіне соншалықты қажет. Ұрпағымызға дұрыс тәрбие бере алсақ, оның жан дүниесі дұрыс қалыптасады.

Әлемде өмір сүретін ұлттардың барлығы бала тәрбиесіне мән берген. Соның ішінде, қазақ халқы ерте кезден-ақ рухани-адамгершілікті жоғары бағалай білген. Отбасында жас ұрпақты кішіпейілдікке, ізеттілікке, инабаттылыққа тәрбиелуді мақсат еткен. Отбасының, қоғам тәрбиесі аналарға байланысты екеніне еркешке мән берген халқымыз қыздың көркімен ақыл-ойы, мінез-құлқына сай болуын қадағалаған. «Қыз қылығымен сүйкімді» деу арқылы, инабатты, ізетті қыздарды бүкіл ауыл-аймақ болып тәрбиелеген.

Ұлы ғұлама М.Әуезов: «Азамат қалыптастырамын десең бесігіңді түзе», – деп бекер айтпаса керек. Отбасында адамгершілік қатынастар негізі қаланады, ғұмырыңа жетер еңбек және әлеуметтік бағыт-бағдар түзеледі. Жоғарыдағы әңгіме арқауы болған тұжырымдарды жинақтаумен келесідей қорытындылар жасауға болады: отбасы жеке тұлғаның әлеуметтенуін қамтамасыз етеді. Қоғамның азамат мүшесі отбасынан бастау алады, қоғам келбеті отбасыдан көрінеді. Салт-дәстүрдің ұрпақтан-ұрпаққа жалғастығын қамтамасыз ететін отбасы.

Отбасы қызметі – азамат тәрбиелеу, патриот қалыптастыру, болашақ жанұя иегерін кемелдендіру және мемлекет заңдарын мойындау, қоғам азаматтарын жетілдіру. Өткеніңді білмей болашағыңды болжай алмайсың, бүгінгі ұрпақ өткен замандардан жинақталған ата-бабаларымыздың мол мұрасын сусындату – біздің басты міндетіміз. Ұлдың батыр, қыздың инабатты да ибалы болып қалыптасуы бабалармыздың өнеге-өсиетін оқу барысында ұтымды пайдалана білуімізге де байланысты деп ойлаймын.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев 2009 жылы халыққа Жолдауында: «…Дағдарыстар өтеді, кетеді. Ал, мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгі қалады», – деп тұжырымдағандай рухани-адамгершілік құндылықтарды өрістетуде отбасының рөлі ерекше. Отбасында күнделіті тұрмыс-тіршіліктің қалыпты жағдайлары жасалып, адамның мінез-құлқының негізі, сондай-ақ, еңбекке, қоғамдық ортаға, адамгершілік, идеялық және рухани құндылықтарға деген қарым-қатынасы дамып, жетіледі.

Демек, отбасы – адам өмірінде, оны жеке тұлға ретінде қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Ата-ана мен отбасының өзге мүшелері баланың жас және жеке-дара ерекшеліктерін ескере отырып, рухани-адамгершілік тәрбие берудің формалары мен әдістерін нақты жүзеге асыра білуі тиіс. Қоғамда рухани-адамгершілік тәрбие беру үдерісінде ұлттық және әлемдік деңгейдегі құндылықтарды өзара байланыстыра отырып, жеке тұлғаның бойындағы рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастырып, дамытудың мәні зор. Ал қоғамдағы адамгершілік тәрбиесі – адамгершілік сезімді, ұлттық сананы, парасатты мінез-құлық дағдыларын қалыптастырып, жетілдіруде жалпыадамзаттық құндылықтарды тиімді пайдалануға бағытталған жалпыадамзаттық тәрбиенің бір бөлігі. Сондықтан бүгінгі таңда оқу-тәрбие үдерісінің басты мақсаты – ақылды да әдепті, жан-жақты жетілген, адамгершілігі мол жас ұрпақ өкілдерін тәрбиелеу болып табылады.

Рухани-адамгершілік тәрбие мәселесінде баланы, ең алдымен, тек жақсылыққа – қайырымдылық, мейірімділік, ізгілікке тәрбиелеп, соны мақсат тұтса, ұстаздың, ата-ананың да болашағы зор болмақ. «Мен үш қасиетімді мақтан тұтам», – депті Ақан сері. Олар: жалған айтпадым, жақсылықты сатпадым һәм ешкімнен ештеңені қызғанбадым.

Марал ЖУМАБАЕВА,
«Өзін-өзі тану» Адамның үйлесімді дамуы
гуманитарлық колледжінің арнайы
пәндер оқытушысы, педагогика ғ.м.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий