Май ауданы кітапханашыларының Ақшиман ауылына сапары

Үстіміздегі жылдың қазан айының сәтті бір күнінде Павлодар облысы Май ауданының білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен мектеп кітапханашылары «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Ақшиман ауылына саяхат жасадық.

Жолшыбай Саты ауылдық оқругіндегі Түндік өзенінің жағалауында жерленген Ақбалық Хазірет кесенесіне тоқтадық. Май ауданың тумасы, жоғары діни сауатты, мешіт-медреселер ашып, ислам дінін насихаттап, таратқан Ақбалық Хазірет шамамен 1833 жылдары дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Әбділдә. Ташкенттің «Көкілташ» медресесінде 3 жыл оқып, Бұхардың медресесінде оқуын жалғастырды. Он екі пәнді түгел тауысқан діни білімнің ғұлама ғалымы болып шығады. 44 жасында Хазірет атанады.

Келесі аялдама – Ақшиман ауылының зираты. Бізді ауыл молдасы Қайрат Муратбекұлы қарсы алды. Қайса атамен жұбайы Бәтижамал апамыздың кесенесіне кезекпен кіріп, тәу еттік. Қайса ата (1888-1976 ж.ж.) Май ауданында дүниеге келген. Көзі тірісінде көріпкел болған кісі. Артынша Ақшиман ауылының «Қайса ата» мешітіне барып, аруақтарға дұға бағыштадық. Түскі ас ішіп, «Қалмаққырылған» тауына бет бұрдық.

 

Сонау 1756 жылы Олжабай батыр ат ойнатқан Баянауыл мен Ертіс өзені аралығындағы қазақ – жоңғар шайқасына куә болған Серектас таулары деген осы. Жауды жапырған жеңістен соң тау «Қалмаққырылған» деп аталғаны белгілі, яғни «қалмақтар қырылған жер» деп түсіну керек. Сапар барысында бізді осы ауылының азаматы, технология пәнінің мұғалімі, өлкетанушы Нұрбек Жұмаділов жетелеп отырды. Туған жердің тарихи құпиясына деген қызығушылықтың арқасында көнеден қалған құнды жәдігерлер жинаумен айналысады. Нұрбек аға бізге 16-17 ғасырларда қолданылған көне бұйымдарын да көрсетті.

Ақшиман ауылында 2009 жылы Олжабай батыр және ХVІІІ ғасырдағы қазақ-жоңғар соғысының батырларына арнап ескерткіш орнатылған. Ал 2014 жылдың шілде айында Май ауданында қазақ-жоңғар шайқасының ізі қалған «Қалмаққырылған» тауында Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының әртістері мен Май және Баянауыл аудандарының көкпаршылары ұлтымыздың айбынды перзенттерін сомдады.

Кітаптан оқып, кинодан көргеннен бөлек өзін көзімен көріп, қолымен ұстап, тарихи шежірелерге тұнып тұрған тастарды басу өзгеше. Бұл саяхат ерекше әсер сыйлаған түрлі сәттермен ұмытылмастай есте қалды. Туған жері мен елі туралы білімін жетілдіріп, сол арқылы Отанын сүйген азаматтық рухтағы ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, кітапханадағы өлкетану жұмысына көбірек көңіл бөлгеніміз абзал. Тарих таусылмайтын тақырып, олай болса, өлкетану ісі де жалғаса бермек.

Орынбасар ТЛЕУМОВА,
Көктөбе ЖОББМ кітапхана меңгерушісі,
Павлодар облысы, Май ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий