Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру – маңызды іс

Білім беруде мектептің басты міндеті – өзіндік ой- көзқарасын ашық айта алатын, өмірге бейім, қоғамда өз орнын табатын жеке тұлғаны қалыптастыру. Өйткені ХХІ ғасыр – бәсеке ғасыры осыны талап етуде. Әр тұлғаның ең басты функциялық сапалары белсенді, шығармашыл тұрғыда ойлай алатын, сеніммен шешім қабылдай алатын, кәсіби жолын таңдай алуға қабілетті және өмір бойы білім алуға дайын тұра алатын болуы қажет. Бұл функционалдық дағдылар мектеп қабырғасында қалыптасуы тиіс. Ол үшін оқушының функционалдық сауаттылығын  арттыру өте маңызды.

Бұл функционалдық дағдылар мектеп қабырғасында қалыптасуы тиіс. Ол үшін оқушының функционалдық сауаттылығын  арттыру өте маңызды. Функционалдық сауаттылық дегеніміз – адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына, жасына қарамай ілесіп отыруы және әр адамның өз мамандығын әрдайым жаңадан жаңаны тауып, ізденіспен жетілдіріп отыруы деген сөз.

Қазақстан Республикасының зияткерлік,  дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру оның әлемде әлеуметтік бейімделуі болып табылады. Зерттеулер нәтижесі бойынша білім алушылар көптеген әлем елдерінде білім беру бағдарламасының негізгі сатысын меңгеруді 15-жасқа толғанда аяқтауымен түсіндіріп отыр. Осыған орай, PISA халықаралық зерттеуі 15 жастағы білімгерлердің мектепте алған академиялық білімі мен дағдыларын түрлі өмірлік жағдайлар мен тиімді әлеуметтенуде қолдану қабілетін анықтауға бағытталған.

Мектебіміз бойынша PISA халықаралық зерттеуіне 15 жастағы оқушылардың оқу барысында алған білімдері мен дағдыларын түрлі өмірлік жағдайларда қолдана білу машықтарын кеңейту, алған білімін нақты бір оқу пәндерімен тікелей байланысты емес мәселелерді шешуде біліктіліктерін дамытып, өмірде кездесуі мүмкін проблемаларды шешуде жан – жақты болуына сенімділіктерін нығайту мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.

Осы бағытта  оқушылардың жалпы оқыту дағдыларының қалыптасуына ықпал етуде жауапты мамандар бекітіліп, олар bilimceter.kz сайтындағы PISA халықаралық зерттеуіне дайындық бойынша тест тапсырып сертификаттарына ие болды. Сонымен қатар облыстық білім басқармасының және АБББ-нің арнайы онлайн семинарларына да қатысып, жаңа ақпараттар алып, тәжірибе алмасудамыз. Оқушылардың тізімі жасақталды. Дайындық кесте бойынша сабақтар өткізіледі және bilimceter.kz сайтындағы кестемен де оқушыларымыз жұмыстанып, қосымша тапсырмаларды орындайды.

Мектеп психологі, пән мұғалімдері және сынып жетекшілерімен бірлескен жұмыс нәтижесінде ата-аналарға да ақпараттық оқыту семинарлары арқылы түсінік жұмыстары жүргізіліп отыр. Мектеп фойесіне, сыныпқа да ақпараттық бұрыш ұйымдастырылды. Ата – аналармен «PISA халықаралық зерттеуі туралы не білеміз? тақырыбында дөңгелек үстел оздырылып, онда оқушылардың  жаңа қоғамда тиімді қызмет етуін зерделеу бағытындағы тапсырмалар мазмұны, жалпы PISA зерттеуінің негізгі мақсат міндеттері туралы түсінік жұмыстары уақытылы жүргізілді.

Ата – аналарға білім алуда жақсы көрсеткіш көрсететін оқушы сабаққа белсенді қатысып, жақсы баға алады, алайда, кейбір балаларымыз мектептен алған білімдерінің қорытындысын  өз мүмкіндіктерінде көрсете алмайтындығы және де алған білімдері шешімдер мен іс-әрекет таңдауда тұлғаның дамыту қажеттеліктеріне сәйкес келмей де жататындығы турасында мысал, дәйектемелер келтіріліп, кеңейтілген түсініктер берілді. Яғни, ата-ананың борышы – бала бойына жас кезінен адами құндылықтарын дарытып, саналы өмір сүруге баулу.

Баласының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін мұғалімдерімен тығыз байланыс жасау керектігі, өз баласының ерекше қасиетін танып, түсініп қол үшін беруде,  қабілетін дамыту, бойына рухани құндылықтарды қалыптастыру үшін жағымсыз мінез-құлық, әдеттерден арылтуға көмек беруі керектігіне  баса  назар аударылды. Ата-ананың бойында да фукционалдық сауаттылық болуы тиіс деген қағидаға көз жеткізу үшін сауалнама жүргізіліп, мектеп  психологінің тренингтері ұйымдастырылып, заманауи тәсілдер арқылы зерделеу жүргізілді.

«География-биология, химия сабақтарындағы алған білімдерін өмірде қолдануда тапсырмаларды орындау жолдары» тақырыбында пән мұғалімдері Есенова Е.Х, Есенгалиева Р.С., Бисюкова А.А –ның өткізген тәжірибе алаңында тапсырмалардың мазмұны тарқатылып түсіндірілді. Функционалдық сауаттылықты дамыту – сындарлы оқыту теориясына негізделетіндігі, оқушы да өзінің оқуы үшін жауапты болып, назарға алынатын  келешегінің басым тұстары тапсырманың мысалдарымен дәйектіленді.

Оқушылардың қабілеттерін емес, ол оқу барысында меңгерген білімдері мен дағдыларын өмірлік жағдайларда қолдана білу ептіліктерін бағалауға бағытталған жұмыстар аясында оқушылармен «Біз бірлесіп шешеміз» атты өмірде кездесетін түрлі жағдаят тапсырмалары беріліп, шешу жолдары оқушылардың топтық ізденіс жұмыстарымен орындалса, сынып жетекшісі, психологтың қатысуымен «Сенімділік күш береді» тренингі арқылы өз ойлары мен білімдеріне сенімділік беретін бағалау тапсырмаларын орындады.

Сонымен қатар оқушыға қалай оқу керектігін үйренуді қалыптастыруға мән бере отырып,  соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни ойлай алатын, пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық танытатын оқушының моделін бірлесу арқылы қалады. Оқушылар уақытылы оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылық және ғылыми – жаратылыстану бағытындағы пәндерден апта сайын тапсырмаларды  орындап отыр.

Тоқсанның басында тапсырмаларды орындау деңгейінің пайыздық көрсеткіш аз болатын. Қазір тапсырмаларға дайындықтң  жан – жақты жүргізілуінің нәтижесінде көрсеткіш бірте-бірте көтеріліп келеді. Бұл жаңа ақпараттық технологияның тиімді тұстарының дайындыққа жан – жақты көрсетіліп жатқан мүмкіндігінің арқасында екендігі деп айтуға болады. Білім нәрімен сусындап, оның құпиясын аша білу – күрделі де қиын іс.

Алайда, біз баланың ойлау еркіндігін шектемей, жан-жақты ойлауына, шығармашылық қасиетін дамуына мүмкіндік беруіміз қажет. Әрбір адам ерекше, ешкімге ұқсамайтын тұлға.Сондықтан барлық ісіміздің де алға басуына жүйелі жұмыс қалыптасса, алынбайтын асу болмайды деп, сеніммен айта аламын. Күнделікті өмірде кәдеге асыруды үйреткен мұғалімдер саны артса, нұр үстіне нұр болар еді.  

Райхан Амантаевна ГИЗЗАТОВА,
Е.Ниетқалиев атындағы жалпы білім беретін
мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары
Альвина Рафхатовна РЫСПАЕВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий