Кітапхана – рухани өмір өзегі

Кез келген ұлттың болмысы, ой-санасы, алтын діңгегі мен тарихы, һәм тағылымы – ең құнды қазынамыз кітап парақтарында жазылады. Кітап оқи отырып, өн бойыңмен сондағы құнды деректерге бой ұсынып, кейіпкерлерімен етене араласып, бірде қуанасың, бірде қамығасың.

Қазақ халқының жазушысы Ғабит Мүсіреповтың «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», – деген даналық сөзінде «кітап – ұлтымыздың алтын сандығы іспеттес» деген ұғым жатыр емес пе…

Бүгінгі таңда өскелең жас ұрпаққа берілетін білім мен тәрбиенің шын мәнінде сапалы болуында алтын қазынамыздың алар орны ерекше екенін ескерсек, сол жас буынның жан-жақты терең білім алуымен қатар, патриоттық рухта тәрбиеленуіне, саяси түсінігін қалыптастырып, ғылыми, мәдени дәрежесінің дамуына әсер ететін бірден-бір әлеуметтік орын – мектеп кітапханасы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 22 қазанында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІV отырысында сөйлеген сөзінде мектептердегі цифрлық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ, оқушыларды пандемия кезінде компьютермен қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталып, мектептерде сапалы білім беруді қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті шаралардың біртіндеп қабылданып жатқанын айтып өткен болатын. Бұл ретте, Мемлекет басшысы отандық кітапханалар өздерінің ағартушылық рөлін жоғалтпай, заманауи талаптарға сай болуы тиістігін айта келе, мектепте білім берудің мазмұнына ерекше көңіл бөлді.

Баланың оқуға деген қызығушылығы, қоршаған ортаны кітап арқылы тануы мектеп қабырғасында қалыптасуы керек. Ал, кітапхана оқушының сол ынтасын оятып, оны қызықты кітап әлеміне жетелеуі қажет, – деді өз сөзінде Президент. Осыған орай, мектеп кітапханаларының кітап қорын жаңалап, толықтырудың аса маңызды міндет екендігін атап көрсеткен Президент тапсырмасына сәйкес 2020-2025 жылдарға арналған Білім беру ұйымдарының кітапханаларын перспективалық дамыту жөніндегі  Жол картасы әзірленіп, мектеп кітапханаларын қайта жаңғырту мен оқушыларды кітап оқуға баулу мақсатындағы республикалық «Оқуға құштар мектеп» жобасы өз жұмысын бастады.

Білім беру ұйымдары кітапханаларының қызметін жаңғырту  кезінде білім мен ғылымның тұрақты дамуы үшін жағдай жасау – Жол картасында көрсетілген іс-шаралардың басты мақсаты болып табылады. Оның өзектілігі – заманауи ақпараттық орталықтар ретіндегі кітапханалардың жұмысында түбегейлі өзгерістер енгізу қажеттілігі.

«Өзін-өзі тану» гимназиясының кітапханашысы ретінде «Оқуға құштар мектеп» жобасының тұсаукесерін басылым беттерінен оқып, жоба туралы әлеуметтік желілерден мәліметтер жинап, өз мамандығымның мәртебесімен мерейлендім. Кітапханашы Саяхимова Гүлжан Назарбекованың тәлімгерлігімен жоба бағдарламасы ұжым ұстаздарына кеңінен таныстырылып, жұмыс жоспары әзірленді. Бүгінгі таңда оқу залы мен абономент залы, кітап сақтайтын арнайы орын жайымен жабдықталған қоры бар гимназия кітапханасы өз оқырмандарын оқулықтармен, көркем әдебиеттермен толық қамтамасыз етеді.

«Оқуға құштар мектеп» жобасынан күтілетін оң нәтижелердің қатарында – білім беру ұйымдарында қызмет істейтін кітапханашылардың мәртебесі көтеріліп, қызметіне деген жігері мен кәсіби жауапкершілігінің жоғарылауы, мектеп бітірген жас түлектердің мамандық таңдауда кітапханашы мамандығына деген қызығушылықтарының артатындығы айқын. Жалпы кітап сүйер оқырман қауым үшін де, бала жасынан кітап оқуға құштар мектеп оқушысы үшін де бұл жобаның болашағы зор екендігі сөзсіз.

Олай болса, Президентіміздің «Білім бастауы – кітапхана» деген үндеуімен соны серпін алған «Өзін-өзі тану» гимназия ұжымы «Оқуға құштар мектеп» жобасының міндеттерін жүзеге асыруға әркез қолдау білдіреді.

Сандуғаш Нұрлыбекқызы ЕГІЗБАЕВА,
«Бөбек» ҰҒПББСО 
«Өзін-өзі тану»
гимназиясының кітапханашысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий