Ділмар: Жаңа үлгідегі дүбірлі дода

Жаһандану заманында алпауыт әлемге жұтылып кетпей, аз ғана халық ұлттық құндылықтарын сақтай  отырып қалай ұзақ өмір сүрмек?!. Иә, әрбір ұлт пен ұлыстың дамыған елдермен терезесі тең, мәңгі өмір сүруі үшін,әрине, білім-ғылымымен қатар, тілін, ділін, дінін, тарихын заманауи өмірмен байланыстыра отырып сақтап, дамытқан  жағдайда ұзақ өмір сүретіні даусыз.

Тіл – ұлт болып қалудың соңғы қамалы. Сол қамалды сақтап қалу – әрбір қазақтың қасиетті борышы. Сондықтан да ана тіліміздің мәңгі өмір сүруі үшін оның қадір-қасиетін арттыра отырып, өміршеңдігіне қол жеткізіп, сол арқылы келешекке біртұтас ұлт, рухы биік халық ретінде жол тарту қажет. Сан тараулы бұл жолда жас жеткіншектер ана тілін қадірлеумен қатар, тек жай сөйлеп қана қоймай, бір кездері аузымен құс тістеген бабаларымыздың шешендігінен үлгі алып, солар секілді терең ойлап, сөз маржанын теріп сөйлей алу дағдыларын жетілдіруі – аса қажет және өзекті.

Ұлы даланың сан тарау тағдырлы тарихы бай ауыз әдебиеті мен шешендік сөздері арқылы ұрпағына жетті. Теңіз тербеп, тереңінде шайқаған інжу-маржандай ғасырлар бойы халық жадында сақталып, көптің көкейіне орнаған, халық талғамын өтеген шешендік сөздердің жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор. Оны керекті жерінде жаңартып, жасартып, кәдеге жарату, әлденеше ұрпаққа жаттап жеткізу, сонымен қатар, ұлттық сөз өнерінің ұлылығын танытып, үнемі жадымызда жаңғыртып, болашаққа аманаттау– бәріміздің қасиетті міндетіміз.

Өйткені, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан: «елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды», – деген еді. Осы орайда, босағасынан аттап басқаннан қазақилықтың қанық дәмі сезілетін,  қазақы таным  мен  тағылымды  шәкірттерінің өнебойына  дарытқан, талай дарын, талай  дүлдүлдерді  түлеткен  білім  мен өнер ордасы, киелі қара шаңырақ – Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты жалпы білім беру ұйымдарының оқушылары арасында 2018 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Ділмар»  ІІІ республикалық шешендік өнер байқауын ұйымдастырды.

Жоғарыда айтылған оймен сабақтастыра отырып,  мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы ұлттық бірегейлікті сақтау идеясын жүзеге асыру және ел Тәуелсіздігінің отыз жылдығына орайластырылып ұйымдастырылған бұл байқаудың жалпы мақсаты – оқушыларды кітап оқуға, жан-жақты ізденуге, әсіресе, би-шешен, ақын-жыраулардың шығармашылығын оқып, одан терең ғибрат алып, өмірде қолдана алуға бағыттау. Осы мақсаттағы байқауға еліміздің 11 облысы, 3 қаласынан, Абай желілік мектептері мен Республикалық мектеп-интернатынан іріктелген 22 оқушы қатысты.

Сөз қадірін өз қадірі санаған, алқалы топта алқынбай сөйлеуге жараған, сұлу сөзден сайысқа арнап сыбаға дайындаған, облыстық кезеңнің жүлдегерлері қазылар алқасының төрағасы, белгілі диктор, «Құрмет» орденінің иегері Аманжан Еңсебайұлы аталарының ақ батасын алып, жеребе арқылы жұптасты. Республикалық деңгейде ұйымдастырылып ұлттық құндылықты дәріптейтін өзіндік ерекшелігімен мектеп оқушылары арасында қызығушылық тудырып  келе жатқан, биылғы оқу жылында 3-рет өткізіліп отырған «Ділмар» байқауы үш кезеңді қамтыды.

Бірінші кезеңде қатысушы сұрақ түрінде берілген тақырыптың қай бағытын («иә», «жоқ») қорғауды сайыс кезінде жеребе арқылы анықтайды. Бұл кезеңде тақырыпты нақты мәлімет, дәйекті дерек, мағыналы мысалдармен жан-жақты ашуы керек. Көркем тіркес, шешендік сөз, мақал-мәтел, нақыл сөздер қолдану деңгейі міндетті түрде ескеріледі. Екінші кезеңде екі қатысушы тақырып аясында бір-біріне кемінде екі нақты әрі ұтымды, өзекті сауал қоюы шарт. Сұрақтың тақырыпқа сай келуі мен өзектілігі, оған берілетін жауаптың қысқа, нақты әрі дәл болуы бағалаудың басты шарты ретінде қарастырылады.

Егер мүлдем сұрақ қоймаса, қойылған сұрағы тақырыпқа сай келемесе баға берілмейді. Сұраққа берілген жауаптың дәлдігі мен тапқырлыққа да баға қойылады.Үшінші кезеңде екі қатысушы 1-кезеңдегі өзінің ұстанымына қарсы бағытта пікір айтып, ой қозғап, тақырыпты қорытындылап, ұсыныс білдіреді. Сол арқылы қатысушының жалпы тақырыптың екі жағын қаншалықты терең әрі жан-жақты білетіні белгілі болады. Төртінші кезең – қорытынды кезең көрерменнің, тыңдарманның, сарапшылардың, сыншы сырт көздің қатысушыларға сұрақ қоюымен қорытындыланады.

Егер тыңдарман, көрермен тарапынан тақырыпқа сай келмейтін сұрақ қойылса –  қабылданбайды. Сайысқа қатысушының сұраққа ұтымды жауап беруі бағаланады. Шешендік сайысының басты ерекшелігі: қатысушы сұрақ түрінде құрылған тақырыптың екі бағытына, жалпы мазмұнына бірдей дайындалады. Бұл оның ізденуі мен білімін арттырады. Әр мәселені екі жағынан да қарастыра отырып, өз ой-пікірін, ұстанымын білдіріп, қорытынды шығаруға үйренеді. Қатысушының сөздік қоры байып, айтылған сөзі мен ойының көркемдік, дәлдік деңгейі, тақырыпты қысқа әрі нақты деректермен толық ашуы, өткір сауал қойып, нақты жауап беруге дағдылануы қалыптасып, шешендік қабілетін толық жетілдіруге жол ашады.

Дүбірі бөлек, қызық та күрделі сайысқа ұрпақ алдындағы жауапкершілігін сезінетін парасатты жандар:  ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Түркі дүниесі ақындары мүшәйраларының жүлдегері Дулетбек Байтұрсынұлы; академик, этнограф, қаламгер Ғалия Қайдауылқызы; ақын, ұстаз, ҚР Мәдениет қайраткері Серік Қалиев; Алматы қаласы бойынша «Өрлеу» педагог мамандардың біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы, доцент Зәуре Еденбаева әділ қазылық жасады. Талаптың тұлпарын тақымдап, аламан өтер алаңға жақындап, топтан озсам деп тықыршып тұрған таланттыларды шыңдайтын жарыстың екі тізгін, бір шылбырын «шешендік сөз өнері»бейіндік пәнінің мұғалімі, журналист, «Ділмар» үйірмесінің жетекшісі Жарқын Сәленұлы ұстады.

Ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов: «шешенге біткен қанат тауыққа емес, қыранға біткен талмайтын, самғайтын қанат болуы керек», – деп, биік талап қойған екен.  Жарқын ұстаз да осы талап үдесінен шыға білген, шәкірттерін барынша таза, қисынды сөйлеп, сауатты жаза  білуді үйретуге барын салып жүрген жандардың қатарынан. Бұл байқаудың  мазмұнды, қызықты, тартысты өтуіне ерекше атсалысты. Жаңа үлгіде, жекпе-жек түріндегі сайыста, жоғарыда айтылған кезеңдерде көрсетілген қатаң шарт бойынша,оқушылар «Тауып сөйлесең, мереке қылады, таппай айтсаң, келеке қылады», –  демекші, тауып сөйлеу, шешен сөйлеу мәдениетін, ойларын жоғары деңгейде, жүйелі жеткізу машықтарын, тапқырлықтарын, сөз жұмсау біліктіліктерін көрсетті.

Ұсынылған тақырыптар да оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай іріктелген, бір-бірінен өтетін мағыналы, өзекті. Ал, қазылар тарапынан әр жұпқа дер кезінде, қатал талаппен қарсы сұрақтар қойылып, ұсыныстар мен қолдау пікірлерайтылып отырды. Бұл  – қай кезеңдегі шешендіктің болмасын бәріне ортақ талаптары мен белгілері бар екендігіне қатысушылардың көзін жеткізіп, жоғары шешендік өнерді меңгеру үшін өз әрекетіне мақсат қоя білуге, оны жүзеге асыруға талаптану керектігін тағы бір мәрте ұғындыру еді.

Себебі бүгінгі қоғамда дұрыс сөйлеу, шешен сөйлеу әрекеті – адамның қоғамдық табысының критерийі, бүгінгі зайырлы қоғамның әлеуметтік және экономикалық өсуінің кілті… Сонымен, қазылар алқасының шешімі бойынша, оза шапқан от тілді, орақ ауызды бала ділмарлар ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің қолы мен мөрі қойылған дипломдармен және мектеп-интернат түлегі, кәсіпкер Аманжол Рысмендиевтің демеушілігімен ақшалай сыйлықтармен, қазына құт кітаптармен марапатталды.

Алғыс хатпен және қазылар алқасының авторлық кітаптарымен төмендегі қатысушылар марапатталды: Акбаров Нуржан (Қостанай облысы), Сатылхан Мадина (Шымкент қаласы), Шүкір Даяна (Ақмола облысы), Еркіналы Айкөркем (Ақтөбе қаласы), Абильбек Нұржан  (Алматы қаласы), Абдугалиева Мейрамгүл (БҚО), Қапан Аруана (ШҚО, Аягөз ауданы), Қалиқанова Дилназ (ШҚО, Абай ауданы), Алланиязова Зарина (Нұр-Сұлтан қаласы), Баймбетова Айкөркем (Абай атындағы РММИ), Қазыбек Жалғас (Абай атындағы РММИ).

Үшінші орынға ие болып, 20 000 теңге сый алған қатысушылар: Айтжанов Алмас (Нұр-Сұлтан қаласы), Жақсылықова Әмина (Алматы облысы), Бекбаулова Алуа (СҚО), Мадиева Айназ (Атырау облысы), Саматқызы Ақмаржан (Маңғыстау облысы). Екінші орын мен 30000 теңге сыйақымен марапатталған оқушылар: Үргенішбаева Нұрлыайым (Қызылорда облысы), Калдыбек Дилназ (Алматы қаласы), Қожымұқанов Рамазан (Абай атындағы РММИ). Жүлделі бірінші орынды (50 000 теңге) Болатбеков Бағжан (Алматы қаласы) мен Жанатова Асем (Павлодар облысы) өзара бөлісті.

Бас жүлдені (70 000 теңге) Абай атындағы РММИ оқушысы Наурызхан Шыңғыс қанжығасына байлады. Сөйтіп, бала ділмарлардың дайындығын сарапқа салған жаңа үлгідегі дүбірлі дода өз мәресіне жетті. Көңілге түйген ойымыз: қолма-қол туып, айтылатын, суырып салма жүрекжарды әділ сөздерге негізделіп, шығармашылық сипатымен дараланатын шешендік өнерді меңгеруге талаптанған, «болмаса да, ұқсап баққан», ел алдына шығып,  әжептәуір ысылған жастарды да, көпшілік алдында еркін  көсіле алмаған балаларды да көрдік.

«Асыл маржан ару мойнына, алмас қылыш ер қолына жарасатыны» сияқты, сөз асылы да өз орнында құнды болатындығына тағы да көз жеткізген және тапқырлығымен, шешендігімен көрінген қатарластарынан үлгі алып, қызыққан, тамсанған көрермен шәкірттерді, сайысқа баптаған  шәкірттерінің өнерін қадағалап, ой түйіп, өздері де сабақ алған ұстаздарды байқадық… Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Шешендер айтқан сөзі арқылы адамның ақылына қону жағын ғана көздемейді, сөз қанға, жанға әсер етіп, арбау сияқты адамның ойын да, бойын да балқытып, билеп алып кетуге ыждаһат етеді», – деп еді.

Осы ой үдесінен шығуға талаптанған, сайысқа қатысушы бала ділмарлардан болашақ дана ділмарлар шығары даусыз екеніне біз де көз жеткіздік. Сонымен қатар, «жаһандану заманында біз елдігімізді, мәдениетімізді, тілімізді сақтай аламыз ба?» деген сауалға, жоғарыда айтқандай талантты  шәкірттеріміз барда, «әрине, сақтай аламыз!» деген ойға да келдік. Сөз додасына қатысқан барша жүйріктіңалдағы талай бәйгелерден шашасына шаң жұқпай, озашауып  келеріне сеніп,«Ұлттық қазынаның қазаны ортаймағай, ел еңсесі биік, ұрпағы – ұлдары көсем де шешен, қыздары әсем де абыройлы болғай!», – деген тілек тіледік.

Роза Ербозымқызы СЕКСЕНОВА,
Абай атындағы Республикалық мамандандырылған
дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін
тереңдете оқытатын орта мектеп-интернат
директорының міндетін атқарушы, Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий