Дарын – олимпиадалық триумф баспалдағы

«Баламның ІQ деңгейін қалай арттыруға болады?..» Соңғы жылдары әр ата-ананы осы сұрақ жиі мазалап жүр. Тіпті өңірлерде ментальді арифметика, қисынды ойлауға үйрететін жеке орталықтардың да саны артқаны байқалады. Халықаралық олимпиадалардағы жеңістері оқушыларды ілгері жетелейтіндігі даусыз. Қазіргі қоғам болашақ білімдінің қолында екеніне көз жеткізе бастады. «Дарын» орталығы – олимпиадалық триумф баспалдағына айналды. Тәуелсіздіктің отыз жылында талантты жастардың жаңа шоғыры қалыптасты.

Қазақстанның білімі – брендке айналды.  Еліміздің білім беру жүйесінің алдында тұрған басты міндеттердің бірі – мемлекетіміздің өркендеуі үшін білім сапасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Келешек шынайы біліммен қаруланғандардың қолында. Инновациялық табысқа қол жеткізген және сол жетістіктерді өз халқының игілігі үшін пайдалана білетін дарынды жастарды тәрбиелеу-білім саласына қойылатын басты талап. Ғылым мен жаңа технологияларға негізделіп, жастардың дарындылығын мен білімін дамытуға  ден қойған мемлекеттердің жолы даңғыл болары сөзсіз», – деген сөзі өте орынды.

Осы мектеп кезден бала бойына білімге құштарлықты, еңбекқорлықты сіңдіру, оның қабілетін ашуда біздің ұжым қызметкерлерінің еңбегі орасан зор. Орталық ашылғалы бері 23 жылдың ішінде елдің өсіп өркендеуі мен оқушылардың жетістікке жетуінде үлкен жұмыс атқарып келеді. Ал осы нәтижелерге қол жеткізу үшін республикамыздың аумағында жүйелі жұмыс атқарып жатқан 17 орталығымыз бен 134 мамандандырылған мектептеріміздің желісінің орасан зор үлесін айта кетпеске болмас. «Дарын» РҒПО олимпиадаларды өткізуден бөлек, дарындылықты зерттеу бағытында ғылыми-жобаға қатысушы болып есептеледі.

Орталықтың тарихы. 1996 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолы қойылған “Дарынды балаларға арналған мектептерді дамыту және мемлекеттік қолдау көрсету” қаулы еліміздің аса қабілетті балалары және жасөспірімдерімен қарқынды түрде жұмыс жүргізудің бағдаршамына айналды. Ресми құжатты жүзеге асыру мақсатында ел Үкіметтің (24. 03. 1998 ж, №256) қаулысымен Білім және ғылыми министрлігі жанынан республикамызда дарынды балалармен жұмыс істеу жүйесін ұйымдастыратың “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығы құрылды.

«Дарын» РҒПО бүгінгі таңда коммерциялық емес мемлекеттік мекеме нысаны санатында. Дара құрылтайшымыз – ҚР Білім және ғылым министрлігі. Бірегей де ауқымды бағдарламаның шеңберінде салалық заңнамаға сәйкес дарынды балалар мен жастарды іздестіру, қолдау, тәрбиелеу және оқыту, сондай-ақ білім беру саласында өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін ресурстық қолдау көрсетеледі.

Тәуелсіздік жылдарындағы орталықтың ауыз толтырып айтар жетістіктері мол. Ширек ғасырға жуық уақытта дарынды балаларымыз 644 халықаралық олимпиадаларда ел намысын қорғады. Солардың ішінде дүниежүзілік ең беделді жеті олимпиадалардан (IMO, IPHO, ICHO, IOI, IBO, IOL, IGEO) 470 медаль иеленіп, абыройымыз асқақтады. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын IMO математикалық олимпиадасында біздің мемлекетіміз 110 мемлекеттің ішінен ең мықты отыз елдің қатарынан көрінуде.

Мемлекеттің болашағы мектебінде шыңдалады. Шәкірттер маңдай тері, табан етпен жинаған білімдерінің арқасында “Дарын” РҒПО-ы ұйымдастыратын байқауларда нәтижелерін көрсетеді. Ал, бұл жетістіктер жастардың өмірдегі ағарып атқан шуақты таңдай өмірлік бағдарын қалыптастырады. Дарынды балалар мен жастарды іздеу, тәрбиелеу, оқыту және қолдау жұмыстарын жүргізіп, оқушылардың академиялық білімі мен дарындылығын дамыту маңызды.  Басты мақсат: оқушылардың ақыл-ой қабілетін жетілдіру, шәкірттердің шығармашылық жеке дарындылығын дамыту, оқушыларды тәрбиелеуге, олардың жан-жақты дамуына үлес қосу.

Балаларды дамыту барысында әрбір оқушыға жеке жұмыс жоспары құрылады. Себебі, әрбір баланың бойынан дарындылықты таба білу қажет.  Одан бөлек психологиялық тесттер арқылы баланың интеллектуалды қасиеттертерін сараптап, оқушының бағытын таңдау бойынша ата-анамен сұхбат жүргізіледі. Бұл тиімді тетіктер орталық тарапынан ұйымдастырылатын олимпиадалық қозғалыстың үздіксіз дамуына әкеледі. Білім негізі бастауыш сыныптардан бастау алып, бірізділік пен сабақтастықты қажет ететіндіктен олимпиадаларды екінші сыныптан бастау мақұлданған. Біздің маңызды міндеттеріміздің бірі бәсекелестікке қабілетті жастарды дайындап, қоғамды жетелейтін көшбасшыларды шығару. Өз кезегінде олар еліміздің қарыштап дамуы мен әлемдегі қуатты мемлекетке айналуы үшін өз үлестерін қосатыны сөзсіз.

«Дарын» орталылығының құрылымы. Жүйелі түрде жоспарға сай жүргізілетін жауапты жұмыстардың нәтижесі ұжымның тікелей ішкі ынтымақтастығына байланысты. Бізде кәсібін жете меңгерген 35 қызметкер жұмыс жасайды. Біліктілігі мен ғылыми дәрежесі бойынша орталықтың қызметкерлері PhD докторанттары мен педагогика ғылымдарының магистрлері бар. Қажет болған жағдайда орталығымыз ғалымдарды, қоғам және өнер қайраткерлерін, жазушылар мен журналисттер, сондай-ақ университет оқытушыларын, мектептердің жаңашыл мұғалімдерін және халықаралық олимпиадалардың жүлдергерлерін ортақ іске жұмылдыруда.

Орталықта жеті бөлім бар болса, оның төртеуі салалық бағыттарды қамтиды. «Зияткерлік іс-шараларды ұйымдастыру және халықаралық ынтымақтастық бөлімі», «Дарынды оқушылардың жобалық қызметі және шығармашылық даму бөлімі», «Педагогикалық шеберлік және психологиялық қызмет бөлімі» , «Ақпараттық технологиялар және зияткерлік іс-шараларды цифрландыру бөлім» болып бөлінеді.

«Зияткерлік іс-шараларды ұйымдастыру және халықаралық ынтымақтастық» бөлімі республикалық және халықаралық деңгейдегі интеллектуалдық жарыстарды, олимпиадалық резервтің оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. Әлемдік деңгейде өршіген пандемия кезінде ұжымымыз барлық эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып олимпиадаларды өткізуде жаңа жүйе мен форматтарды тиімді қолданды. Бөлім енгізген жаңашылдықтардың бірі ретінде аралас форматта өткен республикалық олимпиадада «бір қатысушы – бір компьютер – бір камера» жүйесін атауымызға болады.

Сайыстардың барысында “Ustudy” орталықтарының базасын қолдану арқылы прокторинг жүйесін пайдаланған болсақ, республикалық ғылыми жобалар байқауына (РҒЖК) әлем елдерінде кеңінен қолданысқа ие болып отырған ZOOМ платформасын, ал республикалық жасөспірімдер олимпиадасында Oqylyk.kz платформалары сынды түрлі ақпараттық коммуникациялық технологиялар мен мүмкіндіктер пайдаланылады. Білім бәйгесіне қатысушылар ұсынған жұмыстардың сканерленген көшірмелері мен барлық сұрақтардың дұрыс жауабы орталықтың ресми сайтына жүктеледі.

Бұл жүйе қатысушылар өз ұпайларын бәсекелестермен салыстыруға мүмкіндік береді. Өз ұпайымен келіспеген қатысушы онлайн түрде апелляцияны электрондық пошта арқылы бере алады. Қазылар алқасы тексермес бұрын автоматтандырылған (компьютерлік бағдарлама) арқылы қатысушылардың жұмыстары шифрланады. Бұл мүмкіндік олимпиаданың әділ өтуін қамтамасыз етеді.

«Дарынды оқушылардың жобалық қызметі және шығармашылық даму» бөлімі оқушылардың түрлі ғылымдарға қызығушылығын дамыту үшін жағдай жасап, республикалық ғылыми-жобалар мен «Ақберен», жас тарихшылардың “Менің кіші Отаным”, “Зерде” республикалық зерттеу жобалары байқауларын ұйымдастырады. Бұл бөлім оқушылардың тікелей ғылыми зерттеу жұмыстарын, әдеби, көркем және музыкалық шығармашылығын жетілдіру аясында түрлі байқауларды ұйымдастырумен айналысады.

Әрі қазақ диаспорасының ерекше дарынды балаларын анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен  «Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» атты халықаралық олимпиадасын 18 жыл бойы өткізіп келеді. Доданың негізгі мақсаты қазақ диаспорасы балаларының қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, мәдениеті мен шетелде ұлттық тілін сақтау бойынша танымдық қабілеттерін дамыту болып есептеледі. Бұл ұжым барлық инновациялық жаңашылдықты олимпиаданың өткізіліуне енгізді. ZOOM бағдарламасы арқылы қазылар алқасы қатысушылардың өнерлеріне баға беріп, сұрақ қойды.

«Дарын» РҒПО олимпиадаларды өткізуден бөлек  дарынды жастарды оқыту барысында ұстаздардың біліктілігі мен білімін арттыру үшін әдістемелік сүйемелдеу жұмыстарын ұйымдастырады. Осыған орай, «Педагогикалық шеберлік және психологиялық қызмет» бөлімі еліміздің дарынды балалармен жұмыс бойынша педагог құзіреттілігін арттырып, «Үздік авторлық бағдарлама», «Педагогикалық идеялар фестивалі» байқауларына қоса «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» республикалық педагогикалық олимпиадасын, сондай-ақ педагогтердің құзіреттілігін арттыруға бағытталған семинарлар, тренингтер мен вебинарлар өткізеді.

«Бастауыш мектепте олимпиадалық және логикалық есептерді шешу тәсілдері»; «Математикадан олимпиада есептерін шешу жолдары»; «Қазіргі заман талаптарына сай мектепке дейінгі білім беру жүйесінің даму перспективасы»; «Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында гуманитарлық пәндерді оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдері»; «Мектепте IT-технологияларды оқытудың жаңа траекториясы» атты оқу-әдістемелік семинарлар жыл сайын әрүрлі тақырыптарда өткізіледі. Бұл бөлім дарындылықты зерттеу бағытында «Ғылыми-зерттеу жобасы: 2021-2023 жылдар аралығында дарынды және ынталы оқушыларды кешенді сүйемелдеу бағдарламасы» бойынша грант ұтып алды.

Осы жобаның аясында дарынды балаларға арналған мамандандырылған 134 мектептің ішінен жиырма бес білім ордасы эксперименттік болып іріктелді. Ғылыми зерттеу барысында осы мектептердің білім беру жоспарына психологтар мен педагогтердің жұмысында әртүрлі әдістер енгізіледі. Осы жоба арқылы педагогтер мен писхологтардың кәсіби шеберлігі артып, дарынды оқушыларды анықтау мүмкіндігі жақсарады.

«Ақпараттық технологиялар және зияткерлік іс-шараларды цифрландыру» бөлімі ақпараттық жүйелердің жұмыс істеу қабілетін қамтамасыз ету, ақпарат ағындарын оңтайландыру арқылы орталықтың тиімділігін арттыру, сонымен қатар «Информатикадан Еуразиялық олимпиада», «Ақбота» интеллектуалды олимпиадасы, «Кенгуру» мен «Bebras» халықаралық ойын-байқауын ұйымдастырады. 2020-2021 оқу жылында орталығымыз қашықтан олимпиада мектебі (Онлайн мектеп) бойынша жұмыс жүргізу арқылы қосымша білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету.

YouTube арнамызда 7-8 сынып оқушыларына арналған химия, биология, физика, математика пәндері бойынша қазақ және орыс тілдерінде екі жүзден астам бейне-сабақтар жарияланды. Онлайн мектептің бейне сабақтарына 12000 (он екі мың) астам оқушы қатысты. Оқу-жаттығу жиындары да онлайн форматта өткізілді. Бұл жұмыстардың барлығы ұжымның кез-келген инновациялық өзгерістерге бейімділігін, заманауи талаптарға сай қызмет атқаратындығының нақты дәлелі.

Болашаққа жоспар. Алдымызда тұрған стартегиялық жоспардың бірі бастауыштан жоғары мектепке дейін, сондай-ақ республикалықтан халықаралық дәрежеге дейін әртүрлі деңгейдегі олимпиадалардың арасындағы сабақтастық жүйесін қалыптастыру. Дарынды және ынталы оқушылармен жұмыс жасауда жаңа технологияларды қолдану. Әсіресе ауылдық жерде оқитын балалардың арасынан дарынды жастарды іріктеу, олардың білімге деген құштарлығын оятып, олимпиадаларға қатысу көрсеткішін жоғарлату. Дарынды балаларды ынталандыру мақсатында заманауи жобаларды іске асыру.

Білімгерлерге әр пәннен олимпиадаларға дайындық бойынша әдістемелік құралдар шығару, халықаралық олимпиадаларға әзірлік барысында оқу-жаттығу жиындарына іріктеу жүргізу мәселелерін талқылау үшін жаратылыстану-математикалық бағыттағы 6 пән бойынша қауымдастықтар құру жоспарлануда. 2024 жылы орталығымыз IBO биологиядан халықаралық  олимпиаданың (Advisory Board of International Biology Olympiad IBO) дайындық жұмыстары бойынша қадамдық жоспары әзірлеп, үлкен жобаны ұйымдастыруға дайын. 

Жаһандану дәуірі жинақылықты, ұқыптылықты, нақтылықты талап етеді. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының: «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамның идеалына айналуға тиіс», – деген сөзі білімді ұрпақтың бойынан табылар негізгі қасиеттер болуы керек. Орталықтың басты ұстанымы бәсекеге қабілетті жастарды жетілдіру болып табылады. Қазақстанның жарқын болашағы тек білімді жастармен ғана қалыптаспақ!

Тимур СЕЙТҚАЖЫҰЛЫ,
“Дарын” республикалық ғылыми – 
практикалық орталығының директоры

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий