ЕҰУ-да “Қазақстан Республикасы Конституциясының адам мен азаматтың құқықтары және бостандықтарын қамтамасыз етудегі рөлі” тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды

ЕҰУ-да елімізде «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл – бұл адамдар үшін жасампаздық уақыты» басты идеясы белгісімен өтіп жатқан іс-шаралар мен жобаларды іске асыру шеңберінде «Қазақстан Республикасы Конституциясының адам мен азаматтың құқықтары және бостандықтарын қамтамасыз етудегі рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Форумды Конституциялық Кеңес, Республика Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі Комиссия, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Сорбонна-Қазақстан институты ұйымдастырды. Адам құқықтары күніне және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған шараға Конституциялық кеңес өкілдері, жоғары оқу орындарының  ректорлары, заңгер-ғалымдар, заң саласындағы сарапшылар, сондай-ақ заң факультетінің оқытушылары, магистранттар мен доктранттар қатысты.

Басқосуда Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінің Төрағасы, з.ғ.д, профессор Қайрат Мәми, Қазақстан Республикасының Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі Комиссиясының Төрағасы, з.ғ.д, профессор Игорь Рогов, «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Басқарма Төрағасы-Ректоры, ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор Ерлан Сыдықов, «Академик Е.Букетов атындағы Қарағанды университеті» КеАҚ Басқарма Төрағасы-Ректоры, з.ғ.д., профессор Нұрлан Дулатбеков құттықтау сөз сөйледі.

«Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Басқарма Төрағасы-Ректоры Ерлан Сыдықов Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен халықаралық Адам құқықтары күніне арналған дөңгелек үстелді аша отырып, Қазақстан халқының өміріндегі осы айтулы оқиғалармен құттықтады.

– Екі маңызды күннің мазмұны да өзара тығыз байланысты, өйткені Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің мерейтойлық жылын мерекелеу адам құқықтарына, бостандықтары мен әл-ауқатына арналған басты идеяның аясында өтіп жатыр: «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы – бұл адамдар үшін жасампаздық кезеңі». Осы игілікті және жасампаз үрдісте Қазақстан Конституциясына жетекші рөл беріледі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті–Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Қазақстан Республикасының Конституциясы біздің халқымыздың тарихи тағдырды таңдауына айналды, – деді Ерлан Сыдықов.

– Бүгін жарияланған «ҚР Конституциясының адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудегі рөлі» тақырыбы өте өзекті және уақтылы, өйткені мемлекет үшін адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бірінші кезектегі маңызы туралы Конституциялық қағидаларды іске асыру контексінде Қазақстанды құқықтық, демократиялық және әлеуметтік мемлекет ретінде бекіту үдерісінде Ата Заңның рөлін ұғыну және талдау маңызды болып табылады,-деді ректор.

Сонымен қатар, дөңгелек үстелге қатысушылардың ұсыныстары  Қазақстан Республикасының одан әрі дамуына және гүлденуіне ықпал ететініне сенім білдіре отырып, құттықтау сөзді Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Қайрат Мәмиге берді. Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қайрат Әбдіразақұлы  БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы жеке адам құқықтарының халықаралық негізіне айналғанын және ұлттық Конституциялардың мазмұнына әсер еткенін атап өтті.

– Еліміздің тарихи даму үрдісінде биылғы жылдың алатын орны бөлек. Бір  аптадан  соң  ұлттық мереке келе жатыр. Тәуелсіз Қазақстанға отыз жыл болады. Егемендік пен адам құқығы тығыз байланысты және екеуі де мызғымас конституциялық құндылықтар қатарына жатады. Әрбір мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Біздің ел үшін осы құндылықтарды жүзеге асырудағы шешуші қадамдар Республиканың Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауымен 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған қолданыстағы Конституция аясында жүзеге асырылып келеді. 

Еліміз өз тәуелсіздігінің төртінші онжылдығына аттағалы тұр. Осы тұрғыда Конституцияның жасампаз әлеуеті әлі де көп. Олар алдағы уақытта да қосымша жүйелі заңнамалық және өзге де шаралар арқылы жалғасын табады деп сенемін, -деп түйіндеді сөзін Қайрат Мәми. Форум барысында з.ғ.д., профессор Қ. Мәмидің редакциясымен жарыққа шыққан «Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы» атты 2 томдық академиялық курстың тұсаукесері болды.

Басылымды таныстыра отырып, Қайрат Мәми оның Республика Тәуелсіздігінің отыз жылдығы дәуірлік датасына арналған сыйлық ретінде дайындалғанын атап өтті. Оның маңыздылығы Негізгі Заңға деген құрметпен, конституционализм идеялары мен қағидаларына адалдықпен анықталады. Бұл академиялық курс Тәуелсіз Қазақстанның жаңа конституциялық құқығының эволюциясын қорытады. Оқулықта Мемлекеттік Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде жинақталған конституциялық заңдылықты дәйекті түрде нығайту тәжірибесі барынша қамтылды, деп қорытындылады өз сөзін Конституциялық Кеңестің Төрағасы.

Академиялық курстың авторлық ұжымын Конституциялық Кеңестің мүшелері, Қазақстанның жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерінің белгілі конституционалист-ғалымдары құрайды. Дөңгелек үстел аясында Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың конституциялық негіздері мен кепілдіктері, құқық үстемдігі және азаматтық қоғам мәселелері талқыланды.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Н.Дулатбеков, Д.Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының ректоры Ө.Жалаири, М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті ректоры Т.Нәрікбаев, Қазақстан Республикасы Заң ғылымдары академиясының академигі Е.Әбдірәсілов, Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры М.Бәшімов баяндама жасады.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий